Ақтөбеліктер мен қала қонақтары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне қанша уақыт қалғанын бақылау мүмкіндігіне ие болды. Уақыт есебін көрсететін алып LED экрандар қаланың бес жеріне орналастырылды. Аптаның кез келген күнінде, күндіз де, түнде де көшелердегі жарық диодты алып экрандардан еліміздегі ең маңызды тарихи оқиғаға қанша уақыт қалғанын көруге болады.
– Үлкен экранның жанынан күн сайын өтемін. Ондағы Тәуелсіздік күніне дейінгі уақыт мөлшерін көрсететін күнтізбе назарымды ерекше аударады. Мен бұдан еліміздің тарихына деген құрметті көремін. Осы шараның арқасында, тіпті, кішкентай бүлдіршіндеріміз де тарихи күн туралы хабардар болуда, – дейді Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің студенті Жәдігер Бөпеліков.
Мерейтойға арналған жаңа мерекелік шара туралы жайдарманшы Жанар Жорабаева алып экранда Тәуелсіздік мерекесіне дейін қанша күн қалғанын көрсететін есептегіштің бар екенін досы екеуі бірден байқағанын жеткізді. Ол бұл ерекшелік барлығына ұнайтынын тілге тиек ете келіп, халқымыз өзінің тарихын білуі тиіс екендігін айтты.
– Қазақстан – жас, тәуелсіз мемлекет. Бұл бастама – өте маңызды. Біз болашаққа сенімді түрде қараймыз. Ал Тәуелсіздігіміздің мерейтойына дайындық жұмыстары – жастарымыздың еліміздің дамуына қосып отырған үлесі. Өйткені, әрбір қазақстандық – өз Отанының патриоты! – дейді ол.
Айта кету керек, соңғы кездері өңірде үлгі алатын өнегелі істер жүзеге асырылуда. Соның бірі жақында Ақтөбеде еліміздің барлық облыстарында жалғасын табатын «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты республикалық жалпыұлттық жобаның бастау алуы болды. Ауқымды мерекелік шараға 4 мыңнан аса адам қатысты. Олардың арасында ардагерлер, жастар және мемлекеттік емес ұйымдар мен этноұлттық бірлестіктердің өкілдері болды.
Бұдан өзге, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында қол жеткізген жетістіктерді кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін облыстың аудандарына үгіт пойыздары мен ақпараттық топтар жіберілді. Ақтөбеліктер осындай қадамдар арқылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын асыға күтетіндіктерін және оған тиянақты дайындалатындықтарын айқын аңғартуда.
Иә, ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы еліміздегі іргелі істермен айшықталып, сәт сайын жақындап келеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.