13 Қаңтар, 2016

Өндірісті өңірдің өркенді өрісі

296 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
IMG_0361_новый размерКеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қарағанды облысының әкі­мі Нұрмұхамбет Әбдібеков баспасөз мәслихатын өт­кізді. Әкім кіріспе сөзінде Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауынан туындайтын нақты міндеттерге байланыс­ты облыс экономикасының есепті кезеңде жеткен же­тіс­тіктері мен алда тұрған келелі міндеттері туралы тілге тиек етті. Қарағанды облысы егемен елі­міздің өнеркәсібі дамыған ірі индустриялық орталықтарының бірегейі. Облыс аумағында еліміз бойынша маргенец қорының 92,4 пайызы, мыстың 34,5 пайызы, вольфрамның 84,8 пайызы, молибденнің 61,8 пайызы, қорғасынның 54 пайызы шо­ғырланған. Қазақстандағы барлық көмір қорының басым бөлігі осы облыс аумағынан өндіріледі. Көмір кеніштерінің ішіндегі Қарағанды, Шерубай-Нұра, Тентек және Жоғарғы Соқыр ат­ты кеніштерде 9,5 миллиард тонна көмір қоры бар. Сонымен бірге, Қарағандының құнарлы топырағы ел экономикасының ертеңіне тұғыр болатын сирек те бағалы металдарға бай. Атап айтқанда, висмут, күміс, сурьма, титан, никель, кобальт, корунд, олунит және басқа сирек металдар кеніштері мол. Тарих табалдырығын ат­таған 2016 жыл егемен еліміздің шежіресіндегі ерекше жылдардың бірі болғалы тұр. Бұл жылы еліміз өз тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесін атап өтсе, қарағандылықтар облыстың құрылғанына 80 жыл толатын торқалы тойын тойламақ. Сондықтан, өңіріміздің еңбек­керлері үшін бұл жыл ерен ең­бек белсенділігіне толы кезең болмақ. Ал өткен 2015 жылдың қорытындысы да облысымыз үшін атап өтерлік біршама жетіс­тіктермен ерекшеленген толымды жыл болды, деп бастады БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзін облыс әкімі. Облыс өнеркәсіп өндірісінің 55 пайызы «Қазақмыс» корпо­рациясы» және «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғам­дарының ірі жүйе құрушы кәсіп­орындарының үлесіне тиеді. Облыс аумағында 134 ірі және орта кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі, электрмен және сумен жабдықтау кәсіпорындары жұмыс істейді. Соңғы үш жыл ішінде Қарағанды облысының экономикасына 1137,1 миллиард теңге инвестиция салынды. Оның ішінде тікелей шетел инвестициясының көлемі 27,2 миллиард теңгені құрады. Индустрияландыру картасы бойынша облыста жалпы құны 1343,6 миллиард теңге тұратын 94 жобаны іске асырып, 11,2 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделінген болатын. Бүгінгі күнге дейін 68 жоба іс жүзіне асырылып, 5,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Үстіміздегі жылы индустрия­ландыру картасы аясында жалпы құны 18,3 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылды. 700-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасынан тыс өңдеуші өнеркәсіп аясында 11 мың инвестициялық жоба іс жүзіне асырылып, 199 жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінгі таңда өнеркәсіптік сала кәсіпорындарында 119 мыңнан астам қарағандылықтар еңбек етеді. 2015 жылдың қаңтар-қараша айларында негізгі капи­талға 311,6 миллиард теңге ин­­­­вестиция салынды. Облыс экономикасына трансұлттық компаниялардың инвестиция­ларын тарту жұмыстары да біршама қарқынды жүргізілуде. «Haliburton» компаниясының қолдауымен Қаражар қаласында барит рудаларын қайта өңдейтін «KarazhalOperating» өндірістік кешені іске қосылды. Бұл жоба­ның жалпы құны 4,5 миллиард тең­гені құрайды. Кешеннің іске қосылуына байланысты бұрғылау ерітіндісін әзірлеу кезінде мұнай-газ саласының қажеттігі үшін жылына 200 мың жоғары сапалы барит концентратын өндіру қарастырылған. Облыста Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында индустрияландыру және инновация саласында ірі жобаларды іске асыру шеңберінде белсенді жұ­мыстар атқарылды. Осы жо­ба негізінде жалпы құны 1 трил­лион теңгені құрайтын 2 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР басшылығымен қол жеткізген ынтымақтастық келіссөздері нәтижесінде жүзеге асты. Тікелей шетелдік инвестициялар есебінен Осакаров ауданында жоғары сапалы әктас өндіретін зауыт құрылысы іс жүзіне асырылмақ. Есепті кезеңде облыстың ауыл шаруашылығы саласын­да да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Ауыл шаруашы­лығында жалпы өнім өндіру көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы 10 пайызға артып, 158 миллиард теңгені құрады. Бұл салада бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 8,2 мың АҚШ долларына жетті. Ауыл шаруашылығы саласындағы орташа жалақы көлемі 73 мың теңгені құрады. Облыстың аграрлық өнеркәсіптік кешенін дамытуға 2015 жылы 10,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 32,9 пайызға артық. Осындай игі бетбұрыс нәтижесінде өткен жылы ауыл шаруашылығында жалпы құны 1689,0 теңгені құрайтын 3 ірі жоба іске қосылып, 128 жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, «Евразиан Инвест LTD» ЖШС Осакаров ауданында сублимациялық тәсілмен табиғи бие сүтінен ұнтақ өнді­ретін кәсіпорынды іске қосты. «Қарағанды Құс» ЖШС Бұқар жырау ауданында қуаты 120 миллион дана жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын пайдалануға берді. Ал «BAYAN компаниясы» ЖШС Жезқазған қаласында азық-түлік өнімдерін өңдеу кешенін салып, пайдалануға берді. 2015 жылы облыста ет өндіру көлемі 1,8 пайызға, сүт өндіру 3 пайызға, жұмыртқа өндіру 1 пайызға артты. Осы мерзімде ірі қара мал басы 1 пайыз, жылқы 5,7 пайызға көбейді. Облыс экономикасының ма­ңызды бағыттарының бірі шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Қазіргі таңда облыста 86 мыңнан ас­там шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілері жұмыс істейді. Облыстың эко­но­микалық белсенді тұрғын­дарының үштен бір бөлігі ШОБ субъектілерінде еңбекке тартылған. Есепті мерзімде ШОБ субъектілері 650 миллиард теңгенің тауарларын өндірді және қызмет түрлерін көрсетті. Қарағанды облысында туризмді дамыту жұмысы да соңғы кезде кешенді жүргізілуде. Бұл ретте экологиялық және тарихи туризм түрлерін өрістету белсенді сипат алған. Мәселен, Балқаш көлінің маңайында жағажай туризмі, Қарқаралы өңірінде экологиялық, тарихи және белсенді демалыс туризмі дамытылса, Ұлытау ауданында тәу ету, Қарағанды қаласында мәдени-танымдық және іскерлік туризмі белсенді жүргізілуде. 2015 жылы туризм саласына тартылған 1,5 миллиард теңге инвестицияға 11 мейманхана құрылысы бой көтерді. 2015 жылы «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы шең­­­­берінде жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын жылу желілері ауыстырылды. Осы бағдарлама аясында 1200 және 600 орындық жаңа мектептер құрылысын салу басталды. Бұл нысандар 2016 жылы пайдалануға беріледі. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында соңғы 3 жыл ішінде облыста 922,1 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы немесе 7,4 мың пәтер салынып, пайдалануға берілді. Үш жыл ішінде тұрғын үй құрылысына 66,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Облыс бойынша әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық мақсаттағы ны­сандар құрылысын салуға 17,1 миллиард теңге қаржы қа­рас­­тырылды. Жалпы құны 7,5 миллиард теңге 44 нысанның құрылысы салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 10 білім беру нысандары, 27 денсаулық сақтау нысандары, 1 спорт нысаны және басқа нысандар іске қосылды. Облыста өткен жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға басты назар аударылды. Астана-Қарағанды, Балқаш-Алматы көлік жолдарында ке­шенді жұмыстар іс жүзіне асырылды. Қарағанды облысының көлік инфрақұрылымын дамыту аясында 2016 жылға 8 миллиард теңгеден астам қаржы қарас­тырылып, 270,4 шақырым автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстары қарастырылып отыр. Сонымен бірге, баспасөз мәслихаты барысында облыс әкімі журналистер тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді. Мәселен, жаңа жыл қарсаңында Қарағанды облысының аумағында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалған жолау­шыларды құтқару мәселесінде жіберілген кемшіліктерге байланысты қойылған сұраққа Нұр­мұхамбет Әбдібеков тиянақты жауап берді. Ол ауа райының қолайсыздығынан болған жол оқиғалары барысында ешқан­дай адам шығынына жол бе­ріл­­­мегендігін атап көрсетті. Бір­неше күнге созылған ақ түтек боранда жолда қалған 360 автокөлік қар құрсауынан шы­ғарылып, 188 адам апаттан құтқарылған. Жолда қалған 1 мыңға жуық жолаушы теміржол стансаларына жеткізіліп, бара­тын жерлеріне пойыз арқы­лы жөнелтілді. Боранда жолда қал­ған жүргізушілерге ыстық тамақ, жататын орын қарас­тыру мәселелері де барынша жедел ұйымдастырылды. Осы мәсе­лелерге тоқтала келіп, әкім БАҚ өкілдерінен қыраулы қыс кезінде жолға шығатын жолаушыларды сақтандыру мәселесін кеңінен насихаттауды өтінді. Қарағанды облысында өт­кен жылғы көктемде орын ал­ған су тасқыны салдары­нан тұр­­ғын үйлерін су шайып кеткен тұрғындарға көмек көрсету мәселесіне тоқтала келіп, облыс әкімі бұл ретте де орын алған кемшіліктердің болғандығын атап өтті. Ең бастысы, қысқа мер­зім ішінде 300-ден астам тұрғын үй салынып, қыс айларына дейін отбасылар жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілген. Журналистер қойған сұрақ­тар шеңберінде соңғы кезде орын алған экономикалық күр­делі ахуалдарға байланысты жұ­мыс орындарын қысқарту оқиғаларына тоқтала келіп, әкім бұл ретте ешқандай заңсыздыққа жол берілмегендігіне баса назар аударды. Облыста осы мәселені шешу үшін үшжақты комиссия жұмыс істейтіндігін, жұмыс орындарын қысқартуға байланысты көтерілген әрбір оқиға жан-жақты қаралатындығын атап айтты. Мәселен, өткен жылы экономикалық қиындықтарға байланысты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 10 мыңға жуық адамды қысқартпақ болған. Бірақ облыс әкімдігінің шұғыл араласуы нәтижесінде акционерлік қоғамның бұл адамдарды жұ­мыс­пен қамту мәселесінде басқа мүмкіндіктер табуына қол жеткізілген. Баспасөз мәс­лихатының қорытындысында облыс әкімі алдағы уақытта өңір­дің индустриялық-иннова­циялық әлеуетін дамыту мәсе­лесінде белгіленген кешенді міндеттер туралы да жан-жақты әңгімелеп берді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».