Қазақтың физика ғылымында жаңалық ашып, ересен жетістіктерге жеткендер бірен-саран. Солардың бірі және бірегейі деп жақында дүниеден озған Совет Исатаевты ерекше атап өтуіміз керек. Ғалымды танып-білу үшін оның өмірбаянына бір мезет үңілейік.
Совет Исатайұлы Қарқаралы қаласындағы орта мектептi бiтiрген соң Алматыдағы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дiң физика-математика факультетiне оқуға түседi. Студент кезiнде өзiнің табиғи алғырлығы мен бiлiмге деген құштарлығы арқасында сол кезде факультетте жұмыс iстеген, Қазақстанда жылу физикасы ғылымының негiзiн салушы iрi ғалым Л.А.Вулистiң көзiне түсiп, iлтипатына ие болады. Ғылыми жұмыстарға араласа бастайды. Университеттi тәмамдағаннан кейiн ҚазМУ-дiң күндiзгi аспирантурасында қалдырылып, Л.А.Вулистiң жетекшілiгiмен 1959 жылы диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесiне ие болады.
Ол өзін түлеткен университетiнiң физика-математика факультетiнде аға оқытушы, доцент, 1990 жылы профессор атағын алады. 1969-1972 жылдары физика факультетiнiң деканы қызметiн атқарды. Факультетке жетекшiлiк еткен жылдары С.Исатаев физика мамандығына талантты қазақ жастарын тартып, көптеген түлектердi сол тұстағы Одақтың жоғары оқу орындарының аспирантурасына жiбередi. Аспирантураны бiтiрген соң олар факультеттiң оқытушылық және ғылыми жұмыстарына араласуына мүмкіндік жасайды. Факультетке жұмысқа шақырылған сол көптеген оқытушылар мен аспиранттар қазiргi кезде физика саласындағы жетекшi ғалымдар қатарында. Олар ҰҒА академиктерi, профессорлар М.Әбдiлдин, Ф.Бәйiмбетов, Ш.Сәрсембинов, Т.Қожамқұлов және басқалар. Ғылымға қажет мамандар дайындауға да көп көңіл бөлді. Оның тiкелей жетекшiлiк етуiмен 25 аспирант кандидаттық диссертация қорғаса, олардың төртеуi бүгiнде ғылым докторлары.
Ғалым теориялық және қолданбалы механика бойынша Бүкiлодақтық халықаралық симпозиумдарда құнды ғылыми баяндамалар жасаған еді. Оның эксперименттiк зерттеулерiнiң нәтижелерi көптеген авторлардың аэродинамика және жылу-масса алмасу саласындағы монографиялары мен оқулықтарына ендi.
С.Исатаевтың 230-дан астам ғылыми еңбектерi жарық көрдi. Оның iшiнде «Қисық сызықты денелердің аэродинамикасы мен жылу алмасуы» монографиясы және 8 оқу-әдiстемелiк құралының жөні бөлек. «Қазақша-орысша және орысша-қазақша терминдiк сөздiктің» («Рауан баспасы», Алматы, 1999 ж.) авторлық ұжымының жетекшiсi болды.
1980 жылдары Совет Исатайұлының жетекшiлiгiмен жасалған асқын дыбысты аэродинамикалық құбыр бүгінде студенттер мен аспиранттардың игiлiгiнде. Ол өз шәкiрттерiмен бiрiге отырып, КСРО-ның көптеген ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарына енгiзiлген турбуленттiк ағыстардың құрылымын зерттеуге арналған ғажайып аспап – термоанемометрлiк жүйенi жасады. 30 жылдан астам уақыт ол зымырандық-ғарыштық техниканың бас конструкторы академик Сергей Павлович Королевтың «П/я-В8685» бас институтының тапсырысымен қомақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқарды. Бұл зерттеулер негізінде университеттiң барлық факультеттерiн және Алматы қаласы мекемелерiн сұйық азотпен қамтамасыз ететiн криогендiк зертхана құрылды. Осы аталған зертхана факультетте жаңа мамандану – «Төменгі температуралы физикасы» курсының ашылуына себепкер болды.
Оқымысты Қызылорда облысында «Қорқыт» темiржол разъезінiң жанында 1979 жылы салынған Қорқыт ата ескерткiшiне қойылған музыкалық құрылғының (желқобыз) авторы. Ескерткіштің төрт бұрышына аэродинмикалық заңдылықпен қиюластыра төрт желқобыз орнатылған. Жел соққан кезде Қорқыт атаның ғажайып күйлері ескерткіштен талай жерге дейін естіліп тұрады. Бұл енді таңғажайып құбылыс, бұған шетел ғалымдары да таңдайын қаққан көрінеді.
Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң гидродинамика, жалпы физика және жылу физикасы кафедрасының эксперименттiк базасын ұйымдастырды, сонымен қатар, жалпы физикалық практикумның молекулалық физика бөлiмiнiң ұстаханалық қондырғылар топтамасының да авторы. Бұл қондырғылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң эксперименттік-өндiрiстiк орталығында көбейтiлiп, республика жоғары оқу орындарына жiберiлiп отырады. Ғалым-ұстаз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң жалпы физика кафедрасын 1979 жылдан 1994 жылға дейiн басқарды, ал 1994 жылдан бері жылу физикасы және молекулалық физика кафедрасының меңгерушiсi қызметiнде болып, кейін құрметті меңгерушісі атанды.
Ол – тамаша дәріскер еді. Физика факультетiнде қазақ және орыс тiлдерiнде жалпы және арнайы курстарды жүргiздi. Көп жылдар бойы ҚазМУ жанындағы жоғары оқу орындары оқытушыларының бiлiктiлiгiн көтеру институтына да дәрiс бердi. Ұлағатты ұстаз, білікті маман-физик, ғылымда өз бағытын бекіткен Сәбең «Ерен еңбегi үшiн», «Еңбек ардагерi», «Жеңіске – 50 жыл» медальдарымен, «КСРО-ның жоғары білім үздігі» белгiсiмен, ҚазКСР Жоғары және орта арнаулы бiлiм беру министрлiгiнiң Құрмет грамотасымен марапатталған. Оның ұлы Мұхтар әке жолын қуып, заманауи физика саласындағы үлкен маман, ғылым кандидаты, әкесі салып кеткен соқпақпен ғылымның шырқау биіктерін алуға талпынуда.
Сөз соңында айтарымыз, осынау белгілі ғалым, даңғайыр ұстазды мәңгі есте қалдыру үшін өзі туған Қарқаралы өңірінде, білім алып қызмет істеген Алматы шаһарында оған құрмет көрсетіле берсе екен деген ниеттеміз.
Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
Ұлттық инженерлік академияның мүше-корреспонденті, мәдениет қайраткері, Ә.Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты.
АСТАНА.