12 Қаңтар, 2016

Тарихи жеңіс

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
11-01-2016-ralli 02Қазақстандық автоспортшы Қанат Шагиров штурман Виталий Евтеховпен бірге Africa Eco Race-2016 ралли-марафонының тұжырымды жалпы есебінде топ жарды. Осылайша «Дакар» раллиінің классикалық маршруты бойынша өтетін дәстүрлі жарыста қазақ спортшысы тарихи жеңіске қол жеткізді. Mobilex Racing командасы сапында сынға түскен отандастарымыз жарыс жолына Toyota Overdrive көлігімен шыққанын атап өткен жөн. Дода Африка құрлығындағы Марокко, Мавритания және Се­негал елдерінің аумағында өтті. Соңғы 12-кезеңде француздық экипаж Филипп Госселен мен Паскаль Винсент жеңіске жетті. Алайда, бұл көрсеткіш жалпы есептегі жағдайға ешқандай өзгеріс әкелген жоқ. Нәтижесінде қазақстандық спортшы Қанат Шагиров бастаған экипаж жеңіс­тің ең биік тұғырынан көрінді. Біздің саңлақтар екінші орын алған Францияның тағы бір экипажы Паскаль Томас пен Паскаль Ларокты 25 минут 24:48 секундқа артта қалдырды. Ал келесі фран­цуздық ұжым Матье Сер­радори мен Дидье Акет жеңім­паздардан 1 сағат 33:23 се­кундқа қалып, үздік үштікті түйін­деді. Hummer көлігімен сайысқа түскен Mobilex Racing команда­сының тағы бір экипажы, қазақ­стандықтар Юрий Сазонов пен Алексей Кузьмич жалпы есепте 8-орын алса, тәжірибелі штурман Арслан Сахимовпен бірге өнер көрсеткен раллидің дебютанты, қандасымыз Ерден Шагиров 27-орынға табан тіреді. Сонымен қатар, сериялық «жол талғамайтын көлік» Т2 класы бойынша жарысқа қатысқан жалғыз қазақстандық өкіл, Off Road Kazakhstan командасының экипажы Марат Әбіқаев пен Андрей Чипенко жалпы есепте екінші орын алды. Олар сайысқа Toyota көлігімен қатысты. Бұл сында қазақстандық экипаж Ford көлігін тақымдаған ресейлік Александр Терентьев пен Алек­сей Беркутке есе жіберді. Ал жарыстың қола жүлдесі Nissan көлігіне мінген француздар Жо­зеф Россо мен Гай Ленефвюге бұйыр­ды. Ал абсолютті жалпы есеп­те Марат Әбіқаев 23-орынға тұрақтады. Айта кетейік, Africa Eco Race-2016 ралли-марафонында қазақстандық спортшылар 12 кезеңнің төртеуінде топ жарды. Атап айтқанда, бірінші және үшінші кезеңдерде Юрий Сазонов пен Алексей Кузьмич экипажы жеңіске жетсе, бесінші және жетінші кезеңдерде Қанат Шагиров пен Виталий Евтехов мәре сызығын бірінші болып қиды. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».