12 Қаңтар, 2016

Жағдай жаңа жылда да жақсармай тұр

249 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
дагдарыс-1Сауд Арабиясының  ірі компаниясы сатылады Сауд Арабиясының ең ірі Saudi Aramco атты мемлекеттік мұнай компаниясының жекешелендірілетіні туралы хабар әлемдік рынокты естен тандырды, деп хабарлайды британдық The Guardian. Saudi Arabian Oil Co – Сауд Арабиясында мұнай өндіретін бірден-бір компания. Ең соңғы деректер бойынша ол әлемдегі мұнай қоры жөнінен екінші орынды алады. Бұл мұнай компаниясына жалпы құны 319 миллиард долларды құрайтын 261 миллиард баррель мұнай қоры тиесілі. Мұнай қоры жағынан Saudi Aramco мұнай алыбы Exxon Mobil-ді он орап алады. Қазіргі таңда Saudi Aramco әлемдік рыноктағы өндірілген мұнайдың 10 пайызына иелік етеді. Блумберг агенттігі сарапшыларының пікірі бойынша, Сауд Арабиясы мұнай алыбының акциялары 2,5 триллион долларға бағалануы мүмкін. Сауд Арабиясының екінші мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салманның Saudi Aramco мемлекеттік мұнай компаниясы ІРО арқылы жекешелендірілетіні жөніндегі хабары әлем инвесторларын дүр сілкіндірді. Әзірге мұнай компаниясының қандай мөлшердегі үлесі сатылатындығы туралы нақты дерек жоқ. Соған қарамастан егер Сауд Арабиясының бұл мұнай компаниясы саудаға түсетін болса, әлемдегі ең ірі ашық мұнай компанияларының үштігіне кіріп, қазір көш бастап тұрған Apple-дің өзін шаң қаптыруы мүмкін. Saudi Aramco компаниясының ашық саудаға салынатындығы мұнай өндіру көлемін төмендетпей отырған Сауд Арабиясының стратегиясын алдағы уақытта өзгертуі мүмкін, дейді кейбір сарапшылар. Британдық The Guardian-ның айтуынша, бұл компания акциялары әлеуетті инвесторлардың зор қызығушылығын туғызатындығы сөзсіз. Алайда, осы уақытқа дейін барлық қызметі жабық түр­де жүргізіліп келген бұл ком­панияның сатылу қарсаңында толық ашылатындығына көп­шіліктің күмәні көп. Алда-жалда батыстық инвесторлар Saudi Aramco мұнай компаниясының акцияларын сатып алуға кірісетін болса, олар ең алдымен Сауд Арабиясы үкіметінен бұл компания қалай басқарылатындығы, оның алдағы уақытта қалай дами­тындығы туралы ақпаратты ашық жариялауды талап ететіндігі сөзсіз. Bank of America биржалық тауарларды зерттеу басқармасы­ның басшысы Франсиско Блан­ша мемлекеттік ірі мұ­най ком­паниясының жекеше­ленді­ріле­тіндігі туралы бұл хабарды Сауд Арабиясы үкіметінің «құбылмалы уақытта айтқан таңғаларлық идеясы» деп бағалады. Saudi Aramco компаниясының ІРО арқылы жекешелендірілуі мүмкін екендігі туралы ақпарат әлемдік рыноктағы мұнай бағасының рекордтық арзандауы кезінде жарияланып отыр. Сарапшылардың болжамынша, мұнай бағасының құлдырауы әлі төмендеу шегіне жеткен жоқ. Сондықтан, мұндай хабардың мұнай рыногындағы ахуалды одан әрі ушықтыруы әбден мүмкін. Келесі бір сарапшылар мұнай өндіру деңгейін төмендетпей, оның бағасының құлдырауына жол берген ОПЕК-тің көшбасшысы Сауд Арабиясы ірі мемлекеттік мұнай компаниясын сату арқылы мемлекеттегі қаржылық ахуалдың қиын­ды­ғынан құтылуды көздеп отыр дейді. Қалай болғанда да, мұнайдың арқасында осы уақытқа дейін байлыққа шыл­қып келген Сауд Арабиясы эко­номикасының тығырыққа тіре­ле бастағандығы айқын бола бас­тады. «Жел болмаса шөп басы қи­мылдамайды» дегендей, әйтпесе, Сауд Арабиясы өзінің «сауын сиырдай» мұнай компаниясын сатпаған болар еді. дагдарыс-2Алпауыттар біршама қаржыдан қағылды Қор биржасындағы жаңа жылдың алғашқы аптасындағы сауда айналымында әлемнің 400 ең бай адамы тұтастай алғанда 194 миллиард доллар байлығынан айырылды. Bloomberg агенттігінің дерегі бойынша, оған Қытай экономикасының төмендеуі және мұнай бағасының құлдырауы себеп болған көрінеді. Салыстыру үшін айта кететін болсақ, 2015 жылдың басында осындай сауда айналымында әлемдік миллиардерлер бар болғаны 29 миллиард доллар қаржысын жоғалтқан еді. Биылғы жылдың басы әлемдік алпауыттар үшін өте сәтсіз болды. Жаңа жылдың алғашқы аптасында планетадағы ең бай адамдардың тізіміндегі төртінші орынды иеленетін Amazon.com-ның негізін қалаған Джефф Безос 5,9 миллиард доллар қаржысын жоғалтты. Ал бай адамдар рейтінгінің көшбасшысы Билл Гейтс 4,5 миллиард доллар ақшасынан қағылды. Әлемдік алпауыттар тізіміндегі Билл Гейтстен кейінгі орынды иеленетін Амансио Ортега 3,4 миллиард доллар қаржы жоғалтты. Ал қор биржасындағы алғашқы сауда айналымында әлемдік алпауыттар қатарындағы 47 миллиардер 1 миллиардқа дейінгі қаржыларынан айырылды. Bloomberg агенттігінің дерегі бо­йынша, әлемдегі ең бай адамдар тізіміндегі миллиардерлердің жалпы байлығы 3,7 триллион долларды құраған екен. Бұдан бұрынғы жылы бұл көрсеткіш 4 триллион теңгеге тең болатын. дагдарыс-3Германия 1,1 миллион босқынды қабылдады Германия Федеративтік Республикасының ішкі істер министрі Томас де Мезьер 2015 жылы Германия 1,1 мил­лион босқынды қабылдағандығын мәлімдеді. Bloomberg агенттігінің хабар­лауынша, бұл босқындардың үштен бір бөлігі Сирияда орын алған қантөгіс соғыстан қашқандар болып табылады. Алайда, өткен жылы әлемді дүр сілкіндірген ха­лық­тардың ұлы көші-қон оқи­ғасы барысында Таяу Шығыс пен Аф­ри­кадан себепті-себепсіз қо­ныс ау­дарып, кәрі құрлыққа табан тіре­гендер қатары миллионнан асты. Босқындардың басым көпшілігі экономикалық жағынан әлеуетті елдерге бағыт ұстауда. Бұл орайда олар Германияда көш бастап отыр. Сарапшылардың дерегі бо­йынша, Германияның босқындарға бөлген қаржысы жылдан-жылға өсіп келеді. Бірақ бұл проблеманы шешуде бұл қаржы да аздық ететін сыңайлы. Германияның KfW атты даму банкінің дерегі бо­йынша, 2016 жылы мигранттарға жұмсалатын шығын елдегі ІЖӨ өсімінен асып түсетін көрінеді. Алдын ала белгіленген шаралар бойынша 2016 жылы Германияда босқындар проблемасын шешуге 17 миллиард еуро жұмсалмақ. дагдарыс-4Мигранттар басбұзарлыққа барды Жаңа жыл түні Финляндияның барлық аймақтарынан келген мыңға жуық мигранттар Хельсинки қаласының орталық алаңына жиналды. Алдын ала келісілген жоспар бойынша олар алаңда ұйымдасқан тәртіп бұзушылық шараларын өткізбек болған. Бұл туралы жергілікті полицияның деректеріне сүйене отырып, Финляндияның YLE атты телерадио хабарларының порталы мәлімдеді. Полицейлердің айтуы бо­йынша, Финляндияның бар­лық аймақтарынан астанаға жиналған мигранттар Гер­ма­нияның Кельн қаласында бол­ған тәртіпсіздік шараларындай акция ұйымдастырмақ болған. Сәтін салғанда, бұл туралы полицияға алдын ала хабарланып отырған. Соның арқасында олар Хельсинки қаласының вокзал маңындағы алаңына жинал­ған жүздеген мигранттарды тұр­ғылықты жеріне қайтаруға мәжбүрлеген. Оған көнбеген бірнеше адамды тұтқынға алған. Deutsche Welle таратқан ақпарат бойынша, жаңа жыл түні Кельн қаласындағы собор алаңында оңдаған қыздар мен әйелдер Германияға жан-жақтан жиналған мигранттар мен босқындардың зорлық-зомбылығына душар болған. Басым көпшілігі арабтардан тұратын босқындар мен мигранттар тобы орталық алаңды жан-жағынан қоршап алып, ойларына келген заңсыздықтарды жасаған. Бастапқы кезде полиция оларға қарсы ешқандай қимыл көрсете алмаған. Осы басбұзарлық салдарынан екі әйелдің зорланғаны мәлім болды. Кейіннен полицияға осы мазмұндағы 121 шағым түскен. Кельн қаласының полициясы әзірге 16 кінәліні ұстап, тексеру жұмыстарын жүргізуде. «Біздің алдын ала қимыл­даған шұғыл шараларымыз­дың арқасында үлкен тәр­тіп­сіз­діктерге жол берілген жоқ. Алайда, қылмыстың то­лық алдын алу мүмкін болмады. Жаңа жыл қарсаңындағы түнде мигранттардың жер­гілікті 3 әйелді зорлау оқиға­лары орын алды», дейді Хель­син­ки полициясы бастығы­ның орынбасары Илкка Коски­мэки. Полиция бастығы орын­баса­ры­ның айтуынша, егер Хельсинки қаласының полициясы босқындар тарапынан ұйымдастырылған қылмыстың алдын алмаған жағдайда Кельн қаласындағы оқиға мұнда да орын алатын еді. Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».