Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл басындағы бұл мақаласы, өзі атап өткендей, 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңімен тұспа-тұс келді. Мен осы мақалаға орай бүгінгі күнгі әлемдік дағдарыс себептері мен факторлары аясында әңгіме қозғағанды жөн көрдім. Ең алдымен, басты реформалардың негізгі идеясы оңшыл-либералдық қағидатқа құрастырылғанын атап өтуге тиістімін. Кезінде белгілі бір жағдайларға байланысты, яғни мұнайдың қымбаттауына қарай елімізде еңбек өнімділігінен еңбекақы озып кеткенінің куәсі болдық. Бұл халықтың тұрмыс-жағдайын көтерді. Бірақ, бұл сәйкессіздік болашақта халықтың тұрмысын жақсартса да, нарықтық қағидаттарға қайшы келді. Сондықтан да ол болашақта кері әсерін беруі тиіс еді.
Міне, құрылымдық реформалардың керектігі осы кезде туындады. Айталық, біздің елде монополизация жоғары биік деңгейде болғандықтан да оны жоюға құлшындық. Екіншіден, мемлекеттік сектор өлшемі де тым биікте тұрды. Ал осы тұста еліміздегі жекеменшік сектор 40-ақ пайыз екен. Президентіміз АҚШ-та жекеменшік сектор 90 пайыз жағдайында екендігін, ол елдің қалай дамығанын сан рет мысал етіп айтып та жүрді. Сондықтан да, мемлекеттік сектордың үлесін қысқартып, жекеменшік секторды көтеру Елбасының көздеген мақсаты саналды. Тағы бір фактор – экономикалық бәсеке көтеріліп, нарықтық қоғамның негізгі қағидаттарының бірі ретінде күшеюі тиісті болатын. Бұл орайда құқықтық реформаларды жүзеге асырудың мәні орасан зор еді. Атап айтқанда, сот реформасын жасап, бірқатар кодекстерді жүйелі түрде нарықтық қағидаттарға сәйкестендіріп жаңғыртып шықтық. Жеке адамды қудалаудан сақтау, екіншіден, жекеменшікті қорғау, үшінші – бизнесті дамыту және оның дамуына кепілдік беру қағидаттары орнықты. Осы бағытта Азаматтық кодекс, Іс жүргізу кодексі, Қылмыстық кодекс жаңғыртылды. Бұл кодекстерді Батыс құптады және оны нарықтық қағидаттарға сәйкес деп тапты.
Бұған дейін Қазақстанда «Жергілікті өзін-өзі басқару» реформасы жасалған, ол жергілікті мәслихаттың депутаттарына әкімдіктегі кейбір тиянақсыз қызметкерлерді қызметтен тайдыру құқын берді. Онда әкімдерді қадағалау мәселелері де қарастырылды. Тағы бір маңызды бағыт – дәл осы арада саяси реформа қарастырылмады. Бұл бір жағынан дұрыс та еді, өйткені, мұндай бағытта саяси реформа күш алса, алдымен әлеуметтік-экономикалық реформалар жасалуы тиіс, ол тиянақтылыққа кепілдік береді.
Осы арада қазіргі кезеңдегі елімізге қатысты теріс факторларға тоқталмаса және болмайды. Біріншіден, Ресейдің таяу арада реформа жасайтын ойы жоқ. Қазір Ресей валюта «соғысы», тауарлық интервенция, «қырғи-қабақ соғыстың» ортасында. Төл валютасын құлатты, ол бізге әсер етті дегендей... Ресей санкциялардың астында, бұл да біздің дамуымызға белгілі бір дәрежеде кері әсерін тигізіп келеді.
Сонымен бірге, оң факторлар да жоқ емес. Қытайдың «Жібек жолы» бағдарламасы бізге белгілі бір деңгейде экономикалық септігін тигізуде. Солардың есебінен біз қарым-қатынастың күре жолын саламыз. Қытай қазір бізге сенімді инвестор ретінде өзін танытты. Мұндай құбылыс Батыстың да қабағын ашуда.
Енді неғайбыл факторларға тоқталайын. Ол бүгінгі әлемді елеңдеткен әсіре исламшылдық фактор, оның тағдыры мен ақырының қалай боларын біз әлі білмейміз. Иран факторын да осы санатқа енгізуге болады. Тағы бір неғайбыл фактордың ішіне Украинаның жағдайын, Сириядағы бүгінгі ахуалды кіргізер едім. Біз қазір мұнайдың бағасын білмейміз, көтеріле ме, төмендей ме, ол да – неғайбыл...
Демек, бүгінгі күннің әлемдік талаптарына сай бізде баламалы мәселелер бар, реформалар жасалып жатыр. Яғни, соған қарамастан, біздер, бірқатар факторларды үнемі есепке алып отыруымыз керек. Өз басым Президенттің жаңа жылдағы алғашқы мақаласы осындай ғаламдық факторларға нақты жауап деп санаймын.
Әзімбай ҒАЛИ,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор.
АЛМАТЫ.