09 Қаңтар, 2016

Халқы қастерлеген Шоқан

510 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ШоканШ.Уәлиханов тек қазақ халқының мақтаныш тұтар перзенті ғана емес, әлемдік өркениеттің, түбі бір түр­кі халықтарының ұлы тұл­ғасы. Шоқан­ның әрбір еңбегі ең алдымен өз халқының тарихын жете зерттеуді көздеген. Қазақтардың шығу тегін зер­делеу – елін шексіз сүйген Шоқан үшін ғылыми-теориялық тұрғыдан ға­на емес, практикалық тұрғыдан да ма­ңыз­ды болатын. Көшпелі халықтар тарихын, олардың шығу тегін зерттеудегі Уәлихановтың ұстанымы, өзінің про­гресшілдігі, танымдық әлеуетінің кең­дігі тұрғысынан батыс және орыс ға­лымдарының ғылыми жетістіктерінен әлдеқайда алға кетті. Ол Орталық Азия­ның құнарлы жайлаулары мен өзен-суы мол ұлан-байтақ даланың ертеден жеке-жеке көшпелі ұрпақтардың сансыз көп ордалары мекен еткенін, қоныстарын үнемі ауыстырып, көшпелі салт-дәстүрше әртүрлі атаумен, кейбірі өз ұрпағының атымен аталып келгендігін жазады. Шоқан қазақ даласындағы географиялық нысандарға, өзен мен көлдеріне, тау мен қыраттарына, сай-саласы мен қойнауларына, олардың түркі-қазақы атау­ларына үңіледі. Қазақ жерін Сол­түстіктен Оңтүстікке, Шығыстан Батыс­қа дейін картаға түсіріп, оған қазақ тілінде (араб қарпінде) түсіндірмелер береді. Сонымен ол болашақ ұрпаққа оның этностық территориясы туралы баға жетпес тарихи құжаттар қалдырды. Қазақ халқының жер-суының ежелгі атау­лары туралы Шоқан еңбектері – болашақ ұрпақ үшін тәуелсіз Қазақстанның территориялық, этностық тұтастығын сақтап қалу жолындағы аса маңызды тарихи құжат екені айғақ. «Ұлылардың ұлағатын ұмытпау – ел боламыз деген халықтың тарих алдындағы парызы», – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, еліміздің мәңгілігіне жол салған тарихшы, шығыстанушы, географ, этнограф, экономист, филолог, өнертанушы әрі «асқан данышпан» Шоқан Уәлихановтың қамшының қысқа сабындай өнегелі өмірін, ғылыми танымын жастарға үлгі ету үшін Шымкент қаласындағы Оң­түстік Қазақстан мемлекеттік педа­го­гикалық институты география ка­фе­драсының ұйымдастыруымен кең кө­лемді республикалық ғылыми-тә­жі­рибелік конференция өткізілген болатын. Бір айтарлығы, конференция жұмысы тұғырлы үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүріп, үш секцияны қамтыды. Шығыстану әлемінде «құйрықты жұлдыздай» жарқ етіп өте шыққан, өз заманында дүниежүзілік ғылымға елеулі үлес қосқан Ш. Уәлихановтың әртарапты, терең мазмұнды еңбектері, асыл тұлғасы мен жарқын бейнесі тарихтың әр кезеңінде жоғары бағалануының дәлелі конференция жұмысында көрініс тапты. «Қазақтың жарық жұлдызы» ат­ты жинақтың сүйінші таралымы рес­публикамыздың барлық облыстарына жөнелтілді. Ғабит Мүсірепов: «Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел!» – деп баға берген екен. Қазақ халқының «жеті жұрттың тілін білген жарық жұлдызын», оның өмір жолын, Отанын, елін сүюдегі жанқиярлық еңбектерін өскелең ұрпаққа дәріптеп, осы орайда өз мақсатына жеткен конференцияға қатысып, үлес қосқан шетелдік әріптестерімізге, барша ғалым-профессорлар мен оқытушы ұстаздар қауымына және студенттерге ризашылығымызды білдіреміз. Қызбибі НАЛМИШОВА, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика институты география кафедрасының аға оқытушысы. ШЫМКЕНТ.