12 Қаңтар, 2016

Иманжүзді ауыл едік...

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
142Автобуста кісі көп еді. Жанымда отыр­ған қария өз-өзінен сөйлеп отыр. «За­ман не болып бара жатыр», дейді қын­жыла күрсініп. Аңғарғаным, күні-түні күзеткен қорасынан біреулер 5 қойын ұрлап кетіпті. Таусыла сөйлеп отыр. Ол кісіні жұбатар дәрмен жоқ еді бізде. Қазір «әй, соны қойшы, бір қойым өліп те қалады ғой» дейтін заман емес. Күздікті былай қойып, соғымның реті де сиреп бара жатқанын байқаймыз. Ауылдың асыраушысы – малы. Соны да көп көргендей, ұрлық-қарлық тыйылар емес. Ауылдың адамы ұрының алыстан келмейтінін біледі. Арызданып, алашапқын шығармайтынын да талай көргенбіз. Қарияның оқиғасы шектен шыққанның бір көрінісі. Осы жолы, дәу де болса, облыстың полициясына арызданып келе жатыр. Автобуста кісі көп еді... Тілшілер қосынына келе салып, облыстық ішкі істер департаментіне қоңыраулаттық. Абырой болғанда, ұры­лар қолға түскен екен. Кімдер дейсіздер ғой. Сұмдық. Сол ауылдың 19-21 жас аралы­ғындағы зіңгіттей төрт жігіті. Сонша­лықты жерге қарап отырғандар емес. Қыл­мысқа көліктің төресі саналатын жапондық «Nissan maxima» жеңіл мәшинесімен шыққан. Олардың үстінен ҚР ҚК 188-бабының 2-бөліміне жататын қылмыстық іс қозғалыпты. Иманжүзді ауыл едік... Не болып барады өзі? Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.