тура 50 жыл өткенде толық дәлелденіп шықты
Биылғы жылы Англия құрамасының әлем чемпионы атанғанына тура 50 жыл толады. Қазір осы айтулы оқиғаға байланысты Ұлыбританияда үлкен тойға дайындық жұмыстары қызу басталып кетті. Соның шеңберінде Sky Sports телеарнасы 1966 жылы Лондонда өткен футболдан әлем чемпионатының Англия мен ГФР арасындағы финалдық матчта талас тудырған голдың да «тағдырын» шешіп берді. Бұрнағы күннен бері әлеуметтік желідегі басты тақырыптардың бірі осы болып отыр.
Бұл жердегі әңгіме кездесудің 19-минутында ағылшын Джеффри Херстің салған голы туралы болып отыр. Ол осы ойынға қапталдағы төреші ретінде қызмет еткен кеңестік арбитр Тофик Бахрамовтың арқасында саналып кеткен еді. Өте бір жауапты да түйінді шешім болғандығынан бұл сәт футбол мамандары мен жанкүйерлерінің жадтарында мәңгіге жатталып қалып қойды. Сөйтіп, алаң иелері 11-минутта неміс Хельмут Халлер соққан голға жауап қайтарып, таразы басын теңестіре алды. Бұдан кейін де тартысқа толы өткен матч 2:2 болып аяқталған болатын. Мұнда 78-минутта ағылшын Мартин Питерс соққан допқа тура 90-минутта неміс Вольфганг Вебер жауап қайтарып, таблодағы есепті тағы да теңестірген.
Ол кезде қазіргідей кездесу соңында негізгі таймға қосымша уақыт белгілеу деген атымен жоқ. Тіпті, алаңдағы ойыншыларды алмастыру тәртібі де енгізілмеген, старттық құрамдағы 11 ойыншы ақырына дейін өздері ойнап шығады. Осыдан соң командалар кімнің мықты екенін анықтау үшін құрамалар 30 минуттық қосымша таймға шықты. Осы кезеңде манағы Джеффери Херстің жұлдызы қайтадан жарқырап шыға келді. Ол 100 және 120-минуттарда тағы екі гол салып, хет-трикке де қол жеткізді.
Қазір Англияның осы тарихи жеңісінің 50 жылдығын атап өту тойы қарсаңындағы жоба шеңберінде сарапшылар кейіннен көп талас тудырған әлгіндегі голдың жайын да жан-жақты тексеріп көріпті. Сонда олар доптың қақпа сызығын толық кесіп өткеніне көз жеткізген. Демек, голдың болғаны да, оның дұрыс саналғаны да еш күмән тудырмайды.
Сол кезден сақталған бірде-бір видеоқайталау төреші шешімінің оң болғанына күмән тудыра алмады.
Еске сала кетейік, сол кездесудің бас төрешісі, швейцариялық Готфрид Динст қапталдағы кеңестік лайнсман Тофик Бахрамовпен кеңескеннен кейін әлгіндегі голды санап, сенімді түрде алаңның ортасын көрсеткен еді.
«Лайсманның қатесіз әрекеті ақыры дәлелденді. Иә, ол біржақты шешім қабылдай алатындай жақсы позицияда да тұрған жоқ еді. Бірақ соның есесіне біз қазір Бахрамовтың дұрыс болғанын мәңгіге дәлелдеп бердік», – деді «Ливерпульдің» атақты қорғаушысы Джейми Каррагер.
Тағы бір айта кететін жайт, осы жылғы 29 қаңтарда даңқты төрешінің туғанына 90 жыл толады. Тофик Бахрам оғлы Бахрамов – әзербайжан халқының перзенті. Ол 1926 жылы Бакуде туған. Жас кезінде футбол ойнаған. Бірақ аяғын сындырып алуына байланысты онымен ерте қоштасқан. Ал 1955 жылдан төрешілікпен айналыса бастаған. 1964 жылдан халықаралық матчтарға қызмет еткен. 1966 жылы әлем чемпионатында қазылық жасайтындар қатарынан табылды. Осылайша Николай Латышевтен кейін мундиалда қызмет етуші екінші кеңестік арбитр болды.
Т.Бахрамов 1972 жылы Аргентинаның «Индепендьенте» және Нидерландтың «Аякс» командалары арасындағы Құрлықаралық кубоктың финалдық матчында бас төрешілік жасады.
Қазір Бакудегі Республикалық стадионның алдында Тофик Бахрамовтың ескерткіші тұр.
Руслан ИГІЛІК.