01 Қаңтар, 2016

Ертегі еліндегі мұз мүсіндер

1315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_1225 (2) ERA_2064 (1) ERA_6889+ (12)Жаңа жыл қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтарына, әсіресе, жас астаналықтарға ұмытылмас қуаныш сыйлап, мұз қалашығын тұрғызу дәстүрі бар. Бірақ соңғы жылдары Арқаның ауа райы күрт жылынып, бұл дәстүр кейінгі бірер жылда ұмытыла бастаған сияқты. Биыл Астана қаласының әкімдігі осы бас­таманы қайта жандандырып, елорданың әртүрлі аймақтарында төрт мұз қалашығын тұрғызуға шешім қабылдады. Алайда, игі бастамаға тағы да ауа райының күрт құбылуы қолбайлау болды. Желтоқсанда қар еріп, жаңбыр жауып, жер сарқыраған суға айналды. Соған қарамастан, мұз қалашығын тұрғызып жатқан шеберлер алған беттерінен қайтпады. Бұл ретте Астанада мұз қалашығын тұрғызу үшін Қытайдан арнайы шақырылған 70 шебердің өлермендігін ерекше атап өткен орынды. Олар қарапайым құралдармен үй орнындай алып мұз кесектерінен неше түрлі ертегі мүсіндерін жасап, олардың соңғы аптада Арқаны бусандырып жіберген жылымықта еріп кетпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Ең үлкен мұз қалашығы «Хан Шатыр» сауда орталығының жанында бой көтерді. Түрлі-түсті мұздан жасалған сәулет өнерінің небір көз тартар көріністері 2 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Биіктігі 25 метрді құрайтын еліміздің жаңажылдық бас шыршасы да осы мұз қалашығының ортасынан орын алған. Шырша түрлі-түсті фольга қағаздарымен оралған, шарлармен безендірілген, түңгі уақытта сан мың шамдары көз жауын алып, мың құбылады. Қалашық тұрғызылған мұз кесектері арнайы жабдықпен өңделіп, күрт еріп кету қаупінен қорғалады. Астанадағы төрт мұз қа­лашығын тұрғызған шеберлер 20 мың текше метр мұз және 30 мың текше метр қарды пайдаланып, неше түрлі ертегі кейіпкерлерін тұрғызған. Үлкен қалашық аумағында мұз айдыны, мұз төбешіктері, ертегілер мен мультфильмдердің кейіпкерлері, қардан тұрғызылған панно және басқа көз тартар кереметтер бар. Паннодан Астананың айтулы нысандарын көруге болады. Сонымен бірге, қала әкімдігі алаңында орналасқан мұз қалашығы да көркімен көз тартады. Қысқы қысқа мерзімді демалысқа шыққан оқушылар мұз қалашықтары аймағын сыңғырлаған күлкі мен толассыз шаттыққа толтыруда. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».