12 Қаңтар, 2016

Редактор Рыжковтың мерейі

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
РыжковБиыл біздің еліміз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тойын атап өтеді. Осы айтулы оқиғаның құрметіне Қазақстан Журналистер одағы азаматтық қоғамды дамытуға қосқан сүбелі үлесі және де осы жолда қол жеткізген толайым табысы үшін арнайы берілетін алтын медаль иегерінің есімін жариялады. Бүгінгі күнге дейін алтын медальды халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қоз­ғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменов, халық­аралық «Әділ сөз» сөз бостан­дығын қорғау қорының пре­зиденті Тамара Калеева және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Сағымбай Қозыбаев иеленген болатын. Енді келіп аталған награда өз иесін Қарағандыдан тапты. Қазақстан Журналистер одағының алтын медалі аталған одақтың облыстық филиалының төрағасы, орыс тілінде жарыққа шығатын жергілікті ресми басылым – «Индустриальная Ка­ра­ганда» газетінің бас редакторы Владимир Рыжковқа бұйыр­ды. Бас редакторға жоғары на­граданы Қазақ­стан Журналистер одағы төра­ғасының орынбасары Николай Кубраков тапсырды. Владимир Рыжков журналистика саласына еңбегі әбден сіңген кәнігі маман. Кезінде ол «Правда», «Комсомольская правда», «Казахстанская правда» газеттерінде қызмет етіп, өзін қаламы жүйрік журналист, азаматтық ұстанымы берік, парасат-пайымы биік адам ретінде таныта білген қайраткер тұлға. Қазіргі таңда ол облыс­тық «Индустриальная Ка­раганда» газетін басқарып, өзін ұйымдастырушылық қабілеті зор басшы ретінде де көрсете білді. Аталған басылым Владимир Иванович редакторлық еткеннен бері оқырманы іздеп жүріп оқитын, салмақты да салиқалы басылым деңгейіне көтерілді. Сонымен қатар, алтын медальдан бөлек, Владимир Рыжков еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басылым журналистерінің жұмысына жоғары баға берген Алғыс хатын да алды. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.