– Бүгінде тыныштық пен тұрақтылықтың бесігіне айналған еліміз есен-аман тағы бір жылды қарсы алды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев зор күш-жігермен мемлекетімізді жаһандық дағдарыс жағдайына қарсы амал-шарғыға жұмылдырды. Жуырдағы Жолдауында бюджеттік қызметкерлердің, дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбекақысын, қарияларымыздың зейнетақысын көтеретінін айтты. Бұл – осындай қиын кезеңде халықтың әлеуметтік жағдайына жасалған үлкен қолдау.
Дүние дүрбелеңге толы. Қай жаққа қарасаңыз да жарылыс, соғыс, қақтығыс, жанын шүберекке түйген босқын жұрт сынды жаныңды ауыртатын жайттарды көресіз. Франциядағы теракт, Сириядағы соғыс соның дәлелі. Отты ошақтар азаймай тұр. Құдай қосқан көршіміз Ресей мен түбі бір бауырымыз Түркияның арасындағы салқындық та геосаясаттың зілмауыр салмағын таразылай түскендей. Президентіміз парасатты пайымымен екі елдің арасында дәнекер болып жүр. Бітімгершілік миссиясының елімізге жүктелетіні де бекер емес. Біз бейбітсүйгіш елге, бітістіруші елге айналдық! Сондықтан, қаржылық дағдарыс, экономикалық қиындықтар бола береді. Ең бастысы, ел іргесі бүтін болсын дегім келеді.
Ескі жылға өкпе жоқ. Біздің Семей қаласындағы Абай атындағы театрымыз үшін табысты жыл болды. Өнер өңірімізбен бірге өрістеп, өркендеп келеді. Мысалы, биыл Абайдың 170 жылдық мерейтойына арнап Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиялық драмасын қойдық. Бұл спектакль 30 жылдан кейін қайта оралып отыр. 1975 жылы қойылған спектакль сахнада он жыл жүрген еді. Мен осы қойылымда басты образды 40 жыл бұрын ойнаған екенмін. 40 жылдан соң тағы да Абай бейнесін сомдадым. Ең басты жаңалық, Мемлекет басшысының қолдауымен шығыс өңірінде үлкен театр ғимараты салынды. Оның салтанатты ашылуына Елбасының өзі қатысып, шығармашылық ұжымға шабыт тіледі. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жергілікті авторымыз Айбек Төлеуханның «Керей хан-хан Жәнібек» атты шығармасын сахналадық. Бұл қойылым биыл қыркүйек айында Өскемендегі жаңа облыстық драма театрында өткен еліміздің театрлар фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Театрымыз елімізбен бірге ертеңгі күнге сеніммен қарап, алға қарай нық қадам басып келеді.
2016 жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Тәуелсіздік – ең ұлы байлығымыз. Мен үшін де бұл жылдың маңызы бар. Алла бұйыртса, сексеннің сеңгіріне аяқ басамын. Сондықтан, Тәуелсіздігімізді ұлықтайтын ұлы дүниелерді ұсынуда театр саласының да тығыз әрі жемісті жұмыс істейтін жылы болады деп сенемін. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Бекен ИМАХАНОВ,
актер, Қазақстанның
халық әртісі.