09 Қаңтар, 2016

Монтер

1791 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мантер 1Монтер өмірде бір-ақ рет қателеседі. Осы сөзді бала кезінен бері мың рет естіген шығар. Алғаш болып атасы айтқан еді. Әлі есінде, балдаққа сүйеніп тұрған атасынан неге ақсаңдап жүретінін сұраған болатын. «Әй, балам-ай, бәрі де еңбек қауіпсіздігін сақтамай, асығыс іске кіріскеннің бәлесі ғой. Үзілген желіні жылдам жалғау керек болып, электр бағанына арнайы белдіксіз шығып, желіге жалаңаш қолым тигенде ток соқты. Ә дегенше он екі метр биіктіктен лақтырды да жіберді. Бір аяқ сынды, қол шықты, оң жақ көзімнің көруі де нашарлап кетті. Мұның бәрі «Монтер өмірде бір-ақ рет қателеседі» деген қағиданы ұмыт қалдырғанымның салдары. Есейгенде электрик болсаң, осы қағиданы үнемі жадыңда ұстағайсың. Әйтпесе мен сияқты өмір бойы балдаққа күнің қарап қалады, балам», деген болатын Сегізбай атасы. Ауылдағы ең қадірлі ақсақал­дардың қатарындағы және еш­қашан асығып іс қылмайтын атасының осындай орны толмас қателікке ұрынғанына сене алмай ұзақ жүрді. Себебі, облыстағы үлкен молданың бірінен саналатын атасынан көп адамдар түрлі кеңес сұрайтын. Атасы әңгіме барысында жолаушылар келген аудандар мен ауылдарға бір кездері электр желілерін бірінші болып өздері тартқаны жөнінде айтып, сырттағы облыстарда сыйлас болған адамдардың хал-жағдайын сұрастырып отыратын. Осының бәрін тыңдап өскен Бегалы Өзбекстанға бірінші болып электр жарығын жеткізген жандардың бірі өз атасы екенін үлкен мақтаныш көріп, сондай қадірлі монтер болуды армандап, қиялдайтын. Тіпті, өз әкесі Жұмабай да атакәсіпті ұстаған инженер-энергетик болатын. Бір кездері Мырзашөлдегі тың жерлерді игерушілердің ор­та­лығы болған атақты Гагарин қа­ласындағы мақта зауытында, одан кейін Ақалтынның ұн зауытында жемісті еңбек еткен әкесі, КСРО ыдырап, елдер тәуелсіздік алған шақта Қазақстанға қоныс аударды. Мақтаарал мақта зауытында байырғы кәсібін жалғап, абырой-беделге кенелді. Өкініштісі, бұл әскерден оралған кезде, жасы әлі қырықтың бел ортасына да жетпеген әкесі қапияда қаза тапты. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін», деген тәмсілдің нақты мағынасын сонда ұғып, білді. Әкесінің әріптестері мен басшылары әлі кәсіп иеленіп үлгірмеген мұны кәдімгі монтер етіп жұмысқа алды. Әуелгіде шәкірт ретінде ұстап, әрқайсысы білгенін үйретті. Атасынан, әкесінен жұғысты болған қабілеті мен монтер ісін тез-ақ меңгеріп кетті. Атакәсіптің арқасында інісі мен екі қарындасының аяқтанып кетуіне септесті. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» деген ме­йірлі сөз жанын жадыратады. Себебі, жақсы адамдардың қамқор көмегін көп көрді. Әкесінің дос көңіл әріптестері мен басшылары тек кәсіп қана үйретіп қой­май, отбасының бас иесі болып қалған мұның үйленіп, шаңырақ көтеруіне де көмектесті. Құдалық пен той шығынын толық дерлік көтеріп, әкесіне деген дос­тық көңілдерінен жаңылмады. Қа­зіргі биігіне көтерілуде сол кез­дегі басшылары әрі ұстаздары Пердебай Сәбитов пен Базарбай Отарбаев және Дәурен Медеуов, Ырзабек Сағындықов сынды аға­ларының тәлім-тәрбиесінің се­бі мол болғанын жүрген жерінде та­ғылым ретінде айтып жүреді. Ел астанасы Сарыарқаға кө­шіп, ел мен жер жаңғырып жат­қан жаңа заманда арманы мен мұраты асыл жастар жаппай Арқаға қарай ағылды. Сол көштің біріне ілесіп Бегалы да Астана іргесіндегі бір ауылға келіп қоныс тепті. Іргесін жаңа қалап жатқан Астананың жұмысына білек сыбанып кірісіп кетті. «Қуат» құрылыс корпорациясында электрмонтер болып қызмет етті. Қазіргі Ми­нистрлер үйі мен Үкімет үйінің құрылысына қатысты. Мұ­ның қарапайым монтерлік қыз­ме­тін жоғары бағалаған «Қаз­ма­манэлектроқызмет» кәсіпорыны электрмонтаждаушы етіп қыз­метке шақырды. Онда табан аудармай 4 жыл жұмыс істеген соң «Найза құрылыс» компаниясына жұмысын алмастырды. Осы қызметінде жүріп 2013 жылы «Жылдың ең үздік электригі» атағын алды. Барлық нәрсе білімсіз болмайды. Мақтааралда жүргенде Ақалтын кәсіптік лицейінде оқып білім алған еді. Елордада жоғары білім керек екеніне көз жеткізіп, Тараз қаласында оқуын сырттай жалғастырып жатыр. Төрт баланың әкесі бола тұрып, өз жоба-жоспары бойынша үй тұрғызды. Себебі, ол өскен ортада мүмкіндігі бар қуатты ер адам өзінің қолымен өзіне жайлы үй тұрғызуды үлкен мәртебе санайды. Оған қоса інісі мен екі қарындасын да үйлі-жайлы етіп, өрісін кеңейтіп, ата мұраты болған ұрпаққа өркен жайдырып отыр. Екі жыл бұрын «Базис» құрылыс компаниясына алмасып, оның «Астана ЭКСПО-2017» құрылыс алаңындағы энергоқызметінде абыроймен қызмет етіп жүр. Осында келгелі ЭКСПО халық­аралық көрмесінің тарихымен танысып, «Болашақтың энергия­сы» та­қырыбына ден қойып, білімі мен білігін өз бетінше жетілдіруге кіріскен. Балама энергия көздеріне терең үңіліп, оны дамытушы елдердегі мамандардың саладағы жаңалықтары мен жетістіктерін үнемі зерделеп, оны толық мең­геруге әрекет етеді. Бала күнінен құлағына құйылып келген «Үйрен де жирен», «Жігітке жеті өнер де аз» деген сипаттағы тәмсілдерді бүгінде өз перзенттерінің құла­ғына құя бастады. Өйткені, оның «Базистің» таңдаулы энер­ге­тик­терінің қа­та­рынан көрінуінде дәл осы тәмсілдердің тәлімді үлесі мол. Ал енді электрмонтер Бе­галыға жолығып, ЭКСПО туралы пікірін сұрасаңыз, көрменің серпінді дамулары мен адамзат өрлеуіндегі орны жөнінде таңды таңға ұрып әңгіме шертеді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».