«Егеменге» шыққан Елбасы мақаласын оқып шықтым. Мақала «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деп аталыпты. Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және еліміздің өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз деген сөздер, әрине, мақаланы оқып шыққан әр қазақстандыққа ой салуы керек деп ойлаймын. Бұл мақала – халыққа арналған Жолдаудың жалғасы ретінде тағы да еліміздің ертеңін, даму жоспарын анықтап беретін маңызды саяси құжат. Бұл Ұлт Жоспары қазақстандықтардың дамуы мен еліміздің болашағына арналып отыр.
Біріншіден, «Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды. Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Білім беру үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі», делінеді мақалада. Бұл сапалы білім және батыл реформалар арқылы әлемнің 30 дамыған елдер қатарына еліміздің енуі, ғылым және экономика, тұрақты қарқынды дамып келе жатқан нарық құру деген сөз.
Кезінде Алаш зиялылары: «…Жұрт ісінен кімге де болса жұмыс табылады. Әркім әлі келетін жұмыс алсын. Жадымызда болсын. Аз нәрсе көпке сеп болмақшы», деп үндеу тастаған еді. Бұл сөз – бүгін де өзекті.
Кез келген интеграция алдымен білім, ғылым, интеллектуалдық бәсекелестіктен шығады. Бәсекелестік талабына сай білім беру мен ғылымды игерудің заманға лайық үлгісі, жастарды тәрбиелеудің мемлекеттік тұжырым мен ұстанымдар «Қазақстан-2050» стратегиялық жоспарында бар. Елбасының ұсынысымен қабылданған «Нұрлы Жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары осы маңызды стратегияны жүзеге асыруға бағытталған. Біздің университет үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасына мамандар даярлайтын 10 жоғары оқу орнының қатарына қосылды. Сапалы білім беру үрдісінде еліміздің экономикасын дамытуға, болашақ жас маманды жұмысқа алдын ала орналастыру, бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру бағытында жұмыс жасаудамыз.
Екіншіден, көптілділіктің болашақта жастардың мәдени деңгейінің көрсеткішіне айналатынын Елбасы үнемі айтады. Бұл осы мақалада да айтылды. Университетте тілдерді үйрету оқу орталығы ашылды. Әрбір студент оқу орнынан патриот ретінде, Отанын, елін сүйген маман болып қалыптасып шығуы тиіс. «Мәңгілік Ел» идеясы міне, осы үшін қажет.
.Яғни, тек қана экономикалық мақсатта әлемдік қатарға қосылу емес, ең алдымен, білім беру және саяси даму арқылы көрінуіміз қажет. «Кез келген елдің беріктігі ең алдымен мораль, білім беру және мәдениеті жоғары деңгейімен анықталады», деп Елбасының бұл сөздерді жиі қайталайтыны да сондықтан. Мақалада аталып өткен 59 заң еліміздің игілігі үшін қабылданды. Елбасының мақаласында бес реформаның әрқайсысына жан-жақты талдау жасалып, іс-қимыл бағдары айқындалды. Бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу арқылы салықтық және кедендік әкімшілік жүргізуді жақсартуға бағытталған шаралар іске асады.
Үшіншіден, мемлекет функциялары бәсекелес ортаға және жергілікті өзін-өзі басқаруға беріледі. Елбасы айтқандай, қазір бізге сөзден іске көшіп, жұмыс жасау керек, орындалу нәтижесін күту қажет. Экономика ғана емес, енді мемлекетті, қоғамды, ортаны жаңғырту идеяларын қолға алуға көшкеніміз дұрыс болды. Реформалардың орындалуы үлкенді-кішілі басшыларға байланысты. Алдымен патриоттық сезімі күшті, ана тілін құрметтейтін, рухани бай, күнделікті өмірде не болып жатқанынан хабардар мемлекеттік қызметшілер керек бізге.
Жұмабек ОМАРОВ,
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы.
ПАВЛОДАР.