12 Қаңтар, 2016

Жоспар жайы талқыланған кеңес

339 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
100 нақты қадамЖұмысың жүйелі болмай, ісің бір елі алға жылжымайды. Нақ­­ты жоспарың, бағыт-бағдарың, даму жолың болмаса, өркениеттің жалына жармаса алмайсың. Қара­пайым адамның өзі күнделікті тіршілігін жоспарлап отырады. Сол секілді, мемлекет те алдына меже қояды. Оны бағындырады. Жоспар орындалған соң келесі биікті көздейді. «Бес жылдығын ой­ла­маған еркектен без» дегендей, біздің бабаларымыз осыны мең­зесе керек. Былтыр Елбасы «100 нақты қадамын» жариялап, 5 институттық реформаның жолын көрсетті. Биылғы жылдың алғашқы күндерінде өмірімізге үлкен өзгерістер әкелетін жұмыс­тың жай-жапсарын, қалай ат­қарылмағын тәпсірлеп берді. Ал Қызылорда облысы елімізде ең бірінші болып «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бойынша кеңейтілген семинар-кеңес өткізді. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен жергілікті және аумақтық органдардың қатысуымен өткен семинар-кеңесте Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бойынша жоспар­ланған шаралар барысы қаралды. Кеңесте сөз алған облыс әкі­мі отандық және шетелдік сарапшылардың қа­тысуымен жасалған Ұлт Жос­па­рының стратегиялық маңызын айрықша атап өтті. – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары орталықта ғана жү­зеге асып, Үкімет деңгейінде жа­­уаптылық жүктелетін реформа емес. Бұл – бүкіл қазақ­стандықтардың ісі. Бұл іске бір адамдай жұмылуымыз қажет. Барлық мемлекеттік органдардан, қоғамдық институттар мен азаматтардан іс-қимылдың үйлесімділігі, табандылық, креативтілік және қажырлылық талап етеді, – деді Қырымбек Елеуұлы. Семинар-кеңеске қатысушы салалық ұйымдардың басшылары заңнамаға енгізілетін өзге­рістер туралы баяндады. 5 инс­титуттық реформадан туындайтын Ұлт Жоспары мемлекет және қоғам өміріндегі ең маңызды салаларды қамтиды. Мәселен, мемлекеттік қызметте бірқатар өзгерістер орын алады. Бұрынғы «Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс» кодексінің орнына «Мемлекеттік қызметшілердің этика кодексі» жасалды. Бұл құжатта мемлекеттік қызметшінің сыртқы келбеті мен моральдық-рухани қасиеттері және жүріп-тұруы мен қоғаммен байланыс нормалары қарастырылған. Мемлекеттік қызметке орналасу, мансаптық өсуі, олардың еңбекақысында да бір­шама өзгерістер бар. Енгізілген өзгерістердің қатарында әдеп бойынша кеңестер және әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы пайда болды. Бұл лауазымға ұжым ішінде беделді, білімді қызметкер тағайындалады. Ұлттық экономика ми­­­­нис­тр­­лігінің Құрылыс, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және ресурстарын басқару комитетінің Жерге орналастыру, геодезия және жер қатынастарын дамыту басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов ауыл шаруашылығы бағытындағы жер­лерді жекешелендіру туралы әңгімеледі. «Пайдаланылмай тұрған жер учаскелерін нарықтық айналымға енгізу жауапты жал­ға алушылардың мүдделерін қор­ғап, бос тұрған жер телімдерін тиім­ді пайда көзіне айналдыруға мүмкіндік береді», – деді ол. – Осындай ауқымды семинар-кеңесті ұйымдастырғаны үшін облыс басшылығына алғы­­сым­ды айтамын. Бүгінгі шараның қорытындысы бойынша осындай семинарларды басқа да өңірлерде өткізу туралы ұсыныстар айтылатын болады, – деді Ардақ Самамбетов. Сонымен қатар, басқарма басшысы мемлекетаралық, респуб­ликалық және өңіраралық дең­гейде Байқоңыр қаласының жер телімдерін пайдалану туралы мәселе шешімін тапқанын айтты. Облыстың аумағын ұлғайтып, Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру, ондағы жер телімдерін бөлу жұмыстары да шешілген. Семинарда басқа да өзгерістер туралы сөз болды. Мәселен, заң бұ­зушылықтар картасын жасақтау, кедендік және салықтық заңнаманы жеңілдету, өндіріске инвестиция тарту сияқты тақырыптар да назардан тыс қалған жоқ. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.