13 Қаңтар, 2016

Я-ма-аай-к-каа!

347 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Усэйн БОЛТ Вероника КемпбеллӘлемдік дүбірлі додаларда қуаныш пен шаттыққа толы осындай айқайды жиі есітуге болады. Аттан сап, қуанбағанда қайтсін, бәйгеге қосқан жүйріктері алқалы топтың алдында мәреге бірінші болып келсе. Ұрандамағанда қайтсін, ұл-қыздары жарысқандарын жарты жолда қалдырса. Футболдан кеткен есесін желаяқтары қайтарса... Біздің «Ер Төстік» сияқты ертегілерімізде ғана бар кейіпкерлер қазір ғаламның түкпір-түкпірінен бой көрсете бастады. Көлтауысар мен Таусоғар туралы әңгімені кейінге қалдыра тұралық, ал Желаяқтың атажұрты Ямайка ма деп қаласың. Өйткені, аталған елдің желаяқтары жер тарпып, ғаламның талай жүйрігін тасада қалдырып жүр. Бертінге дейін бәйгенің алдын бермеген америкалықтардың өздері ямайкалық Усэйннің үстемдігіне шыдай алмай, бас қатырып әлек. Атқан оқтан жылдам зулаған Болтыңыз басқалар ес жиямын дегенше, әп дегенде мәре сызығын аттап үлгереді. Ертеден салса кешке озған, еңістен салса төске озған ямайкалық оғыландар қысқа қашықтықта әзірге алдына қара салмай жүр. Шашасына шаң жұқтырмайтын Усэйн Болт қысқа қашықтықтың қай түріне салса да, топтан суырылып шығып мәреге бірінші болып жетеді. Сұр жебедей алға атылған жігіттің жүйріктігіне әлем болып бас қатырып, дүниежүзі ғалымдарының зерттеу «объектісіне» айналып та үлгерді. Болттың бұрауы күшті ме, әлде бабы мықты ма, әйтеуір Усэйннің арқасында бүгінде Ямайканың аты аспандап тұр. «Жарықтың жылдамдығын жолда қалдырған» желаяқ Болттың бүгінде бәсі жоғары. Олимпиаданың 6 дүркін жеңімпазы. 2008 жылы Бейжіңде – 100, 200 және 4х100 метрлік эстафетада қарсыластарынан қара үзіп, алтын тұғырға үш мәрте қонақтады. «Найзағай» есімімен күллі дүниеге танылған Усэйн Лондон Олимпиадасында да ешкімге дес берген жоқ. Бейжің Ойындарындағы жетістігін қайталап, тағы да елінің әнұранын 3 мәрте шырқатты. Болт Лондонда 100 метрге жүгіруден олимпиадалық рекорд орнатты – 9,63 секунд. Әзірге Жер шарындағы ең жүйрік адам Усэйн екендігін төрткіл дүние дерлік мойындайды. Әлем чемпионаттарында алған жүлдесі жағынан да Болттың бағы жанып тұр. Аты аңызға айналған америкалық Карл Льюистің өзі де Усэйннен кейінгі сатыға орналасқан. Ямайкалық желаяқ 11 мәрте әлем чемпионы, 2 мәрте күміс жүлдегері. Ал америкалық спринтердің еншісінде әлемдік доданың 8 алтыны, бір-бірден күмісі мен қоласы бар. Таланттың тақыр жерден шықпасы белгілі ғой. Бүгінгі Болттардың жүйріктік феноменінің жылнамасы әріден бастау алады. Тәуелсіздік алғанына жарты ғасырдан сәл асқан Ямайка Олимпия ойындарына 1948 жылдан бері қатысып келеді. «Ә» дегеннен ел қоржынына алтын медаль салған Артур Уинттің ізашар жүйрік ретіндегі орны дара. Ол сол жолы Лондонда 400 метр қашықтықта алдына жан салмаса, 800 метрге жүгіруде мәре сызығын екінші болып кесті. 1952 жылы Хельсинскіде өткен Олимпиадада 4х400 метрлік эстафетада серіктестерімен бірге алтын медальді олжаласа, 800 метр қашықтықта тағы да күміс медальді қоржынға салды. Херберт Маккинлидің де ямайка­лықтар үшін орны бөлек. 440 ярдты, яғни 402,4 метрді 46 секундта жүйткіп өткен Херберттің жетістігін жерлестері әлі күнге ауыздарының суы құрып әңгімелейді. Оны айтасыз, 1947 жылы үш бірдей қашықтықта алдына қара салмаған әлем тарихындағы жалғыз спортшы Херберт. 100 метр, 200 және 400 метрге жүгіруден (тиісінше 10,3, 20,4 және 46,2 секунд) ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жалпы, Херберт қос олимпиадада 1 алтын (1952 жылы 4х400 м) және 3 күміс (1948 жылы 400 м, 1952 жылы 100 және 400 метр) жеңіп алды. Маккинли кейінірек, өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасына дейін ел құрамасының бас жаттықтырушысы болып, ямайкалық оғландарды бабына жеткізе баптады. Ол жаттығу барысында нағыз спринтер барлық қысқа қашықтықтың бәріне жүгіре білуі керек дегенді жиі қайталайтын. Несін айтасың, Ямайканың бойжеткендеріне дейін Болттың жетістігін жалғастыруға құштар-ақ. Әрі барлығы да қысқа қашықтықта алдына жан салмайды. Мерлин Отти. Ол 20 жасында Мәскеу Олимпиадасына қатысып, 200 метрге жүгіруден қола медальға қол жеткізді. Келесі, 1984 жылғы Олимпия ойындарында 100 және 200 метрге жүгіруден қос қола медальға ие болды. «Қамал алар жасында» 2000 жылы Сидней Олимпиадасына қатысып, 200 метрге жүгіруде қола медаль, 4х100 метрге эстафеталық жүгіруде күміс медаль иемденді. Мерлин Отти бес олимпиадаға қатысып, Ямайканың медальдар қоржынын ұзын-саны 9 медальға (3 күміс, 6 қола) байытты. Әрине, медалінің салмағы жағынан Вероника Кемпбеллдің үлесі ерекше. 18 жасында Сиднейде 4х100 метрлік эстафетада күміс медальді иеленсе, 2004 жылғы Олимпия ойындарында 2 алтын (200 м және 4х100 м), 1 қола (100 м) алды. Төрт жылдан соң Бейжіңде 200 метрге жүгіруде алдына жан салған жоқ. Ал «орда бұзар жасында» Лондон Ойындарында қос күміс (100 және 4х100 метр) қанағат тұтты. Сөйтіп, Кемпбеллдің жалғыз өзі 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медальмен ел қоржынының салмағын арттырды. Бейжің Олимпиадасы ямайкалық желаяқтардың жасындай жарқылдаған дүбірлі додасына айналды. Усэйн Болттың 3 алтын алатын Олимпиадасы ғой. Болттың алтынына ямайкалық үш бойжеткен – Шелли-энн Фрейзер 100 метрге, Мелани Уокер кедергілер арқылы 400 метрге, Вероника Кемпбелл-Браун 200 метрге жүгіруден чемпион атанып, өз үлестерін қосты. 3 күміс тағы да желаяқ қыздарға (Шерон Симпсон, Керрон Стюарт, Шерика Уильямс) бұйырды. Керрон Стюарт 200 метрге жүгіруден тағы қола медаль олжаласа, 4х400 метрлік эстафеталық қашықтыққа жүгіруден ямайкалық қыздар үшінші орынға тұрақтады. Сөйтіп, ямайкалық желаяқтар 11 медальмен (6 алтын, 3 күміс, 2 қола) елге оралды. Бейжіңдегі жетістігін Усэйн Болт Лондонда да қайталады. Ямайканың қоржынына тағы 3 алтын медаль (біреуін командалық есепте алған) сыйлады. Оған 100 метрге жүгіруде алдына жан салмаған Шелли-энн Фрейзердің алтыны қосылды. Жоғарыда айтқан Усейн Болт, Йохан Блейк, Неста Картер, Майкл Фрэйтерден құралған құрама команда 4х100 метрлік эстафетаға жүгіруде қара үзіп келді. Шелли-энн 200 метрге жүгіруден күміс жүлдеге ие болды. Тағы екі күмісті жекелей сында Усэйннің өкшесін басып келе жатқан Йохан Блейк (100 м, 200 м) еншіледі. Тағы бір күміс медальді 4х100 метрлік эстафеталық қашықтыққа жүгіруден ямайкалық қыздар құрамасы олжалады. Оның сыртында тағы да 4 қола қоржынға түсті. Алтын жағынан Бейжіңдегі Олимпиададан кемшін түскенімен, сан жағынан бір медаль (12 медаль – 4 алтын, 4 күміс, 4 қола) басым болды. Былтыр 22-30 тамыз аралығында Қытайда жеңіл атлетикадан өткен әлем чемпионатын Риодағы Олимпия ойындарына дайындықтың басы деп айтуға болады. 12 медальға (7 алтын, 2 күміс, 3 қола) қол жеткізген ямайкалық жүйріктер төрт күмісі ғана артық кениялықтардан кейін екінші орынға жайғасты. Усейн Болт өзінің бабында екенін көрсетті, үйреншікті 3 алтынын алды (100 м., 200 және 4х100 м). Шелли-энн Фрейзер де қос алтынның иегері атанып (біреуі командалық есепте), Риода басты жүлдеге таласатынын аңғартып отыр. Ямайкалық жігіттер құрама командасы эстафеталық 4х400 метрге жүгіруден алдына жан салмаса, ямайкалық бойжеткендер де эстафеталық 4х100 метрге жүгіруден жеңімпаз атанды. 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Даниэль Уильямс алтын медаль иегері болды. Жалпы, ямайкалық спортшылар Олимпия ойындарында барлығы 67 медаль – 17 алтын, 30 күміс және 20 қола медаль еншілеген. Жалғыз қола медальдан басқасы жеңіл атлетиканың еншісінде, яғни ямайкалық желаяқтар жүлдеден тау тұрғызып жатыр деп айтуға болады. Осының арқасында болар, олар Олимпиада және әлем чемпионаттары медальдары жағынан жаһанда тек АҚШ жүйріктеріне ғана жол береді. Аумағы жағынан әлемде 160-орынды, халқының саны жағынан 139-орынды иемденетін, яғни 2014 жылғы мәлімет бойынша 3 миллионға жетер-жетпес адам тұратын Ямайка осылайша желаяқтарының арқасында атағы әлемде дүрілдеп тұр. Ямайканың әрбір мектебінде жаттығу үшін тамаша жағдай жасалған. Мақсат – қалыптасқан үрдісті үзіп алмау. Усэйннің ізбасарлары ештеңеден таршылық көрмеуі тиіс. Жеңіл атлетикаға арналған құрал-жабдықтар, тамыр соғысы мен жүрек қағысын бақылауға қажетті электроника – бәрі-бәрі сақадай сай. Қарапайым мектептердің өзін жоғары кәсіби жаттықтырушылармен қамту 92 пайыздың төңірегінде екен. Осыдан кейін ямайкалық өрендер жүйткімегенде қайтсін. Бағы асқан Болтты көріп өскен оғыландар соған қарап бой түзейтіні анық. «Желаяқтар патшалығындағы» әрбір бала Усэйн сияқты алдына қара салмайтын спринтер болғысы келеді. «Ұқсап бағатындардың» бәрі Болттай бола алмаған күннің өзінде дүбірлі додаларда Ямайканың намысын қолдан бермейтіні тағы мәлім. Осылайша «найзағайдың» жарқылы Ямайка оғландарының ертеңіне сәу­лесін шашып, болашақ Болт­тардың буынын бекі­тіп, болашағын ны­ғай­туға қызмет етіп келеді. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».