Мемлекет тарихында ерекше бір кезеңдер болады. Мұндай уақыт елдің болашақтағы дамуында шешуші рөл атқаруы мүмкін екені белгілі. Қазіргі кездегі сырттан келген дағдарыс әсері қазақстандықтарды да сын тезіне салып тұр. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан дағдарыстың отандық экономиканы аз шарпуын қамтамасыз ету үшін барлық іс-шаралар қолға алынып келеді.
Бұдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет алдында тұрған сын-қатерлерге жауап беретін Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жариялаған болатын. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы әлемдік деңгейдегі дағдарысты еңсерудің жолдарына арналды.
Биылғы Жолдау біздерді, біріншіден, «қиындықты Құдай салды, мен көндіммен» еркін, саналы түрде қабылдауға, екіншіден, қабылдай отырып, еңсені түсірмей, биік рухпен қиындыққа қарсы тұрып, жеңіске жетуге психологиялық тұрғыдан жұмылуға шақырады. Өйткені, аз уақытта жоқтан бар жасап, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарынан ойып орнын алуға жігері жеткен елде қалайша дағдарыс болуы мүмкін, дағдарыс біздің санамызда сияқты. Сол себепті де Елбасы «Нұр Отан» партиясы мүшелеріне, басқа да саяси партияларға, үкіметтік емес ұйымдарға жағдайды түсіндіру жұмыстарын тиянақты жүргізуді жүктеп отыр.
Шынында да біздің ғасырымыз – психологиялық тұрғыдан мықты адамдардың ғасыры. Әлемдегі беделді сарапшы орталықтардың бірі саналатын Стэнфорд университеті ғалымдарының зерттеуінше, адамдардың 95 пайызы өмірдің негізгі қағидаларын естиді, түсінеді, келіседі. Бірақ қажетті ішкі сезімдерінің жетіспеушілігіне байланысты өмірде қолдана алмайды екен. Осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізген ХХ ғасырдың белгілі психологы Зиг Зиглар: «Бұл мәселені шешудің бір жолы – басқа адамдардың тәжірибелері арқылы өз қажеттілігіне қол жеткізу», дейді. Ал танымал зерттеуші-ғалым Джон Максвелл: «Көп адамдардың жетістіктерге жете алмауы, кімдердің соңына ілесуді білмейтіндігінде», деп көрсетеді. Ұлы Абайдың да «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп жырлауы бізді адамзаттың оң тәжірибелерінен бой тартпауға шақырғаны деп білеміз.
Елбасы да үнемі әлемдік дағдарысты еңсеру мүмкіндіктерін саралап, кез келген қиындықтың әркімге арналған жетістікке жетудің жаңа баспалдағы деген көзқарасты ұстанып келеді. Ал Қазақстан үшін бұл қиындықты еңсеру соншалықты ауыр дей алмаймыз. Себебі, елін сара жолмен бастап келе жатқан басшымыз бар. Біз Елбасының 25 жыл бойы қолданып жүрген болашаққа сеніммен қарау, кез келген жағдайдан мүмкіндіктер табу сияқты ерекше қасиеттерін үйренуге және жүзеге асыруға мүдделі болуымыз керек.
Кезінде, 2009 жылғы Жолдауында «уақыт өтеді, содан кейін біз осы дағдарысты да еңсергеніміз туралы айтатын боламыз» деп сабырға шақырған салиқалы сөзі бүкіл қазақстандықтарға жігер беріп, үлкен жетістіктерге жеткенімізді ұмытқан жоқпыз. Сөйтіп, билік пен халық арасындағы сенім арта түсіп, еліміз жаңа белестерді еңсеруін жалғастырды. Бұдан алар сабақ, мемлекет басқаруда Ел басшысына деген сенімді ештеңе алмастыра алмайды. Мемлекет басшысына сенім болмаған жерде елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан, сеніммен бірге, біз Елбасын мақтағаннан гөрі, әрқайсымыз өз орнымызда адал еңбек ету арқылы қолдағанымыз дұрыс.
Ендігі жерде әрқайсымыз өзіміздің мүмкіндігіміз туралы қате түсініктерімізді жоя алсақ, халқымыздың ұлы қоры – еліміздің біртұтас ерік-жігерін, ішкі бірлігі мен тұрақтылығын пайдалана отырып, барлық қиыншылықтардан жеңімпаз болып шығуға болады.
Уинстон Черчилль: «Қоғам қысымға ұшырағанда, жеке адамдар біріксе, жаңа жетістіктерге қол жеткізудің мүмкіндігі мол», дейді. Бірақ Карл Маркс жазғандай, «ең алынуы қиын қамал – адамның бас сүйегі» екені де рас. Дегенмен, адам санасын өзгертуде осындай кезеңдерді дұрыс қолдану туралы Елбасының ұстанымын оңды пайдалану – жетістікке жеткізер тура жол.
Кешегі экономикамыздың қауырт өсу кезеңіндегі «тынышталған» сананы дүр сілкіндірер уақыт қайта келді. Уақытты бекер уайымға жібермей, нақты шешім қабылдауды заман талап етіп отыр. Осы талапты оң пайдалана білген мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар, әрбір азамат қана бұл қиындықты пайдамен еңсереді. Ал Қазақстан бұдан қалай шығады? Ол бүкіл Қазақстан халқына байланысты. Оның ішінде мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Себебі, Елбасы айтқандай, «Қазақтар жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие».
Жолдаудағы инвестиция тарту, сырттағы капиталды әкелу, теңгені құрметтеу, ұлттық өнімді арттыру, көлеңкелі экономикадан бас тарту сияқты мәселелердің сыртында ұлттық мүдде тұр. Сонымен бірге, осындай ұлттық мүддеге біріге отырып, ұлттық ар-ождан, ұлттық сана, ұлттық намыс бірлігіндегі кемшіліктерді азайтамыз, еліміз дамуындағы ерекше рөл атқаратын ұлттық қадір-қасиет, ұлттық мінез-құлықты, ұлттық рухты шыңдай аламыз. Осылардың нәтижесінде ел бірлігі бұрынғыдан да нығая түсетін болады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің Жолдауындағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше жауапкершілік артқаны белгілі. Партия Төрағасының бұған дейінгі де тапсырмалары аясында бүгінгі күнге «Нұр Отан» біршама дайындықтармен келіп отыр. Басым бөлігін «Нұр Отан» партиясының мүшелері құрайтын Парламентте «Нұрлы Жол» бағдарламасын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз етуге қатысты 60-тан астам заң қабылданды. Партия да өз алдындағы міндеттерді орындау мақсатында құрылымдық өзгерістер жасап, регламенттік құжаттар қабылдады. Басым күштерді жергілікті бастауыш партия ұйымдарына (БПҰ) беру арқылы әрбір партия, фракция мүшелерінің, депутаттардың жауапкершілігі арттырылуда. Орталық аппараттың жаңаша ұйымдастыру негізінде әрбір ақпарат БПҰ – аумақтық-аймақтық құрылымдар жүйесі арқылы жергілікті тұрғындарға жеткізілу жұмыстары орындалуда. Олардан күнделікті ахуал жайлы мәліметтер алу жолға қойылып, кері байланыс орнатылды. «Нұр Отан» партиясының филиалы, мәслихаттағы фракция, мәслихат байланысы күшейіп, жергілікті жерлердегі өкілеттілік құзыреті артты.
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын орындау мақсатындағы әзірленген «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданды. Аталмыш құжат қоғамдық институттар мен азаматтардың мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдерге кеңінен қатысуы арқылы қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Ендігі жерде, Қоғамдық институт мүшелері елімізде, облыста атқарылып жатқан жарқын істерді насихаттаумен қатар, жалқаулық, масылдық, керітартпалық, ысырапшылдық, жөнсіз мәлімет тарату, дәлелсіз арызқойлық сияқты қоғамдағы жағымсыз әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстарына да ар-ождан тарапынан жауапты болады.
Жолдауда көрсетілгендей, дағдарыстың барлығы өткінші, өтеді де кетеді. Жаңа әлеуметтік саясат адамдардың өмір сапасын арттыру жұмысын бұдан әрі де күшейте түсетінін Жолдаудан оқып-білдік. Алайда, «мемлекеттің шектен тыс қамқорлығынан ортақ іс-әрекеттің қуаты зардап шегеді» деген теорияны да естен шығармайық. Күні кеше ғана өмірден өткен заманымыздың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы айтқандай «Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық» жолында бір болайық! Шығыс даналығы «адамдардың пайдалысы – адамдарға пайда келтіргендер» дейді. Олай болса, «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» биік рух, ерен еңбекпен Ұлы Дала елін дамыта берейік!
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Қызылорда облысы.