Жаңа жылдың әкелер жаңалығы мен жақсылығын әркім өз биігінен болжайтыны ежелден келе жатқан дағды. Ал тарихшылар қауымы үшін бұл рәсімнің орны тіпті ерекше. Біз артта қалған күндердің тарихы мен тәжірибесін қаперге салғанды әрқашан қалап тұрамыз. Тап сол тарихи құбылыс халық тағдырына бетбұрысты өзгерістер әкелген болса, үнсіз қалу тіпті мүмкін емес.
Бұл орайда, біраз тәжірибе де жинақталды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы Абылай ханның 300 жылдығын атап өткеніміз, 2014 жылы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының дүниеге келуі, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын төрткіл дүниеге паш етуіміз, әрқайсының сан алуан салиқалы іс-шаралармен, терең зерттеулермен көмкерілгені әрбір қазақстандық азаматтың жүрегі мен санасына игі әсер етпей қалмады. Патриотизмді қалыптастыру, тарихпен тәрбиелеу дегеніміз – осы.
Табалдырықтан аттаған 2016 жыл да тағзым етуге лайық оқиғалар легіне кенде емес. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттыққа ширек ғасыр толады, әйгілі Желтоқсан оқиғасына 30 жыл, Қазақстан Ғылым академиясының шаңырақ көтергеніне 70 жыл, ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толмақ. Осыдан тура 100 жыл бұрын Ресей империясының іргесін шайқаған, отарлау саясатының сұрқия бетпердесін жұлып тастаған сілкініс қазақ даласын аралап кетті. Ол – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі еді.
1916 жылғы ұлы сілкініс тақырыбы, бір қарағанда, патша заманында да, кеңестік жылдарда да аз қозғалған жоқ. 1916 жылғы 13 желтоқсанда Ресейдің IV Мемлекеттік Думасы жабық мәжіліс өткізіп, онда Саратов губерниясынан депутаттыққа сайланған, болашақ Уақытша үкімет төрағасы А.Ф. Керенский бұратана халықты қорғаныс ғимараттарын және соғыс жолдарын салуға жегу туралы жарлықтың орындалуына арнайы баяндама оқыды. Түркістан өлкесі мен Далалық облыстардағы оқиғаларға баға беруге тырысты. «События, которые сегодня мы должны обсудить, произошли довольно много времени тому назад, но последствия их сказываются до сих пор, и они будут еще очень долго сказываться в жизни не только Туркестана и Степных областей, но и всей России ... События эти, гг., не только внесли экономическое разрушение, не только нарушили спокойное течение жизни в огромных областях России, но они были соединены с жертвами, как со стороны русского, так и туземного населения», деген екен шешен. Сол заман үшін бұл аса батыл қадам еді. Баяндама барысында залдағылар ауық-ауық: «Позор», «Это варвары» деумен ашу-ызасын білдіріп жатыпты.
Тап күресі мен революцияларды бәрінен жоғары қойған кеңестік идеология 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін бір сәтке көзден таса қалдырмады десек, артық айтқандық емес. Оның 10 жылдығы, 20 жылдығы, 30 жылдығы ресми түрде тойланды. Ж. Аймауытов «Қартқожаны», М. Әуезов «Қилы заманды» жазды, 1939 жылы қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелді» экранға шықты. 30 жылдары Т. Рысқұловтың, С.Асфендияровтың монографиялық зерттеулері жарияланды.
Социалистік құрылыстың алғашқы 20 жылында ұлы сілкініс тарихы мен тағдырын зерделеуге мол олжа салғандардың бел ортасында Ораз Жандосов бар. Айта кетейік, О.Жандосов өз заманындағы интеллектуалдық әлеуеттің нағыз ошақтарын – Қазақстанды зерттеу қоғамын, жоғары оқу орнын, республикалық кітапхананы біліктілікпен басқарғаны ғылым әлеміне ене білгенінде жатыр. Аумалы-төкпелі саяси ахуалға қарамастан жас М.Әуезов пен Ә.Марғұланға үлкен сеніммен қарауы, А.Байтұрсыновтың, Халел Досмұхамедовтің, С.Асфендияровтың, Ә.Ермековтің ғылыми ізденістерін жоғары бағалауы, Т.Шонановпен бірге 1916 жылғы көтеріліс туралы естеліктер жинағын шығаруға талпынысы – бәрі оның зерттеушілік ой-өрісі кең пішілгенін айғақтайды.
О. Жандосов – Жетісу жеріндегі қарулы көтерілісті көзімен көрген тұлға. 1916 жылдың жазында ол 17 жастан асқан бала жігіт еді. Верный ерлер гимназиясында оқып жатты. Арада бар болғаны 10 жыл өткенде Қазақ өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісі О. Жандосов 1916 жылғы 22 шілдеде Жетісу облысы әскери губернаторының үйі алдында өткен жиынға қатысқанын, онда әскери губернатор Фольбаум сөз сөйлеп, қазақтар бекер наразылық танытып жатқанын, Ресейге бодандықты қабылдаған олар Қытай жағына өте алмайтынын, көтеріліс бастала қалса, орыс қаруы қолданылатынын айтқаны жайлы еске алғаны бар.
Болыстар мен игі жақсылар қатысқан сол жиында Фольбаумның астамшылығына наразылық білдірген қазақ жігіті: «Солдатқа алатын болсаңдар жерді қайтарыңдар», деп дауыс көтерген екен. Оны табанда тұтқынға алыпты. Соған қарамастан жоғарыдағы бастықтарына жағыну ниетімен Фольбаум генерал-губернатор Куропаткинге «Көңілі босаған шалдар менің етігімді сүйді әрі бұйрықтарым бұлжымастан орындалатынына сендірді», деген жеделхатын жолдайды.
1916 жылғы қасірет О. Жандосовқа қатты әсер етті. Партия-кеңес қызметіне араласа бастағаннан көтеріліс тарихын зерттеуге, оған қатысқандардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге, ұлтаралық қатынастарға кері ықпалын жоюға қолдан келгенше септесті. Мәселен, 1919 жылдың қаңтар айының 4-і күні Жетісу облыстық ұлт істері жөніндегі бөлім отырысында орыс Кузнецов дегеннің қырғыз азаматы Белек Солтанаевқа 1916 жылғы көтеріліске қатысқаны үшін қысым көрсететіні жайлы шағымды қараса, 29 қаңтар күні О. Жандосов Жетісу облатқару кеңесіне ұсыныс түсіріп, 1916 жылы Пішпек, Тоқмақ, Пржевальск уездерінен зорлықпен қоныс аударған қырғыздарды өз орындарына орналастыру мәселесін көтереді.
1916 жыл дүрбелеңіне қатысты О.Жандосовтың ғылыми көзқарасы 1926 жылға қарай толық жүйеленіп, баяндамалар, мақалалар, құжаттар жинау, іс қағаздары түрінде ресімделді. Сол жылы Қазақ Орталық Атқару комитеті арнайы комиссия құрып, көтерілістің 10 жылдығын атап өтуге кіріскен еді. Комиссия құрамына О.Жандосов та кірген болатын. Міне, осы комиссия атынан 1926 жылғы 11 шілдеде Жетісу облатқару комитетіне жолдаған хатында көтерілістің себептеріне патшалық үкіметтің жүгенсіздігін, отарлау мен қанауды, қазақтан жерді тартып алуды жатқызған. 1916 жылғы көтерілісті 1917 жылғы екі революцияның бастауы ретінде пайымдайды.
Қалың қауымды елең еткізген пайымын ХХ ғасыр соңында академик М. Қозыбаев айта алды. Оның пікірінше, 1916 жылғы көтерілісті революция мәртебесімен қабылдауымыз керек.
Қысқасы, қазақ даласындағы ұлы сілкіністің болмыс-бітімін анықтай түсетін қажеттілік күн тәртібінен әлі түсе қойған жоқ. Айталық, «Азияның оянуы» мәселесін ХХ ғасыр басындағы Қытаймен, Үндістанмен ғана дәйектей бермей, Алаш қозғалысымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісімен ажырағысыз байланыста қарастыратын уақыт келді. Сонда Қазақстан тарихы әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі екеніне көзіміз жете түседі.
Сталиндік саяси қуғын-сүргіннің, байларды кәмпескелеудің (1928 ж.), кулактар мен байларға қарсы күрестің (1930 ж.) заңсыздығын әшкерелеген комиссия жұмыс істегені белгілі. Ендеше, 1916 жылғы қасірет пен зорлықтың саяси-құқықтық бағасын беретін жұмысты неге қолға алмасқа? Мұнсыз ұлттық тарихты бұрмалауға бөгесін қойылмайды.
Көтеріліс отарлаушыларға қарсы бағытталғанмен қазақ қауымына да аз іріткі салған жоқ. Үш әлеуметтік топ ерекше көзге түсті: көтерілісті жақтаушылар, көтеріліске қарсылар, көтерілісті пайдаланып байлық жинағандар. Көтерілістің өңірлік ерекшеліктерін, ұлтаралық, дінаралық қатынастарға ықпалын идеологиялық боямасыз ашудың өзектілігі жоғары.
Ауыл буржуазиясы мен әкімгерлерінің, қазақ оқығандарының 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы ұстанымы, жеңісі мен жеңілісі, қуанышы мен қайғысы М. Әуезовтің «Қилы заман» повесінде суреттелгені белгілі. «Қилы заманның» ең соңғы сөйлемінде біз әлі тереңіне бойламаған құпия идея бар. «Жұртта қалған бұралқы иттей болып, ұлықтардың обозының артынан ере бермекке, тілмаштар қалды. Оспан мен Жебірбаев қалды», – деп аяқтапты повесті М. Әуезов. Бұл не сөз? Кеңестік қазақ зиялыларын әлі ізі суымаған тарих тағылымынан сабақ алуға шақырған ескертуі ме? Әлде тоталитарлық билік жүйесіндегі ұлт зиялылары орыс ұлықтарының айтқанына көніп, айдағанына жүретінін көрегендікпен болжағаны ма? Немесе Оспан мен Жебірбаевтан іргесі аулақ, туысы бөлек, ұлты үшін қызмет ететін жаңа буын зиялыларды даярлау міндетін күн тәртібіне қойғаны ма? Тіпті болмаса, қазақ халқының ендігі тағдыры Жебірбаев пен Оспандай бұралқылардың қолына түскеніне торыққаны ма?
Бұл ұлт-азаттық көтеріліс туралы ойланатын мәселе көп. Атқарылатын жұмыс та көп. Солардың үдесінен шыға алсақ, шындықтың шырайы кіріп, тот басқан ақиқатты ашып алуға болады.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры,
ҰҒА корреспондент мүшесі.