09 Қаңтар, 2016

Арман орындалар амалдар

344 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Астана ДВД генерал А, АубакировМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында ішкі істер орган­дарына маңызды жауапкершілік артылып отыр. Соның нақты ай­ға­ғындай, ағымдағы жылдың 1 қаң­тарынан бастап «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі бас­талды. Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Бұл орайда, Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық ар­манға бастайтын жол» атты мақа­ласындағы екінші реформаға құқық тәртібі және заңдылық мә­селелер еніп отыр. Онда «Біз­ге барлық құқық қорғау ор­ган­­­да­рының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүд­десі мен құқықтық тәртіпті ны­ғайту қызметінде тұ­руына қол жеткізуіміз қажет. Бұл үшін жер­­гілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қыз­меті құрылады. Жергілікті поли­ция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр», делінген. Біз бұл міндеттерді орындауға бір кісідей жұмыла кірісіп кеттік. Баршаға мәлім, Ұлт Жоспарында­ғы 30-қадамда жергілікті атқарушы органдар мен халыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру қажеттілігі аталған еді. Сондықтан, бұл орайда қайтадан құрылған қызметтердің құзіретіне, ең алдымен, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәсе­лелері жүктелді. Жергілікті полиция құрылымына учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік полициясы мен басқа да бөліністер кіреді. Олар, бір сөз­бен айтқанда, халықпен күн­делікті тығыз байланыстағы қыз­меткерлер. Мұндағы түпкі мақсат – полиция қызметін ашық әрі әділ ету болса, бір жағынан жергілікті жұртшылықты құқық қорғау қыз­метіне тарта отырып, сол аудан мен кентте туындаған күрделі мәселелерді бірігіп шешу болып табылады. Халықпен бастапқы және байланыстырушы буын – учаскелік полиция инспекторлары Жоспардың 30-қадамын іске асыруға зор ынтамен кірісті. Халыққа есеп беру кездесулерін өткізіп, азаматтарға әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер бойынша құқықтық көмек көр­сетуде. Учаскелік полиция инс­пек­торының халықпен етене байланысуы оның жұмысының нәтижесіне оң әсерін тигізеді және халықтың полицияға деген көзқарасын қа­лыптастырады. Осыны ескере оты­­рып, учаскелік инспекторларды таңдау тәжірибесі енгізіледі жә­не дауыс беру тәсілімен аталған учаскелік полицияны халықтың өзі таңдайды. Осы ретте қоғамдық институт­тардың рөлі айтарлықтай. Бізде полиция қызметіне бақылау жасайтын Қоғамдық кеңес жұмыс істейді, ал оның құрамына Парламент және қалалық мәслихат депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері кіреді. Бұл жұмыс қазіргі уақытта Ұлт Жоспарының 31-қадамына сәйкес жүргізілуде. Ақпараттық ресурстардың озық мүмкіндіктерін, әсіресе, ғаламтор желісін ескере отырып, елордалық ІІД блогы құрылып, ол қоғаммен жанды қарым-қатынас тәсілінің біріне айналды. Осы ретте азамат­тар тарапынан күн сайын түсіп жатқан құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды айта кетуге болады. Барлық хабарламалар міндетті түрде қаралып, уақтылы жауап беріледі. Кері байланысты күшейту үшін департаменттің барлық бө­лім­шелерінде «сенім телефондары» жұмыс істейді. Апта сайын ІІД және аудандық ІІБ жетекшілері «Нұр Отан» партиясының филиалында азаматтарды қабылдайды. Қалалық билікпен тығыз қарым-қатынас орнатылған. 2050 жылы елорданың әлемнің ең үздік он қала­сының қатарына қосылу тұ­­жырымдамасын есепке ала отырып, елордалық әкім­дікпен ал­дыңғы қатарлы, заманауи технологиялар енгізілуде. Ең бірінші – бұл кең көлемді жоба, яғни «Тір­шілік қарекетін кешенді қам­­­тамасыз ету жүйесін» енгізу халыққа қызмет көрсететін қала­лық қызмет жұмысын біршама жеңілдетеді. Бұл – сауда, ойын-сауық орталықтарында, әлеуметтік нысандар, мектеп, қоғамдық кө­лік және халықтың көп жина­латын орындарына көптеген бей­не­бақылау камераларын орнату. Олардың қатарына интеллектуалды көлік жүйесі және автоматты режімде адамның қатысуынсыз ав­то­­көлік легін басқара алатын «ақыл­ды» бағдаршамдарды қосуға болады. Елордалық полицейлер тиімді бейнетіркегіштерді қолданысқа енгізді. Бейнетіркегіштер құқық бұзушылықты тек тіркеп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық кө­рі­ністеріне қарсы тұрады. Қазіргі күні Астанада барлық жол-пат­рульдік полиция қызметкерлері толық­тай бейнетіркегіштермен қам­тылды. Олардан бөлек, бей­нет­іркегіштермен учаскелік инс­пекторлар, ювеналды полиция және жедел-тергеу топтары мен қызметтік арнайы автокөлік жаб­дықталуда. Біздің департаментке ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық кезінде және шараны абыроймен өткізуде қала тұрғындары мен қо­нақтардың қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ, қылмыстың және құқық бұзу­шылықтың алдын алуда үлкен міндет жүктеледі. Бұл орайда, полицейлерге шет тілдерді оқытуды жалғастырып келеміз. Бүгінгі күні елордалық полицияның 200 қызметкері ағыл­шын тілі курстарын тәмамдап, сер­тификаттарын алды. Бұл шетел азаматтарының хабарламаларына жедел әрекет етуге және елорда­лық полицияның оң имиджін қалып­тастырады. Сонымен қа­тар, осын­­­дай сипаттағы халық­ара­лық көрмелерін жүргізген шетел­дердің оңтайлы тәжірибелері талқылануда. Астана қаласы ІІД басшылығы мен жеке құрамы Ұлт Жоспарын іске асыру бойынша бұдан әрі де бар амалдарды қолға алып, жалпы халықтың полицияға сенімін арттырып, жұмысты жандандыра түсеріне сенім мол. Амантай ӘУБӘКІРОВ, Астана қаласы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры.