Көкшетау қаласындағы Қоғамдық келісім сарайында, жалпыұлттық «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы аясында, «Тәуелсіздік жылына – 25 жыл» акциясы бастау алды.
Шараға қатысқан этномәдени орталықтардың өкілдерін, депутаттарды, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшыларын, қалың жұртшылықты құттықтау сөзінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның ХХІІ сессиясында және Қазақстан патриоттарының форумында бастамашылық көрсеткен шараның маңыздылығын атап көрсетті.
– Ғасырлар бойғы арман Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы біз Отанымызды көркейтудің тарихи мүмкіндігіне ие болдық, –
деді Нұрлан Жаңбыршыұлы. Біз осынау қысқа әрі өте жауапты 25 жылда серпінді еңбек етіп, замана көшіндегі мүлдем жаңа, қуатты мемлекетті құра білдік. Бүгінгі күні Қазақстан мемлекеттік құрылыстың сапалық жаңа кезеңіне шықты. Баршамызды жеңіске бастайтын қадамдар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасында түбегейлі айқындалды. Ұлт Жоспарының темірқазығы – елімізді мейлінше дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосуды мақсат тұтатын «Мәңгілік Ел» идеясы.
Әлемді қаузаған дағдарыстарға қарамастан ел экономикасының серпінді өсіміне бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. «Нұрлы Жол» бағдарламасы жалғасын тауып, Үдемелі индус-
триялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы бастау алды. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі ретінде Қазақстан халқының тұрмысы мен Отанымыздың гүлденуінің мақсатты жолын жалғастыруда.
Біздің республикамыз 2015 жылы экспорттаушы жетекші 50 елдің қатарына қосылып, әлемдік сатыдағы 43-ші орынға көтерілді. Биылғы 1 қаңтардан әлеуметтік жәрдемақылар, зейнетақы мен шәкіртақы, бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы өсті. Қазіргі жағдайда мұндай кепілдікті кез келген мемлекет қамтамасыз ете бермейтіні белгілі. Бүгінгі күні біздің баршамыз, ортақ Отанымыздың патриоты ретінде, нақты істерге жауапкершілікпен кірісуіміз керек. Тәуелсіздік мұраттарына адал болу, шырайлы шаңырағымыздың шаттығын еселеу әрбір азаматтың асыл парызы саналады.
Сондай-ақ, шараға қатысушылар алдында «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық ұйымының төрағасы Мейрамбек Қиықов, «Орыс қауымдастығы» және «Видергебурт» неміс қоғамдық бірлестігінің жетекшілері Александр Артеменко мен Любовь Ленева сөз алып, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – тұғырлы 30 шара» бастамасын көтерді.
Салтанатты басқосуда бір топ белсенді азаматқа Мемлекет басшысының, облыс әкімінің Алғыс хаттары мен «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медальдары табыс етілі.
Шара қорытындысында, Тәуел-
сіздігіміздің 25 құрдасының «Алға,
Қазақстан!» әнін шырқауы жұртшылықты тебіреніске бөледі.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.