Сириядан Канадаға тағы да 1,8 мың босқын барады
300-ге жуық отбасы Бейрутқа көшіріледі
«Сирияның солтүстігіндегі шиит елді мекендерінен шамамен алғанда 300 отбасы көшірілетін болады. Оларды көшіру 4 қаңтардан басталады», деп хабарлады Рейтер агенттігі ресми көздерден алынған ақпараттарға сілтеме жасай отырып.
Қазіргі күні елдің солтүстік-батыс бөлігіндегі Идлиб провинциясындағы бейбіт тұрғындар осы өңірді басып алған қарулы жасақтардан зардап шегуде. Сондықтан мұндағы тұрғындардың бір бөлігі Түркия шекарасына дейін жеткізіліп, одан әрі Бейрутқа жөнелтілмек.
Осы агенттіктің тағы бір ақпараты бойынша Дамаскіден 30 шақырымдай жерде орналасқан Забадани қаласындағы көтерілісші тұрғындар Қызыл Крест ұйымының қолдауымен Бейрут әуежайына жеткізілетін болады. Сонан кейін олар Түркияға жөнелтіледі.
Бейбіт тұрғындарды көшіру жөніндегі келіссөздер осыдан бірнеше ай бұрын БҰҰ қолдауымен басталған болатын.
Қыркүйек айының соңында Дамаск қасындағы қалашықта үшінші рет әскери іс-қимылдарды тоқтатудың сәті түскен еді. Сирия әскерлері мен террорлық топтар арасындағы келіссөздерді жүргізуге Түркия мен Иран жағы араағайын ретінде қатысты. Тараптар арасындағы келіссөздер өз нәтижесін берді. Әскерилер Забаданиде қоршауға алынған көтерілісшілер мен олардың отбасыларына осы өңірден шығып кету үшін қауіпсіз дәліз ұсынбақ. Ал «Джебхат ән-Нусра» мен «Джейш әл-Фатх» қарулы жасақтары өздеріне жасалынатын осындай қолайлы жағдай үшін шиит елді мекендеріндегі тұрғындарды қауіпсіз жағдайда көшіруге гуманитарлық дәліз ашатын болады.
Осының алдында екі рет, тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында бейбіт тұрғындарды көшірудің және Идлибе елді мекенінен гуманитарлық көмек жеткізудің сәті түспеген еді. Өйткені, бұған терроршылар бөгет жасап, бейбіт келісімшарттарын бұзды.
Сириядағы шиит елді мекендерінің тұрғындары соңғы екі жылдан бері қоршауда қалып отыр. Мұнда 25 мыңға жуық адам апатты гуманитарлық жағдай деп есептелінеді. Олардың қатарында таяу маңайдағы қалалар мен ауылдардың тұрғындары да бар.
Қазіргі күні қаланы халықтан құралған жергілікті жасақтар қорғап тұр. Олардың қатарында шииттермен бірге сүнниттер де бар екен.
Бейжіңде газбен қамтуға шектеу енгізілді
Қытай астанасының үкіметі өнеркәсіптік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, офистік орталықтар және басқа да ғимараттарды газбен қамту мәселесіне уақытша шектеулер енгізді. Бұл жөнінде Синьхуа агенттігі хабарлады.
Агенттіктің хабарлауы бойынша бұған қытайдың CNPC компаниясының жұмысында импортты газды жеткізу жөніндегі кешіктірулер себеп болған. Ауа райының күрт бұзылуы осындай қолайсыздықтардың туындауына әсер еткен секілді. «Портқа келіп жеткен корабльдер ауа райының қолайсыздығына байланысты газды уақытында түсіріп үлгермеді», деп жазады агенттік Бейжіңнің муниципалдық үкіметінің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып.
Шенеуніктердің мәлімдеуінше бұл шектеу шарасы тұрғын үйлерге жылу беру жүйесіне ешқандай бір қатысы жоқ.
Синьхуа агенттігінің атап көрсеткеніндей, қазіргі күні астаналық билік органдары қаланың газбен қамту жүйелеріне көгілдір отынды беру ісін тезірек қайтадан қалпына келтіру жөнінде CNPC компаниясымен келіссөздер жүргізуде.
Бұл мәселе көп кешіктірілмей шешіліп, қаладағы газбен қамту қиындықтары жойылады деп күтілуде.
Бразилиядағы су тасқынынан 2000-нан астам отбасы өз үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды
Бразилияның оңтүстігіндегі Риу-Гранди-ду-Сул штатында ұзаққа созылған күшті жаңбырдан кейін су тасқыны орын алды. Осының салдарынан 2,2 мыңнан астам отбасы өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Бұл жайында Globo телеарнасы хабарлаған.
Телеарнаның мәліметтері бойынша елдің 12 муниципалдық штатында аталған табиғи апат салдарынан төтенше жағдай жарияланған. Соның ішінде ең ауыр жағдай елдің Аргентинамен шектесетін тұсындағы Уругвайана қаласында орын алған.
Өткен сенбіде Бразилия президенті Дилма Руссефф зардап шеккен аудандарда болып, табиғи апат салдарын жоюға федералдық бюджеттен қаржы бөлетіндігі туралы уәде берді. «Адамдар қалыпты өмір жағдайына неғұрлым тезірек қайта оралуы үшін федералдық, өңірлік және муниципалдық билік органдары өзара әрекеттесе отырып, жұмыс істеулері қажет. Біз қазір өте күрделі жағдайда қалып отырмыз. Өйткені, осы оқиғаның мерекелер кезінде орын алуы көңіл-күйге үлкен әсер ететіндігі анық», деді мемлекет басшысы.
Су тасқынына тек Бразилия ғана емес, сонымен қатар, Оңтүстік Американың Аргентина, Парагвай, Уругвай секілді үш елі ұрынып отыр. Бұларда су тасқынынан зардап шеккен адамдардың жалпы саны 160 мыңнан асып жығылады. Сонымен қатар, үздіксіз жаңбыр мен қатты желдің салдарынан 6 адамның қаза тапқаны мәлім болды.
Топтаманы дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».