Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласын оқи отырып, мен өзімнің бақытты елде тұрып жатқанымды барынша түсініп, айрықша толқыныс жетегінде болдым.
Қазақстан жастарының өкілі ретінде, тәуелсіз мемлекетпен қатар өсіп, жаңа қоғамның жетістіктеріне куә болған қыз ретінде өзімнің мойнымдағы жауапкершілік салмағын жете сезінемін және өзімнің қаламның, облысымның, тұтас елімнің гүлденуіне үлес қосуды армандаймын. Осынау абыройлы парызды орындауға күш саламын әрі замандастарымды ортақ істе бір сапта болуға шақырамын.
Біздің сүйікті Отанымыз самғау қадамдарымен жаҺандық құрмет назарында тұрғанын мақтан етемін. Әлемді сілкініске салған экономикалық дағдарысқа, табиғи апаттарға, экстремистік қимылдарға, ұрыс-жанжалдарға қарамастан еліміз үнемі алға басуда. Бізде мектептер, бала бақшалары, заманалық кәсіпорындар көптеп ашылуда. Еңбекақы, студенттердің шәкіртақысы үстемеленді. Біз, жастар білім алу, спортпен айналысу, басқа да шараларға қатысудың шексіз мүмкіндігіне иеміз. Сондай-ақ, республикамызда жастар мүддесін көздейтін «Дипломмен – ауылға!», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді.
Біз осы үшін Қазақстанымыз бен Президентімізді мақтан етеміз. Өйткені, Елбасы орасан зор Отанымыздың бейбіт өмірін қамтамасыз етіп, көп ұлтты шаңырағымыздың шырайын аша түсуде өлшеусіз еңбек етіп, көрегендік саясатынан ешқашан тайған емес. Мен Елбасымызды толық қолдаймын және замандастарымды Ұлт Жоспарын, онда көрсетілген маңызды реформаларды бірлесе жүзеге асыруға, сондай-ақ, алдымыздан ашылғалы тұрған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға үндеймін. Өткен, 2015 жылы біз елеулі мерекелерді биік деңгейде атап өттік. Ал, 2016 жыл – «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» ұранымен ұлағатты істерге жол бастап отыр. Қазақстан жастары бұл орайда да жарқын бастамаларымен ел мақтанышына айналатынына сенемін.
Елбасының мақаласында Қазақстан дамуының негізгі бағыттары айқындала көрсетілді және олардың барлығы халқымызға қызмет жасайтын болады. Сондықтан, осынау жалпыхалықтық ортақ міндетті орындауға екпінді үн қосу жастардың асыл борышы деп санаймын. Біздің әрқайсымыз мақсат жолындағы 100 нақты қадамды бастау арқылы еліміздің қуаттануына қарай 100 қадам жасайтынымыз айқын!
Гүлім БЕГАЛИНА,
Көкшетау қалалық жастар
ресурсы орталығының директоры.
Ақмола облысы.