13 Қаңтар, 2016

«Бесжүздіктер» белесінің бекеті

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ұлттық хоккейҚаңтардың 11-іне қараған түні қазір Ұлттық хоккей лигасының (ҰХЛ) «Вашингтон Кэпиталз» командасы сапында ойнап жүрген ресейлік форварды Александр Овечкин лиганың тұрақты чемпионатында өзінің 500-ші шайбасын соқты. Сөйтіп, осы биікті бағындырған санаулы ғана шабуылшылардың қатарына қосылды. Осы күні түнде Вашингтонда «Кэпиталз» Канаданың «Оттава Сенаторз» командасын қабылдады. Ол 7:1 есебімен аяқталып, алаң иелеріне ірі жеңіс әкелді. Ал матчтың ең маңызды сәті онда дубль жасаған Александр Овечкиннің алғашқы шайбасымен-ақ межелі белестен өткенінде болды. Кейінірек тағы бір голдың авторы атанған ол 501-ші шайбасын да тіркеп берді. Форвард осыншалықты шайбаны өзінің тұрақты чемпионаттағы 801-ші кездесуінде салды. ҰХЛ-дың осы кезге дейінгі тарихында Александрдан бұрын «бесжүздік» белесіне кіре алған төрт хоккейші ғана болды. Олар: Уэйн Гретцки, Марио Лемье, Майк Босси және Бретт Халл. Және бұлардың барлығы да бұдан көп жылдар бұрын мұз айдынының айбындылары болып жүрген. Александр Овечкин Ресей хоккейшілері арасынан бұл жетістікке бірінші болып қол жеткізді. Ол тұрақты чемпионаттың үздік мергені атағын да бес мәрте жеңіп алған. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.