Әлемге үн қатқан қала
Бұл қаланың аты – Ковентри (ағылшынша – Coventry). Елдің шығысында орын тепкен Уэлст-Мидлендс атты ағылшын графтығы. Мұнда фабрика өнеркәсібі ерекше дамыған: әсіресе әртүрлі үлгідегі шляпа тігу өнері барынша жолға қойылған. Сонымен бірге мұнда сағаттар, велосипедтер, тігін машиналары шығарылады. Тіпті, кілемдер мен түрлі ленталар да жасалып келіпті.
Осы қалада Джэгьюар Ленд Ровер компаниясының штаб-пәтері орналасқан. Бұл компания «Ягуар» және «Лэндровер» маркалы автомобильдерді әлем жұртшылығына молынан ұсынуымен аты шыққан.
Елдің бас қаласы – Лондоннан небәрі 150 шақырым жерде орналасқан.
Әрине, қаланың арғы-бергі тарихы қазіргі оқырмандар үшін аса таңсық емес, кез келген кісі сайт арқылы оны біліп-түгендей алады. Сосын да тарих қойнауына негіздеп еніп, бойлап бара бергіміз жоқ. Біздің бұл жазбаларымыздың мақсаты мүлде басқа.
Бізді таңғалдырған, өзгеше ойға жетелеген екі нәрсені баса айтқымыз келеді.
Оның біріншісі – «Леди Годива» тастұғыры. Мұның тарихы өте қызық. Сәйгүлік аттың үстінде тыр жалаңаш әйел отыр. Ол кім? Ол – леди Годива. Бұл әйел – бір жылдары әйгілі ақын Теннисонның осы аттас тамаша поэмасына да кейіпкер болыпты. Тебірене-толғана жырлаған екен талантты ақын...
Сонша шабыт беріп, поэма арнайтындай бұл не құдірет? Ақынды несімен, қандай қасиет-қырымен шабыттандырды екен? Сондай сауалға жауап іздеп бақтық.
Тарихы мынадай:
Бір замандарда қала жұртшылығы салық төлеуден әбден шаршап, титықтады. Әр-әр жерлерден қарсылық үндер шығып жатқан. Сонда да оны тежеп-тоқтатуға қала басшылығы ынталы емес. Годива граф Леофиктің әйелі болған екен. Графтықтың адамдары салықтан әбден зәрезап күйге түсіп, Годива өз күйеуінен салықты азайтуды өтінеді. Күйеуі көнбей қояды. Бір тойдың үстінде әбден шарапқа қызып алған Леофик әйеліне: «Егер атқа тыр жалаңаш мініп, қала көшелерімен салт жүріп өтсең, салықты төмендетейін», дейді. Әйелім олай ете қоймайды, содан кейін өтініш айтуын да доғарады деп ойлайды граф. Әйтсе де Годива өз халқы үшін ар-намысына тиетін осы қадамға барады. Қай күні, қай сағатта көшеге атқа мініп шығатынын да алдын ала хабарлайды. Годиваны ерекше жақсы көріп, сыйлайтын қала халқы бір ауыздан келісіп, көшеге шықпай қояды. Терезелерді де жауып тастайды. Сөйтіп, Годиваны жалаңаш күйінде ешкім де көрмейді. Годиваның ерлігіне және ақылына қайран қалған граф райынан қайтып, салықты азайтуға пәрмен берген екен дейді аңыз.
Осындағы бүкіл халық бұл аңызға имандай сенеді. Иланады. Леди Годиваны жалпақ жұртқа жаны ашыған, жүрегі таза, ниеті ақ әйел заты ретінде төбелеріне көтереді. Сосын да тастұғыр қала орталығында еңсе тіктеп әлі күнге тұр. Айбарланып тұр.
Көп кісі, әрине, тап осы тастұғырдың түпкі мән-мағынасын дөп түсінбеуі де ықтимал. Кейбіреулер «әйел кісіге бүкіл халық алдында осылай жалаңаштану да ерлік пе?» деп ыңғайсыз көруі де мүмкін. Алайда, тарихта аты жазылған әйел затының осы бейнеде ел есінде сақталып қалуға толық хақы да бар шығар! Жеңіл ойлылықпен, жылтетпе сезіммен һәм әуейі ниетпен жасалған әрекет еместігі ақиқат!
Екінші жағынан ойлайсыз. Қалай десек те «Леди Годива» тастұғыры – тарихи бағалы ескерткіш! Кешегі заманнан қалған асыл жәдігер! Сосын да бұған өнер туындысы деп аса кұрметпен, мейлінше ықыласты көңілмен қараған әбден оңды болмақшы.
Біз соны ойладық. Солай қабылдауға тырыстық.
Екіншісі – осы қаладағы халықаралық әмбебап университет.
Былай қарасаңыз, көпке елеусіздеу оқу орны, тіпті кейбір елдер оның атын әлі күнге дөп басып білмеуі де мүмкін. Біз де алғашқы кезде «әлемді өзіне қаратқан қандай оқу орны екен» деген сауал ізінде болғанбыз. Көкейде күдік те баршылық еді.
Осында келген соң, ә дегеннен-ақ көп нәрсеге көз жетті. Бұл оқу орнында осы кезде әлемнің түкпір-түкпірінен келіп білім алып жатқандар шексіз көп. Оқу орнының қырыққа жуық білім беру корпусы бар екенін білгенде, таңданғанымыз да рас.
Университет жылма-жыл әлемдік деңгейде оқуға қабылдау үшін жариялы түрде конкурс-байқау өткізеді екен. Міне, сол байқауға кез келген елден кез келген талапкер қатысып, бақ сынай алады. Ал оза шауып жеңіске жеткендері осы оқу орнында тегін білім алу жолдамасын қанжығаға байлайды. Ондай шәкірттерге қашанда есігі айқара ашық.
Бізді бұл қалаға жол көрсетіп, жетелеп әкелген де – кіші қызымыз Айсұлу. Ол өткен жылы осы Ковентри университетінің конкурс-байқауында бақ сынап, топ жарып, жеңіске жеткен-ді. Бір жыл оқыды. Магистратурада. Енді, міне, оқуын аяқтап, диплом алғалы жатыр.
Диплом алу салтанатына біз де (анасы екеуміз) қатыстық. Бастан-аяқ тыңдап-тамашаладық. Таңданысымыз да бар. Көңілге түйгеніміз де көп.
Әсер үлкен.
Бұл салтанатты сәт студенттер тұрмақ, бізді де барынша ойландырды. Жас мамандарға ізет белгісі ерекше. Бітірушілерге құрмет бөлек.
Мәртебелі қонақтар төрде отырды. Зал толы халық. Бәрі де – ата-аналар. Олардың арасында кім жоқ? Жер жүзіндегі барлық ұлт өкілдері бар десе де болғандай. Ақ түсті, сары түсті, қара түсті...
Екі-үш топ бітіріп жатыр. Бөлек-бөлек диплом тапсыру рәсімін (арнайы киім кию, сап түзеп келу, ізет жасау, диплом алу, сосын құрметті профессордың қол қысып құттықтауы, т.б.) жасады. Ал солардың арасында... екі-үш түйір қазақ қызы. Өте аз. Бірақ саз! Өз күштерімен арнаулы грантты жеңіп алған жас ұрпақ. Бүгінгі қазақ ұландары. Соны ойлағанда, төбеміз көкке жеткендей болып қуанып отырдық.
Дана Шекспирдің шаһары
Екінші бір қалаға жол түсті.
Ол – ұлы драматург Уильям Шекспир туған қала. Аты – Стратфорд.
Біз тоқтаған Ковентри қаласынан небәрі 40-50 шақырым жерде.
Алғашында екі араға қатынайтын кәдімгі автобусқа билет алғанбыз. Оның уақыты – күндізгі 11-00 болатын. Сол уақытқа тақап, автовокзалға келсек, Стратфортқа баратын автобус бес минут бұрын жүріп кетіпті. Біз аң-таңбыз. Бұл қалай?
Автовокзал қызметкерлері қатты састы. Біздің кінәміз емес, өздері кінәлі. Онлайнмен алынған билет дұрыс. Тек автобустың жүру кестесі таяуда өзгерген. Ал оны онлайнға уақтылы енгізбеген. Бұрынғы уақытымен қалып қойса керек. Бар кілтипан сонда.
Біз де шарасыз болып отырып қалдық. Енді не істемек керек?
Мен ішімнен «Шекспир туған қалаға барудың сәті түспейтін болды білем» деп, өзімше өкініш білдіріп те тұрдым. Өйткені, ендігі автобус тек кешкісін жүреді. Біз барғанша музей жабылады. Ертеңге қалу қажет. Оған біздің мүмкіндігіміз болмайын деп тұр. «Қап!» деймін ішімнен. «Сәті түспеген соң осы да. Мұндай оңтайлы жағдай енді қашан туады? Туа ма ондай кез?.. Көру керек еді. Бару керек еді!»
Шешуін өздері айтты.
«Сәл күте тұрыңыздар, ойластырып жатырмыз» деді. Күттік. Ақыры, бізге арнайы көлік бөлінді. Үшеумізге – жеке такси. Сол автобусқа алынған билетінің құнына Стратфорд қаласына жеткізіп салмақшы.
Міне, әділдік! Міне, кісіге деген құрмет!
Жеңіл көлікке 50 шақырым жер де сөз бе! Деп-демде жеткізді де тастады.
Қалаға кірген соң, дереу Шекспирдің музей-үйіне беттегенбіз.
Ескі үй. Ағаштан құрап тұрғызылған. Төбедегі белағаштар да ырсиып-ырсиып көрініп тұр. Екі қабат үй екен.
Тап сол үйде жас Уильям дүние есігін ашқан. Бес жасқа дейін сәби болып еркелеп жатқан кереуеті де сақтаулы. Ескі, әрине. Ағаш астау іспетті.
Бөлмелерді араладық. Едені ағаш. Сықырлап-сықырлап, «мен ескінің көзімін ғой, мені байқадыңдар ма?» дегендей әндетіп қояды. Ескі заманнан өз әуенімен сыздықтата сыр шертіп тұрғандай.
Ерекше көзге түскені – осында Шекспирдің барлық драмалық шығармаларының көріністерінен фотостенд жасалыпты. Сансыз көп спектакльдерден көріністер. Ол ұзыннан-ұзақ қабырғаны алып тұр. Қайта-қайта қарай бергің келеді. Бәрі – таныс көріністер...
Тағы бір тұста – Шекспир шығармаларының әр кездердегі басылымдары. Олар да өзіне тарта түсіп, өзінше сыр айтады. Әрқайсысына үңіле қарайсыз.
Стратфорт қаласы, меніңше, ұлы драматургпен тыныстап тұрғандай. Маған солай секілденді де тұрды. Соны ғана мәлімдейтіндей.
Өйткені, ол тұрған үйге жалғаса тағы да бірнеше үйлер бар. Онда өзі тұрған, қызы тұрған, т.б. ет жақын туыстары тұрған. Бәрі де музейге айналған.
Тіпті, Шекспир бақилық болған соң туған-туыстарымен жерленген орталық шіркеу де музей қызметін атқарады. Оған да келушілер өте көп. Шексіз көп. Кіріп-шығып жатқандар сансыз.
Ұлы Шекспир! Ұлы драматург! Ұлы ақын!
Тап осы талант бұл қалада тумаса, бұл топырақтың аты әлемге дәл мұншалық жайылар ма еді, қайтер еді? Біз келер ме едік, келмес пе едік! Осынша құмартып, іздер ме едік, іздемес пе едік!..
Бір сәтке осындай ой қылаң еткен.
Көз алдыңа әртүрлі суреттер елестейді.
«Король Лир», «Гамлет», «Отелло», «Макбет», «Ромео мен Джулетта», т.б. драмалардың әр кездердегі қойылымдарын еске түсіресің. Ондағы рөлдерді, көріністерді әлемге аты кеткен қаншама талантты актерлері ойнамады дейсің!
Біз Мәскеудегі, Алматыдағы өз көзімізбен көрген Шекспир қойылымдарын ойша көз алдымызға әкелуге тырысамыз. Көкейге қонақтап қалған жас кездегі әсерлі сәтті тағы да еске түсіреміз.
Бір қызығы – өз елінде Уильям Шекспирді «ақын» деп таныстырады. Рас, Шекспирдің өлеңдері, поэмалары өте көп. Алайда, оның атын әлемге жайған – пьесалары. Біз солар арқылы танып өстік. Солай бағаладық.
Әсіресе, «Король Лир»! Әсіресе, «Гамлет!» Әсіресе, «Ромео мен Джульетта».
Болмаса М.Әуезов тамаша тілмен қазақшалаған «Асауға – тұсау!»
Қысқасы, біз Стратфорд қаласын бастан-аяқ аралағанда әр адым сайын Шекспирге қатысты қызықты деректер алдымызды кес-кестей берді.
Міне, бұл ұлылық!
Ешкім ештемемен жауып-тұмшалай алмас ұлылық!
Шерлок Холмс шындығы
Жер жүзінде атақты Шерлок Холмс пен доктор Ватсонды білмейтін адам бар ма? Әй, жоқ шығар-ау!
Біздің жас күнімізде-ақ осы Лондондағы Бейкер стрит, 221 «б» деген үйде атақты Шерлок Холмс пен доктор Ватсон тұрыпты деп оқушы едік. Олардың қызметшісі миссис Хадсонды да есімізде сақтаппыз. Осы үшеуінің есімін жатқа білуші ек. Түсімізде көруші ек.
Бұлар кімдер?
Бұлар – атақты қаламгер Артур Конан-Дойлдың әдеби кейіпкерлері. Тап осы кейіпкерлер араласқан тартымды да қызғылықты көркем дүниелердің ұзын-саны 60-тан асып жығылар еді.
Біз соның шамамен тең жарымына жуығын ғана оқыған болармыз. Бірақ, бір оқырманға ол аз емес, әрине!
Сонымен қабат, осы кейіпкерлер ойнайтын түрлі көркем фильмдерді талай рет тамашалағанбыз. Әсерлене көргенбіз.
Ең қызығы – аталған кейіпкерлер өмірде болған ба? Әлде жазушы Артур Конан-Дойлдың қиялынан туған ба?
Тап осы сауалды ойламаған екенбіз. Өзімізге-өзіміз қоймаппыз. Осы күнге дейін. Қызым осындай сауал бергенде ғана ойланып қалғаным рас.
Бір нәрсе ақиқат. Осы күні әлем жұртшылығы жазушы Артур Конан-Дойлды көп біле бермес, ал Шерлок Холмсты білмейтіні кемде-кем. Міне, кейіпкердің жазушыдан озып кетуі деген осы болар, сірә!
Лондонға келген күні алдымен осы Шерлок Холмс пен доктор Ватсонның музей-үйін көруді мақсат тұттық.
Сол көше. Сол үй. Сол көрініс.
Есік алдында қаптаған кісі. Бәрі кезек күтіп тұр. Бар арманы – музейге кіріп, аңыз кейіпкерлер өмірімен танысу. Шындыққа көз жеткізу.
Кірген кездегі әсерді айтып жеткізгісіз.
Баяғы бала шаққа, арманшыл жас күндерге қайта оралғандаймыз. Әр бөлмеге кіре бергенде Шерлок Холмс пен доктор Ватсон алдымыздан шыға келетіндей елеңдейміз. Сескене қараймыз.
Үй ескі. Едені ағаш. Басқан сайын сықырлап қоя береді.
Көп заттар сақталған. Шерлок Холмстың скрипкасы, дүрбісі мен бас киімі, доктор Ватсонның қолшатыры, т.б. заттар рет-ретімен қойылған. Тіпті, өздері қатар отырып, әңгіме-дүкен құратын камин пеш пен екі жайлы орындық та көзімізге оттай басылған (көп әңгіме осы жерде айтылмаушы ма еді).
Бізді ойландырғаны – ағылшындардың әрбір тарихи жәдігерге соншалық ұқыппен қарайтыны. Соны әспеттеп сақтай білгені.
Мұнда елеусіз зат жоқ. Бәрі де тарихтан сыр шертеді. Ұстап көрмей-ақ іштей сезінесіз.
Міне, тәрбие мектебі!
Шіркін, біздің халық та тап осылай өз өткенін өздері ұқыптап ұстап, келер ұрпаққа аманат етіп жатса, қандай ғажап болар еді деген ой бір бүйіріңді түрткілейді.
Осындайда тағы бір төтен ой қиялайды. Жазушының танымал болған кейіпкерлеріне ескерткіш-белгі қоюды білуші ек, оның бастамалары бізде де бар. Ал енді белгілі кейіпкерлерге арнап үлкен музей ашу – ең ұлағатты іс. Бізге де ойланатын ізгі шаруа ма дейсің.
Ондай музейге сұранып тұрған кітаби кейіпкер бар ма бізде? Ол енді басқа әңгіме.
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні – біз аралаған қалалар, мәдени орындар мен музей-үйлердің әсері орасан. Жасымыз алпысты иектеп қалған шақта, әрине, жол-жөнекей көрген-білген нәрсенің бәріне таңдай қағып, таң қала бермеспіз де. Ондай лапылдақ сезім саябыр тапқан кез. Не нәрсеге де ақыл көзімен қарайтын уақыт. Сосын да танып-білгенді саралап, салмақтаймыз. Елеп-екшейміз. Сөз жоқ, Англия білмейтін-түсінбейтін еліміз емес. Әртүрлі тарихи кітаптардан ол елдің тарихынан едәуір хабардармыз да. Алайда, көзіңмен көрген жерлердің әсері басқа болады екен.
Бұл жазбаны көзсіз табыну сезімімен емес, бізге де үлгі алуға болады-ау деген ізгі әсер ізімен, әр сәтіне тоқтала мейлінше мұқият қағаз бетіне түсірдік.
Бар ниет сол болатын.
Жолтай ЖҰМАТ,
жазушы.