09 Қаңтар, 2016

Алдымызда жауапкершілігі зор міндеттер тұр

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,Елбасымыз Н.Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында елімізді бүгінгі күрделі жағдайлардан ауыр салдарсыз алып шығып қана қоймай, әрі қарай дамытуға байланысты нақты тапсырмалар беріп, бағдарламаларды қандай мерзімде және қалай орындаудың тетіктеріне дейін көрсетті. Президент биылғы жылдың 30 қарашасындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында адам факторын бірінші орынға қойды. Әсіресе, ол жастар болашағына ерекше назар аударып, қазірден бастап талмай еңбек ету керектігін баса айтты. «Кең байтақ еліміздің қай аймағында, қандай жұмыс болса да қорықпай, сонда барып жұмыс істеу керек, – деді Елбасы. – Жастарымыз өздері таңдаған мамандықтың шынайы шебері болуы тиіс. Егер өз саласының шын шебері болуға талпыныс жасаса, жұмыс та, қызмет те табылады». Сондай-ақ, Н.Назарбаев Жолдауда: «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да міндетті түрде кәделеріңе жарайды», – дегенді қадап айтты. Расында да ерен еңбек пен маңдай тер арқылы өмірден лайықты орын алуға болатынын дана халқымыз сан ғасырлар бойғы тәжірибесінен көріп-біліп келеді. Осы ретте өзімнің еңбек жолымды туған жерім – Қарағандыдағы шахтада қарапайым жұмысшы, шахта қазушысы болып бастағанымды ыстық ықыласпен еске аламын. Жолдауда, сонымен бірге, 2017 жылдан бастап елімізде кәсіптік-техникалық білім алу үшін қосымша гранттар бөлініп, тегін білім берілетіні туралы айтылды. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы жұмысын бастайтын болады. Егемен еліміздегі Елбасымыздың бастауымен жүзеге асырылу үстіндегі түбегейлі реформалар мен жүргізіліп жатқан қыруар істердің барлығы жастар үшін, еліміздің болашағы үшін жасалып жатқаны – бүгінгі күннің шындығы. Жолдаудағы Елбасының берген тапсырмалары «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасындағы міндеттермен тікелей байланысты. Жолдау арқылы Үкіметке де, Парламентке де, облыс пен қала әкімдеріне де нақты тапсырмалар берілді. Алдағы жылы елімізде атқарылатын міндеттер осы Жолдау арқылы жүретін болады. Айтылған реформаларды жүзеге асыру үшін Парламентте қажетті негізгі заңдар қабылданды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Алдағы келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын боламыз!» – дегенді нық сеніммен айтты. Көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаев тағы да өзі бас болып, көрегендік танытып, барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықпен жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды. Елбасымыз өз Жолдауында біздің бірнеше құнды­лықтарымызды да атап өтті. Біріншіден, тәуелсіздігіміздің тұғырын нық етіп, биікке көтеру, екіншіден, елдің мұраты үшін адал еңбек ету, біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін тынбай еңбектену, үшіншіден, осының барлығын келешек ұрпақ мүддесі үшін жасау сияқты Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруда әрбіріміздің алдымызда жауапкершілігі зор міндеттер тұр. Мұхтар АЛТЫНБАЕВ, Парламент Сенатының     депутаты.