01 Қаңтар, 2016

Шынымен де өз шыны зауытымыз салынбақ

453 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Аймақтың ғана емес, тұтас республиканың экономикасына едәуір серпін әкелетін шыны зауытының құрылысы басталды. Бұл жоба Қызылорда облысында іске асуы да біршама кешеуілдеді. Оның да түрлі себептері бар. Ал құрылыс басталғаннан кейін де түрлі тосқауыл қоймақшы болғандар табылды. Дегенмен, бүгінде ештеңеге қарамай, жоба қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл не жоба? Қандай пайдасы бар? Енді аз-кем осы жайына тоқтала кетелік. Зауыт іске қосылғанда табақша шынылар шығара бастайды. Оның өнімі әртүрлі болмақ. Тіпті, ұялы телефонның бетіне қойылатын шыныға дейін шығара алады. Неміс технологиясымен салынатын зауыт барлық заманауи құрал-жабдықтармен қамтылмақ. Зауыттың бір күндік қуаттылығы 600 тонна шыны шығаруға жетеді. Яғни, бұл жылына 197 100 тонна табақша шыны шығады деген сөз. Зауыт құрылысына «Бәйтерек» холдингі де белсенді түрде атсалысып жатыр. Сонымен қатар, құрылыстың стратегиялық инвес­торы ретінде АҚШ-тың «Steward Engineers» компаниясы таңдап алынған. Аталған компания Қазақстанның инвестициялық қорымен бірігіп құрылыстың 20 пайызын қаржыландырып отыр. Ал қалған қаражатты «Қазақстанның Даму банкі» АҚ өтейді. Жобаның жалпы құны 52,1 миллиард теңгені құрайды. Осы арада «Steward Engineers» компаниясы зауыт толық қуатында жұмыс істегенге дейін қазақстандық мамандарды АҚШ-қа жіберіп, арнайы тағылымдамадан өткізуді ұй­ғарып отыр. Мұның өзі жер­гілікті кадрларға басымдық беруге үлкен көмек болмақ. Зауытқа қажетті шикізаттың 95 пайызы Қызылорда облысында өндіріледі. Атап айтқанда, кварц құмы, доломит, әк тасын өндіретін орындар дайын. Ал кальцилендірілген соданы өндіру үшін «Аралтұз» АҚ-пен бірлескен жұмыстар жасалып жатыр. Шыны зауытының құрылысы үшін Қызылорда қаласындағы индустриялы аймақтан 50 гектар жер бөлінді. Облыс бюджетінен онда инфрақұрылымдық жұ­мыстар жүргізілді. Айталық, газ, су желісі, телефон сымдары, автомобиль жолдары мен кәріз жүйелері толықтай жасалды. Техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттары толық дайындалған. Мемлекеттік сараптама жасалып, қажетті келісімдерге қол қойылған. Зауыт­тың жобасы мақұлданды. Бүгінде құрылыс жұмыстары бас­талып кетті. Кәсіпорын іске қосылғанда 300 адам жұмыспен қамтылады. Ал құрылыс жұмыстары кезінде 200 адам жұмысқа тартылады. Ең бастысы, қазірдің өзінде Шыны зауыты өндірген өнімді сататын нарық анықталып жатыр. Солайша, зауыт құырлысы аяқталғанға дейін өнімнің қайда, қалай сатылатыны да белгілі болмақ. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.