07 Қаңтар, 2016

Қадыр жырының өшпес ғұмыры

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
фото Рафхат Халелов (457)Өткен жылы Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы салынып, пайдалануға берілгені белгілі. Республикада баламасы жоқ осы айрықша нысанның ашылу рәсімі кезінде Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, марқұм Әбіш Кекілбаевтың: «Мен ел-жұрт тарапынан жырларына ең көп сілтеме жасалатын үш асылды білемін. Бұлар ауыз әдебиеті, Абай және Қадыр» дегені де ұмытыла қойған жоқ. Қалай дегенде де, бүгінде Қадыр жырларының өлмейтін, өшпейтін ғұмыры басталып кеткені талас туғызбайды. 5-қаңтар Қадыр Мырза Әлінің туған күні. Егер көзі тірі болғанда ол бұл күндері өз ғұмырының 81 жылдығына аяқ басқан болар еді. Бұл күні ақын атындағы орталыққа облыс, қала зиялылары мен әдебиет сүйер қауымның өкілдері, қаламының желі бар, болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген жастар мен мектеп оқушылары көп жиналды. Олар поэзия пырағының рухын асқақтату аясындағы өз ойлары мен пікірлерін ортаға тастады. Қадыр ақынның жыр қазынасы – мейлінше бай қазына.Әрі рухани тұрғыдағы сұранысы мен бағасы ештеңемен теңесе бермейтін сирек қазына. Осы рухани қазынаның халық игілігіне жаратылуына, соның ішінде қазақ деген халықтың келер ұрпағы аттай қалап оқитын жәдігер-жырына айналуына атсалысу – бүгінгілердің парызы. Қадыр Мырза Әлінің туған күніне байланысты өткізілген сан алуан іс-шаралардың бел ортасында ақын атындағы орталықтың директоры Донеділ Қажымов пен ақын атындағы қордың төралқа мүшелері, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның және тіл-әдебиет жанашыры Мақсот Бергеннің болуы аманатқа адал­дықтың бір көрінісіндей әсер қалдырды. Сондай-ақ қазыналы Қадыр әлеміне одан әрі тереңірек көз тастауды көздейтін күннің өзі де Ақжайық аймағында 5-қаңтар деп белгіленді. Мұның арғы астарында да терең мән бар екені анық. Бұл күннің тағы бір қосымша баламасы – Қадыр Мырза Әлінің рухына арналған ашық есік күні делінеді. Бұл үрдіс келешекте батысқазақстандықтар үшін айнымас дәстүрге айналады деп сенгіміз келеді. ...Ақынның дүниеге келген күні аталған орталықта бір топ батысқазақстандық әдебиет және мәдениет саласының қабырғалы өкілдері қоғамдық қордың атынан Қадыр Мырза Әлі медалімен марапатталды. Сонымен бірге, әдебиет сүйер қауым мен көрермен назарына Қадыр Мырза Әлінің өмірі мен шығармашылық қызметіне ар­налған «Жырдың туын жық­паған» атты деректі фильм ұсы­нылды. Бұл туынды ақынның туған жері – Сырым аудандық әкімдігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Фильмнің авторы есімі Ақжайық өңіріне танымал тележурналист – Мұнайдар Балмолда. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ. Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.