12 Қаңтар, 2016

Жемісті жылдың жетістіктері

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
0001-2342015 жыл еліміздегі арнайы эко­номикалық аймақтар үшін жемісті жыл болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша АЭА-да жалпы құны 88 миллиардтан асатын 17 ірі жоба жүзеге асырылды. Осы жобалар толық күшіне ен­геннен кейін, ел тұрғындарын екі мыңнан астам жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Бұл жөнінде Президент жа­нындағы Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен баспасөз жиынында «KAZNEX INVEST» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алмас Айдаров мәлім етті. Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда АЭА-лар бойынша жалпы құны 2,3 трлн.теңгеден асатын 166 жоба іске асқан. Олардың ішінде 34 ірі жобалар шетелдік инвесторлармен бірлесіп жасалған. Іске қосылған ірі жобалар қатарына құны 40 млрд.теңге болатын Құрғақ порт, құны 16,8 млрд.теңге болатын мұнай коксін қыздыруды орнату және синтетикалық жіп шығару мен полимерлік өнім өндіру, сондай-ақ, құны 6 млрд.теңге болатын электронды бөлшектер өндіру жобалары кіреді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының көпшілікке жол тартқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған инвес­тиция тарту мәселесі де арнайы экономикалық аймақтарда ин­весторлар тартудағы бас­ты алаң ретінде үлкен рөл ат­қа­ра­ды. Бұл ретте өткен жылдың осы сала төңірегіндегі жақсы жаңа­лығы Елбасының «Қазақстан Республикасындағы арнайы эко­номикалық аймақтарды жетіл­діру мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғандығы еді. АЭА қатысушыларының, сон­дай-ақ, басқару органдарының қыз­метін жетілдіруге бағытталған заң арқылы елдің экономикалық әлеу­­етін арттыруға мүмкіндік тумақ. Ал аталған Заңды іске асыру үшін ондағы 16 нормативтік актілерге өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу жоспарланып отыр. Нормативтік құқық­тық актілер әзірленіп, олар аккредиттелген ұйымдар мен мем­лекеттік органдарға келісуге жолданған. Бұл заң қолданыстағы артықшылықтарды алудағы құқықтық кедергілерді жоюға және дамудың жаңа тәсілдерін ен­гізуге, әлеуетті инвесторлар үшін қолайлы климат тудыруға, АЭА сатылы құралын жетілдіруге, басқарушы компаниялардың АЭА қызметіндегі рөлін арттыруға бағытталған. Және де заң аясында АЭА аумағында қызметтің басым түрлерін анықтау ресімдерін жетілдіру, салық заңнамасының тұрақтылығын орнату, жер учас­келерін жеңілдікпен пайдалану мерзімін АЭА әрекет ету мер­зіміне теңестіру және басқа да редакциялық түзетулер секілді тұжырымдамалық өзгерістерді қарастырады. Қазіргі таңда «Бурабай», «Оң­түстік», «Сарыарқа» АЭА ин­фрақұрылымының, «Ақтау Теңіз порты» АЭА 2 субаймағының құрылысы толығымен аяқталды. Сонымен қатар, алдағы жоспарлар бойынша, А.Айдаров 2016-2017 жылдары АЭА қатарындағы «Қорғас-Шығыс қақпасы», «ИТП», «Астана» және «Тараз Химпаркі» құрылысы аяқталады деп күтілетінін жеткізді. Химия және мұнай химиясы саласы нысандарының бірегейлігіне байланысты «ҰИМТ» мен «Павлодар» АЭА-ларда инфрақұрылым құрылысы 2018-2019 жылдары аяқталатынын атап өтті. Жалпы алғанда, 2020 жылға дейін барлық қолданыстағы АЭА инфрақұрылымын жасау аяқталатын болады. Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтарда 103 жоба жүзеге асырылу сатысында. Тұрақты түрде АЭА басқарма органдарының қызметін жақсарту жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы «ИТП», «Сарыарқа», «Ақтау теңіз порты», «Оңтүстік», АЭА басқару органдарында халықаралық стандарттар бойынша басқарудың бірыңғай жаңа моделін енгізу басталды. Биыл жалпы сомасы 500 млрд.теңгені құрайтын 53 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».