Отандық телехикаялар шетелдік сериалдарды ығыстырып, нарықты жаулап ала алады
Осы уақытқа дейін телеарналарда жүрген түрлі-түрлі телехикаялар мен оның таптаурын оқиғалары көрермендердің көңілін көншітіп тұрған жоқ. Бітпейтін де қоймайтын үнді сериалдары, болмысымызға келе бермейтін батыстық картиналардың жайы көп айтылып тұр.
Ендігі жерде кинематографтарымыз отандық телехикаялар шетелдік телевизиялық өнімдермен бәсекеде оза шауып, нарықты жаулап ала алатынына сенімді. Мұны да уақыт көрсете жатыр.
Дегенмен, бұл туралы апта басында Алматыда өткен «Өмір сынағы» және «Шалғайдағы оқиға» телехикаяларының таныстырылымы барысында айтылды. Бұл екі жоба – қазіргі таңдағы өзекті әлеуметтік мәселелерге арналған. Бірі мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдағы орны мен құқықтары тақырыбын қозғаса, екіншісі – құлдырап бара жатқан ауыл тағдырына алаңдайды.
Жобалардың бас продюсері Данияр Жанбековтің айтуынша, қазіргі уақытта мемлекет пен коммерциялық арналар ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобалар жасауды қолға ала бастаған. Аталған екі жоба осындай қадамның алғашқы нәтижесі болып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің қолдауымен түсірілген.
«Өмір сынағы» – мүгедектер арбасына таңылған Дана есімді кейіпкердің тағдырын суреттейді. Сұлу, жас келіншектің өз аяғымен жер басып жүре алмай қалғаннан кейінгі өмірі, азап пен күреске толы тағдыры сипатталады. Адамның ерік-жігерін мадақтайтын сюжет желісі күрделі.
– Арамызда он екі мүшесі сау болғанымен, жаны мүгедек адамдар бар, – дейді басты рөлдердің бірін сомдаған актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шолпан Сіргебаева. – Актерлік тәжірибемдегі алғашқы телехикая осындай күрделі тақырыпта болды. Менің кейіпкерім сол рухани мүгедектіктен айығып, өмірге басқаша қарай бастайды. Осы рөл, осы тағдыр менің де өмірге деген көзқарасымды өзгертті.
Шолпан Сіргебаева бастаған Әсел Қалиева, Данияр Базарқұлов, Алмас Шаяхметов сынды актерлер тобының қатысуымен түсірілген бұл жобаға режиссер Қанағат Мұстафин жетекшілік еткен.
«Айналамызда мүмкіндігі шектеулі адамдар көп. Бірақ, біз оларды көрмейміз, өйткені олар аса бір қажеттіліксіз көшеге шықпайды. Біздің қоғам – оларға арналмаған, оларға тең деп қарамаймыз. Мысалы, шетелде мүгедектер арбасында отырған адам ешкімнің көмегінсіз қоғамдық көлікке мініп кете береді. Ал бізде ондай жағдай жасалмаған. Енді жасалады деп сенемін», – деп ой бөлісті режиссер Қанағат Мұстафин. Фильмнің басты мақсаты да осы – мүмкіндігі шектеулі адамдардың тағдырына қоғамның, мемлекеттің назарын аудару болса керек.
Телехикая сюжетінің желісі бас кейіпкердің ауыр тағдыры айналасында құрыла отырып, кейіпкерлердің бәрінің өміріне, мінезіне әсер етеді.
«Мен осы телехикаяда бірінші рет жыладым. Бұған дейінгі рөлдерімде жыламаған едім», – деп сыр бөлісті бас кейіпкердің жалғыз қуанышы – баласының рөлін сомдаған кішкентай актер Махамбет Мырза. Махамбет орындаған Әліби образы арқылы авторлар өмірдегі басты құндылық – отбасы деген идеяны жеткізген. Ананың балаға деген махаббаты қандай қиындықты болсын жеңіп шығуға дем берер қуатына айналады.
Ал Жасұлан Пошановтың режиссерлігімен түсіріліп, желтоқсанның ортасынан бастап жарық көргелі отырған «Шалғайдағы оқиға» көп бөлімді фильмі ауылға қайта оралу идеясына арналады. Отбасы – басты құндылық идеясын тағы бір қырынан көрсете отырып, авторлар соңғы кездері құлдырап кеткен ауылдардағы адамдардың мемлекет назарынан тыс қалып, тұйық шеңберде қалып қойғанын айтқысы келген.
– Телехикая Алматыдан 160 шақырымда орналасқан Бесмойнақ ауылында түсірілді. Осы ауылды Жасұлан әдейі таңдап алды. Ол ауылдың бір ерекшелігі – тұрғындардың үйлері бір-бірінен тым алыс орналасқан. Осы бір тау ішінде тарыдай шашылған ауыл – қазіргі кездегі тіпті, ауылдық жерде адамдардың бір-бірінен алшақтап, жат болып бара жатқанын сөзсіз сездіретін сияқты, – дейді жобаның екінші режиссері Мәдина Әлімхан.
Осы тау ішіндегі ауа райы қатаң, адамдары қатал ауылға қаладан Елдос есімді жігіт барады. Нұрболат Абдуллин сомдап шыққан Елдос рөлі – «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келіп, қалада табысты қызмет етіп, бизнесте мансап жасап жүрген жігіттің бойындағы туған ауылына, сол ауылдағы туыстарына, жақын адамдарына деген махаббаттың басқа мақсаттардың бәрінен биік тұруы мүмкін екенінің көрінісі.
Анасының бір ауыз сөзін жерге тастамай, ауылға барып, алдағы тағдырын сол туған өлкесімен байланыстыруға бел буған Елдос – қазіргі жастарға үлгі боларлық образ. Елжанды жігіттің анасының рөлін М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының актрисасы Шынар Асқарова сомдайды.
– Мойымай, қажымай, туған ауылын көтеруге бел буған бас кейіпкер образы арқылы жат өлкеде емес, кіндік қаның тамған елде де бақытты болуға, қызықты өмір сүріп, жемісті еңбек етуге болатынын көрсетуге тырыстық, – дейді жоба авторлары.
«Өмір сынағы» 23 қарашада, ал «Шалғайдағы оқиға» 21 желтоқсанда «Жетінші арна» эфирінен көрермендерге жол тартпақ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.