Кез келген ғылыми тұжырымның өміршең болуы – оның деректік негізіне байланысты. Әрбір зерттеуші дерек мәліметіне жеке, өзіндік пікір айтып, өз бетінше пайым жасауы мүмкін, бірақ дерек мәліметі өзгермейді. Қазақ хандығының құрылуы жөнінде айтатын пікірлердің бәрі бір ғана дерек мәліметіне сүйенеді. Ол – Керей мен Жәнібек хандар бастаған ру-тайпалардың Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Моғолстан атты мемлекеттің батыс жағындағы Шу бойы мен Қозыбасы аралығындағы жерге қоныстанып, жеке хандық құрғандығын баяндайтын жазба дерек мәліметі. Бұл тарихи дерекке дейін ешбір ортағасырлық еңбектерде ол жөнінде айтылмайды. Ал одан кейін Қазақ хандығының құрылуын баяндайтын мәлімет XVII ғасырдың авторы Махмуд бен Уәлидің тарихи шығармасына енгізіледі.
Міне, осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда айтып өткен Қазақ хандығының құрылуын баяндайтын жазба дерек мәліметі – ең құнды, ең маңызды дерек болып саналады. Ол деректің авторы – 1499-1551 жылдары өмір сүрген Мұхаммед Хайдар мырза Дулати. Ол өзінің атақты «Тарих-и Рашиди» атты кітабында XIV-XVI ғасырлардағы Орталық Азия аумағында өмір сүрген халықтар мен олардың мемлекеттері туралы тарихи, этнографиялық, географиялық сипатта мол мағлұматтар береді. Автор «Тарих-и Рашидиде»: «Сол уақытта Моғолстан хандығын билеу кезегі Есенбұға ханға жеткен еді. Есенбұға хан оларды қатты құрметтеп, оларға Моғолстанның бір шетін бөліп берді. Олар осы жерден қауіпсіз жайлы қоныс тапты. Сөйтіп, тыныш өмір сүріп жатты.
Әбілқайыр дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды. Әркім мүмкіндіктеріне қарай һәм дұрыс өмір сүру үшін Керей мен Жәнібек ханды паналады, олар осылай күшін нығайтты. Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп-жарылып қалып, біраз уақыт торығып, әрі сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таралды» деп жазады. (М.Х.Дулати. Тарих-и Рашиди. Алматы 2003, 305-306-беттер).
Жалпы, Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлектенуі ХV ғасырдың 50-60 жылдары ретінде қарастырылған. Олар құрған Қазақ хандарының билік ете бастауын Мұхаммед Хайдар Дулати аталмыш әйгілі шығармасында: «Һижраның сегіз жүз жетпісінші жылынан басталады» деп жазады. Бұл қазіргі жыл санау бойынша 1465-1466 жылдарға тура келеді. Отандық және шетелдік ғалымдар бұл мерзімге күмән келтірмейді, әрі Қазақ хандығының құрылған жылы деп есептейді. (Қазақ ССР тарихы. Алматы, 1983, ІІ-том, 268).
Сөйтіп, қазақ халқының тарих сахнасына көтерілген кезі 1465 жыл екенін Мырза Хайдар шегелей көрсеткен. Одан әрі ол: «(һижри) 940 (1533-34) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді.
Керей ханнан кейін Бұрындық хан басқарды. Одан соң Жәнібек ханның ұлы Қасым хан басқарды. Дешті Қыпшақ даласын толық биледі... Жошы ханнан кейін ол жұртта одан үлкен хан болған емес. Қасым ханнан кейін оның ұлы Мамаш хан биледі. Одан соң немересі Таһир хан биледі. Таһир хан заманында қазақтардың саны азайып кетті. Одан кейін оның бауыры Бұйдаш хан билікті қолына алды.
Қорыта айтқанда, Есенбұға хан заманынан бастап Рашид хан уақытына дейін моғолдар мен қазақтар арасында достық пен татулық орнаған еді, алайда Рашид сұлтан оны бұзды» (М.Х.Дулати. Тарих-и Рашиди... 110-111-беттер) деп жазады ол. Ол рас та еді. Өйткені, Әбдірашид сұлтан қазақтардан гөрі шайбандарға мойын бұрған, солардан одақ іздеген.
Қазақ хандығының құрылуы мен тыныс-тіршілігі, өмір сүрген ортасы һәм көршілерімен болған қарым-қатынасы жайлы Мырза Хайдар секілді осылай жүйелі де нақтылы жазған қаламгерлер кемде-кем-ақ.
Сөйтіп, ол Моғолстанның хандары, дулаттан шыққан әмірлері мен бектері, онда өмір сүрген түркі тайпаларының тыныс-тіршілігі, Әбілқайыр хан негізін салған Дешті Қыпшақ мемлекеті, ханның өзі және ұрпақтарының Мауараннаһрде, сондай-ақ қазақ хандары һәм сұлтандарымен жүргізген соғыстары жайлы тәптіштей баяндаған. Мырза Хайдардың бір ерекшелігі ол не жазса да шындықты жазады. Тарихшы ғалымдардың барлығы да оның осы бір қасиетіне ерекше мән береді.
Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға келіп өз билігін жасақтай бастауы туралы Мұхаммед Хайдар Дулатиден басқа Махмұд ибн Уәли де хабарлаған. Автор бұл екі сұлтанның Моғолстанға келуін, Есен Бұға ханның оларға Шу мен Қозыбасы жайлауы арасындағы жерді бергеніне көңіл аударады. Есен Бұғаның бұл өңірді айтулы екі сұлтанға бергенін «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйардың» авторы: «Бұл кезде Моғолстанда Шыңғыс ханның ұлы, Шағатай хан ұрпақтарының бірі Уәйіс хан ұлы Есенбұға хан билік етіп тұрды. Дәл осы тұста Әмір Темір гурганның ұлы Мираншаһтың, оның ұлы Сұлтан Мұхаммед мырзаның, оның ұлы Әбу Сайд мырза жоғарыда аталған ханның ағасы Жүніс ханды Ирактан (Ираннан) алдыртып, көмек береді және қолдау көрсетеді, сөйтіп, оның билігіне қауіп төнеді. Екі сұлтанға ол Моғолстанның батысынан жер берді, ол Есенбұға ханның иелігі мен Жүніс ханның қол астындағы жердің арасында еді. Бұл жер – Шу мен Қозыбасы деген жерлер болатын», – дей келіп әрі Керейдің хан болғандығына да тоқталады. (Материалы по истории казахских ханств XV-ХVIII веков. А., 1969, 352-353).
Міне, осылайша Керей мен Жәнібек хандарға «Қазақ хандығы» атты жаңа этникалық бірлестікке негізделген мемлекетті құру және оны басқарудың тарихи міндеті жүктелді. Олардың оны атқаруға толық негізі бар еді. Қазақтың осы екі ханының арғы ата-бабалары Шыңғыс ханнан таралатын. Сондықтан Керей мен Жәнібек хандарға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси билікті мұрагерлік жолмен иемденіп, атадан балаға қалдырып келді. Осылайша бұл әулетті иемденгендер билік тізгіні ғасырлар бойы уысынан кетпеген хан тұқымынан еді. Керей мен Жәнібек ханның шығу тегі Жошы ханның үлкен ұлы – Орда Еженнен бастау алады. Керей мен Жәнібек ханның туыстық қатынасы бойынша олар бір-біріне шөберелес туыс еді. Яғни, олардың Орда Еженнен Орыс ханға дейінгі бабалары ортақ. Бұл жағын тарқатып айтқанда: Орда Ежен, оның ұлы Сасы бұқа, оның ұлы Ерзен, оның ұлы Шымтай, оның ұлы Орысхан, оның ұлы Тоқтақия, оның ұлы Анике Болат, оның ұлы Керей хан болып жалғасады.
Сонымен Керей мен Жәнібек хан Шығыс Дешті Қыпшақтағы қазақ тайпаларын Жетісуға бастап келіп, Моғолстанның батысында Қазақ хандығын құрды. Тарихи шығармаларда Моғолстан халқының «моғолдар» деп аталып келгені белгілі. Шын мәнінде «моғолдар» деген жинақтаушы этносаяси топтың негізгі құрамы: дулаттар, үйсіндер, керей-керейттер, қаңлылар, арғындар, жалайырлар және т.б., яғни қазақтардың Ұлы және Орта жүздері құрамына енетін тайпалар болатын. Қазақ хандығының Жетісуда құрылу уақиғасы қазақ халқының ұлт болып ұйысу процесінде маңызды қызмет атқарды. Себебі, Керей мен Жәнібек бастауында тұрған Шығыс Дешті Қыпшақ тайпалары мен жетісулық тайпалар тілі, мәдени дәстүрлері, тұрмыс салты жағынан бірдей еді. Сөйтіп, Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан аса үлкен рулық-тайпалық топтардың Жетісуға келуі, олардың жергілікті тұрғындармен қарым-қатынастарында айтарлықтай шиеленіс туғыза қойған жоқ. Нәтижесінде Дешті Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпалары осы алқапты ежелден мекендеген қазақтың Ұлы жүз тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілқайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан қанжілік болған қазақ халқы бұл араға келіп ес жиып, халықтың тұрмыс-тіршілігі түзеле бастады. Мұны көрген Дешті Қыпшақ көшпенділері Әбілқайыр билігінен қашып, қазақ хандығы аумағына лек-легімен келіп жатты. XV ғасырдың 50-жылдарының ортасынан 70-жылдарының басына дейін 15 жыл айналасында Әбілқайыр ханның қарамағынан 200 мыңдай адам көшіп барған. (М.Х. Дулати. Тарих-и Рашиди. Алматы 2003, 110)
Дәл осы тұста, яғни 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға қайтыс болған соң, бұл мемлекетте ішкі тартыс күшейіп, жағдай қиындаған тұста ойрат Амасанжы Тайшы бастаған жоңғарлар шабуыл жасап Моғолстан мемлекетінің шаңырағын шайқалтып кетті, елде тұрақсыздықтар орын алды. Соның салдарынан Моғолстанға қарасты жетісулық қазақ тайпаларының Қазақ хандығына келіп қосылуы арта түсті. Бұған дейін жекелеген хандықтарға жіктеліп келген қазақ тайпаларының жаңадан құрылған Қазақ хандығының аумағына бұлайша ағылуы Қазақ хандығы халқының санын молықтырып, хандықтың беделі мен әскери, саяси қуатын арттыра түскен елеулі оқиға болды.
Солай болғанымен жаңадан құрылған Қазақ хандығының мемлекеттік негіздері әлі де әлсіз еді. Бір сыпыра қазақ тайпалары Әбілқайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай одағының және Батыс сібір хандығының қол астында телім болып отырған болатын. Оның үстіне Шығыс Дешті Қыпшақты билеген Әбілқайыр хан өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып, масайрап отырғандығына, әсіресе, көптеген тайпалардың хандығынан бөлініп шығып, оған ағылып барып жатқанына азуын білеп, қылышын қайрап, жаңа құрылған Қазақ хандығын тарпа бас салып, жойып жіберу ниетінен айнымады. 1468 жылы қыста Әбілқайыр хан Қазақ хандығын қиратпақ мақсатында Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, өзі опат болды. Әбілқайырдың қаза болуы қазақ хандығының нығаюының тыныс-тіршілігін кеңейте түсті. Ең қызығы Әбілқайыр хан өлгеннен соң, оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, хандық ыдырап, шаңырағы шайқала бастады. Ондағы халықтың үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек хан құрған Қазақ хандығына келіп қосылды. Мұндай жағдайды тиімді пайдаланған қазақ хандары Керей мен Жәнібек бұдан он екі жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті Қыпшаққа қайта оралды. Қазақ хандығы дамудың жаңа бір сатысына қадам басты.
Жоғарыда көрсетілгеніндей, тарихи шығармалар қазақтың алғашқы ханы ретінде Керей ханды атайды. Жазба деректерде ханның «Гирей», «Герей», «Керей» түрінде жазылған есімдерін отандық тарих ғылымында «Керей» деп жазу орныққан. Тарихи дереккөздер осы Керейдің Қазақ хандығының хан тағына «10 жыл мөлшерінде» отырғанын жазады. Бірақ бұл «он жылдай» уақыттың қай жылға сайма-сай келетіні әлі де болса түбегейлі зерттеуді қажет етеді.
Керей хан дүниеден озғаннан кейін Қазақ хандығының билік басына Жәнібек хан отырды. Жәнібек ханның азан шақырып қойған аты Әбу Сайд, оған тағы Жәнібек хан деген қосымша есім берілгенін «Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама» сияқты тарихи шығармалар хабарлаған. (Материалы по истории казахских ханств XV-ХVIII веков. А., 1969, 42-46).
Бұл жағын Қадырғали Жалайыр еңбегіндегі «Барақтың ұлы «кіші Жәнібек хан» деп жазған мағлұматы да дәлелдей түседі. Сол сияқты оның атының Әбу Сайд екенін Әбілғазы да жазып қалдырған. (Әбілғазы. Түрік шежіресі. А., 2006, 117) Дегенмен, тарихи дереккөздер де Керейден соң Жәнібектің хан тағына отырғаны айтылғанымен, бірақ оның қай жылы хан болып сайланғандығы жөнінде нақты мәлімет жоқ. Сол сияқты Жәнібек ханның Дешті Қыпшаққа оралғаннан кейінгі хан билігін қалай күшейткені туралы, өмірінің соңғы жылдары мен өлімі туралы да деректер беймәлім.
Жәнібек дүние салғаннан кейін Керейдің ұлы Бұрындық таққа отырды. Осыдан кейінгі хан билігі Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі Қасым ханға (1445 -1521) өтті. Ал, Қасым хан дәуірі Қазақ хандығының күшеюі және нығаю дәуірінің бастамасы болды.
Қасым ханға, сол тұстардағы қазақтардың өмір тіршілігіне де М.Х. Дулати бірнеше бет арнаған. Қазақ хандары мен халқын, олардың әдет-ғұрпы туралы сөз еткенде М.Х. Дулатидың аталарымызға құрметпен қарайтынын байқаймыз.
ХVІ ғасыр басында Моғолстан ханы Сұлтан Ахмет ханның үшінші ұлы шайбанидің қас жауы Саид ханға (1487-1533) Орта Азияға шабуылдай кіріп, атақты Мұхаммед Захир ад-дин Бабырды (1483-1530) биліктен айырған шайбани Шаһибек ханның (1451-1510) Ташкенттегі інісі Сүйінішке (Сүйіншікке) (?-1525) Шу бойындағы қазақ ханы Қасым хан шабуыл жасады деген хабар жетеді. Саид хан тездетіп Ташкентке аттанады. Бірақ жолай Қасым ханның Шуға қайтып кеткенін естиді. Ол Қасым ханға барып қазақтарды Ташкентті шабуға қайта көтермек болады.
М.Хайдар Дулати: «Саид хан (1514 жылы) жолға шығып, Моғолстанның мәшһүр жері – Шуға (Жудке) келіп жетті. Мен ол сапардан сырқаттануыма байланысты қалып қойдым... Қасым ханның сол уақытта жасы алпыстан асып, жетпіске таяп қалған кезі. Ал [Саид] ханның қылшылдаған шағы болатын, жасы отызға жете қойған жоқ еді...»
Сұлтан Саид хан кім? «Ол – Шағатай ұрпағы. Моғолстан ханы Ахмет ханның үшінші ұлы. (Мұхаммед Хайдардың әпкесі Хабиба сұлтан хаништың күйеуі, яғни ұлы ғалымның жездесі.
Ә.Д.) 1487–1533. 1514 ж. дулат әмірі мырза Әбу Бәкірден Қашғарды тартып алып, Шығыс Түркістанда 1533 жылдың 9 шілдесіне дейін билік құрған» (М.Х. Дулати. Тарих-и Рашиди. А., 2003, 308, 532).
«Қасым хан [Саид] хан алдына келгенде жылы жүздесіп құрметтегені сондай, хан өмірінің соңғы сәтіне шейін оның кішіпейілділігін ұмытқан емес» – деп еске алады М.Х.Дулати. Әрқашан сырласа қалғанда хан оны еске алып <Алланың нұры жаусын>: Қасым хан асқан мәрт адам болған деп отыратын және онымен қалай танысқанын баян ететін-ді.
Осындай бір кездесуде Қасым хан [Саид] ханға жақындап: «Біз дала халқымыз, бұл жерде қымбат бұйымдар мен тағамдар жоқ. Ең қымбат байлығымыз – жылқы және ең дәмді тағамымыз – оның еті. Әрі ең сүйікті сусынымыз – оның қымызы мен одан дайындалатын тағамдар.
Біздің өлкемізде бау-бақша мен зәулім үйлер жоқ. Серуендейтін жеріміз – малдың жайлауы, сонда барып бәріміз бірге бой жазып, сайран салып, жылқыларды қызықтаймыз», – деді. [Саид] хан одан әрі үйірге жақындап, Қасым хан талай аттарды көрсетіп, былай дегенін айтқан еді. «Менің екі арғымағым бар, екеуі бүкіл үйірге татиды», – деп арғымақтарды алып келді. [Саид] хан мына екі сәйгүліктей жылқыны ешқашан көрмегенін талай рет сүйсіне әңгімеледі.
Бірде Қасым хан: «Ел – жылқының күш-қуатына қарай тіршілік етеді. Менде осы екі арғымақтан басқа өзіме лайық сенімді ат жоқ. Сондықтан екеуін бірдей сізге тарту ете алмаймын. Енді сіз қадірлі қонағым болғандықтан екеуінің бірін таңдап, қабыл алыңыз», – деді. Ол әрқайсысын жеке-жеке сипаттап шықты. [Саид] хан біреуін алды. Ол арғымақтың аты – Оғылан Түрік еді. Шынында да ондай арғымақ бұдан кейін туған жоқ. Қасым хан тағы бірнеше атты сол үйірден таңдап алдына тартты.
Сонан соң қымыз құйған кесені ханның алдына ұстап тұрып Қасым хан: «Біздің қонақ сыйлауымыз осылай, егер дәмін татсаңыз біз үшін үлкен мәртебе болмақ», – деді. [Саид] хан осыдан біраз уақыт бұрын ішімдікті қойып кеткен еді. Сол себепті айтты: «Қойғаным бұл оқиғадан бұрын болған, енді сертті бұзуым қалай болар екен?». Қасым хан: «Бұрын айтқанымыздай, біздің сусынымыздың ең кереметі – жылқының сүті және одан дайындалатын тамаша өнімдер. Сізге қандай қызмет көрсетіп, көңіліңізден қалай шығу керектігін біле алмадым. Сіздей қадірлі қонақ біздің дастарқанға күнде келе бермейді, мен күнде қонақ иесі бола бермеймін. Ал мен сізді дұрыстап қонақ етіп, күте алмасам, бұл арманды қалай орындай алар екенмін?», – деп басын төмен салып, жүзінен мұңайған нышан көрінді. [Саид] хан ашылып Қасым ханға: «Сертті бұзамыз, қымыз ішеміз!» – деді. Қасым хан қатты қуанды. Әңгіме басталып кетті. Жиырма күн қатарынан қымыз кесесін тауыса босатып ішіп жүрді.
Жаз маусымының аяғы еді. Қазақтар Қасым ханның бұйрығымен қыстауға бет алды. Қасым хан: «Бұл кезде Шайбан ханға шабуыл жасау қиын. Дала елі қазірден қыстың қамын жемесе болмайды. Қазіргі кезде жорық жасау мүмкін емес. Әрі бұл уақытта әскер де жинала алмайды», – деді. Ол сыпайы түрде жорыққа шығудан бас тартты. Кешірім сұрады. Бірақ әртүрлі адамгершілік, ілтипат көрсетіп, [Саид] ханға қайтуына рұқсат етті. Өз көшін туған жеріне қарай бастады. [Саид] хан өте қатты риза болып Әндіжанға аттанып кетті. Шілде айы еді. Хан сарайының бір ғалымы бұл оқиғаға «Ашти-йи қазақ» («Қазақтармен татуласу») сөзінен хронограмма тапты. Ол – 919 (1513-1514) жыл» деп еске алады.
Мұхаммед Хайдар Дулати бұдан басқа қазақ жеріндегі жер-су, қалалар мен кенттер, ру, тайпа аттарын да келтірген. Мысалы, жалайыр 2 жерде, дулат 15, керей (керейіт) 2, қазақ, қазақтар 7, Жете 19, қаңлы 1, қыпшақ 3, моғол 102, найман 1, Меркіт 2, Маңғыт 2, өзбек-қазақ 11; қалалардан Отырар 2 жерде, Алматы 2, Баласағұн 2, Аспара 1, Тараз (Йанги) 5, Ақ Сүмбе 1, Көккесене 1, Сайрам 14, Түркістан 21, Шелек (Шілік) 4, Қаялық 1, Сарайшық 1, Дешті Қыпшақ 13, Ертіс 2, Көкше теңіз (Балхаш көлі) 2, Қараспан 1, Қаратау 1, Қозыбасы 1, Шу 2, Іле 5, Қаратал 2, Аршалы 1 жерде кездеседі.
Абай үшінші қара сөзінде: «Билік жүргізу үшін «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басында күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек», – дейді. (М.Х.Дулати. Тарих-и Рашиди. Алматы 2003, 308-310, 542) Бұл да жайдан жай айтыла салған сөз емес.
Ауырып қалуына байланысты Саид ханмен бірге Шу мен Қозыбасыда тұңғыш құрылған қазақ хандығының ордасына бара алмай, Қасым ханмен кездесе алмай қалған Мұхаммед Хайдар Дулати жоғарыда айтылғандай 1514 жылы жездесі Саид ханға ілесіп Қашқарияға кетеді. Ханмен бірге жаңа мемлекет «Қашғар хандығының» іргетасын қаласып, сонда 17-18 жылдай ғұмыр кешкен. Сонда оқыды. Білім алды. Бірте-бірте Саид ханның әскери қолбасшысы дәрежесіне жетті. 1524-1525 жж. Моғолстан мемлекетінің солтүстік шекарасын нығайту мақсатымен Саид хан және оның ұлы Әбдірашидпен (1510-1563) бірге бірнеше рет осы күнгі Қырғызстанның Жұмғал, Қошқар, Атбасы секілді жерлері мен елді мекендерінде болады.
Мұхаммед Хайдардың қырғыздар туралы жазғандары да көңіл аударарлық екенін айтқан жөн.
М.Хайдар 1527 жылы Хунза, Гилгит Читрал, Ягистан секілді бұрынғы Болор өлкесіндегі (Қазіргі Индия, Пәкістан жерлері) елді мекендерге жорық жасады.
1531 жылы қазіргі Үндістан жеріндегі Ладак аймағына жорық жасады.
1533 жылы шілдеде Лхасадағы «бүкілқытайлықтардың» храмын қирату үшін жорыққа шықты, одан кейін бірнеше мың әскермен Кашмирге аттанды. Бұл 1533 жылдың соңы болса, ал 1539 жылы бөлесі Бабырдың (1483-1530) Индияда билік құрып жатқан ұлдары Камран (1509-1557) мен Һумаюнге (1508-1556) қосылады. Һумаюнның Индия билігіне таласып жүрген ауған текті Шершаһпен (1472-1545) Ганга жағасындағы Канаудж деген жерде 1540 жылы болған атақты шайқасына қатысады. Бірақ олар онда жеңіліс табады. Ақырында Мұхаммед Хайдар Кашмирге екінші рет келіп, бір оқ та шығармай бейбіт жолмен билік тағына ие болады. Бұл елді ол 1540-1551 жылдары он, он бір жылдай билеген. Сонда жүріп жоғарыда айтылғандай «Тарих-и Рашидиде» Шу мен Қозыбасыға ту тіккен тұңғыш қазақ хандығы жайлы да жазуды ұмытпаған.
Қазақстан мен Орта Азия елдерін зерттеушілердің, тіпті түркі тектес халықтардың мәдениетін зерделеген Еуропа ғалымдарының да ешқайсысы сол себепті күні бүгінге дейін «Тарих-и Рашидиге» жүгінбей, оған соқпай кете алмайды. Еңбек осынысымен де құнды, осынысымен де бағалы.
«Тарих-и Рашидиді» жазу үстінде Мырза Хайдар өзіне дейін өмір сүрген араб, парсы, түркі текті Мир Гийас ад-Дин Мансур, Жамал ад-Дин Қарши, Йақұт әл-Хамауи ар-Руми, Рашид ад-Дин, Хамдаллах Казвини, Абд ар-Раззақ Самарқанди, Ұлықбек, Мұхаммед Қази, Мұхаммед Захир ад-Дин Бабыр, Ата Мәлік Жувайни, Шараф ад-Дин Әли Йазди, Мирхонд, Хондемир секілді белгілі тарихшы, жылнамашылар еңбектеріне белгілі бір шамада иек артқан. Мұның өзі оның ортағасырлық түркі әдеби тілі – шағатай тілінен басқа араб, парсы тілдерін де жақсы білгендігін көрсетеді. Аталмыш авторлардың туындыларын ол Орталық Азия елдері мен оны мекен еткен түрлі тайпа, ру, ұлыстардың тарихын баяндағанда жазба дерек-бұлақ көздері ретінде орнымен пайдаланған. Сөйтіп, ол «Тарих-и Рашидидің» деректілігін, дәйектемелерінің дәлдігі мен құжаттылығын арттыра түскен.
Мен «Тарих-и Рашидидің» көптеген жерлерінде айтылатын Кашмир, Агра, Канаудж, Пәкістандағы Лахор және т.б. жерлерде бірнеше рет болдым.
«Қазақфильм» киностудиясы «Мұхаммед Хайдар Дулати» атты деректі фильм түсіргенде Бабыр мен Һумаюн, Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати секілді түркі халқының т.б. ұлы перзенттерінің іздері қалған тарихи жерлерді аралап, оларды көзіммен көрдім. Кашмир университетінің қолжазба қорынан «Тарих-и Рашидидің» ХVІ ғасырда көшірілген, түпнұсқаға өте жақын еңбегін көзбен көріп, қолмен ұстап, атақты шығарманы қарап шықтым.
Мұның өзі тарихи мәселелерге қалам тербегенде көп септігі тиетіндігіне көз жеткіздім.
Кашмирдің кіндік қаласы Сринагардағы «Мазари Салатиннен» («Сұлтандар Зиратынан») Мұхаммед Хайдар Дулатидың да зиратын таптым. Ол жайлы жұртымызға «Егемен Қазақстан» газеті кезінде паш етті.
Сонымен «Тарих-и Рашиди» қазақ жерінде тұңғыш рет ту тіккен хандық туралы нақты да дәл, қызықты деректер қалдырған бірегей құнды шығарма.
Шоқан Уәлиханов (1835-1865) Мырза Хайдар еңбегін зерделей оқып, құрметпен қараса, В.В.Вельяминов-Зернов (1830-1904) оның қазақтар туралы деректеріне қатты мән бере келе: «Мұхаммед Хайдардың жазғандарының барлығы дерлік жаңалық және мейлінше қызғылықты. Әңгімелері қай жағынан қарағанда да үйлесімді және жауапкершілігімен ерекшеленеді» – дейді. Әрі ол ғалым жазбаларын өз зерттеулеріне молынан пайдаланған. Орта Азия мен Қазақстан тарихын кеңінен зерттеген В.В. Бартольд те Мырза Хайдардың еңбегіне зор мән берген. Кеңес дәуірінде «Тарих-и Рашиди» жайлы қазақ ғалымдарынан әр жылдары Ә.Х.Марғұлан, Т.И.Сұлтанов, Н.Н.Мингулов, өзбек оқымыстыларынан Р.Г.Мукминов, С.Ә.Әзімжанова, Х.Хасанова және тағы басқалардың үлкенді-кішілі зерттеулері жарияланды. Әлкей Марғұлан Мырза Хайдарды қазақтың тұңғыш тарихшысы десе, көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза оны «Қазақ Геродоты», «Қазақ тарихының атасы» деп орынды атаған.
* * *
Иә, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың пәрменімен Қазақ хандығының 550 жылдығының аталып өтілуін елімізде, қоғамдық санада жаңа бір сілкініс туғызып отырған халықаралық ірі саяси оқиға деп бағалауымыз керек, бұл қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың ең бір қуатты арнасы.
Керей мен Жәнібек хан құрған Қазақ хандығы тарих сахнасына көтерілгеннен бастап талай тар жол, тайғақ кешулерге толы жылдар мен ғасырларды бастан кешті. Бір өліп, бір тірілген кездер де болды. Ақтабан шұбырынды, XX ғасыр басындағы 3 миллион қазақты жалмаған аштық, сталиндік террор, Ұлы Отан соғысы да өз зардабын тигізбей қоймады. Осындай зұлматқа толы ауыр кезеңдерден соң Жаратушы иеміз 1991 жылы халқымыз көптен күткен, аңсаған азаттықты Нұрсұлтан Әбішұлы тұсында сый етті. Енді сол қиын жылдар келмеске кетсін деумен қатар, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, Мәңгілік Ел болуға ұмтылуымыз керек. Елімізге Алла тағала соны нәсіп етсін!
Қазақстан – болашағы зор мемлекет.
Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ,
Р.Б.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.
АЛМАТЫ.