13 Қаңтар, 2016

«100 қадам» құқық саласының қызметін жетілдіре түсті

293 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ком-үлкеніКеше Орталық коммуникация­лар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихаты «Құ­қық тәртібі және заңдылықты нығайту сұрақтары» тақырыбында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры, з.ғ.д., профессор Еркін Оңғарбаев пен Ш. Қа­былбаев атындағы Қостанай ІІМ академиясының бастығы Мейірлан Қызыловтың қатысуымен өтті. «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары мен Мемлекет басшысының таяуда ғана БАҚ-та жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын әңгіме ауанына арқау еткен отырыста еліміздегі құқық қорғау саласы мен оның тәртібі және соған қатысты мәселелердің шешілу те­тіктері турасында жан-жақты айтылды. Алдымен сөз алған заң ғылым­дары­ның докторы Еркін Әнуарұлы қоғамдағы «нөлдік төзімділік» туралы айта келе, Елбасының «Қазақстан – 2050 Стратегиясы: – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауынан сөзбе-сөз дәйектер келтірді. Естеріңізде болса, осыдан 3 жыл бұрын жарияланған Жол­дауында Мемлекет басшысы құқық бұзушылыққа, бұзақылыққа, мәдениетсіздікке, төзбеушілікке шақырды. Өйткені, ол қоғамдағы тыныштықты бұзады және азамат­тардың өмір сүру сапасын төмендететіндігін атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар, Ұлт Жоспарының қадамдарында атап көрсетілген бағыттар бойынша да еліміздегі құқық қорғау саласының қызметінде істің ілгерілеуі көрініс беріп келеді. Айталық, Президенттің Жергілікті полиция қызметін құру туралы заңға қол қоюы, қоғамдық қауіпсіздіктің қамтамасыз еті­луіне және мұндай шараға аза­маттардың белсенді қатысуына мүмкіндіктер берді. Сонымен қатар, соңғы кездері құқық қорғау органдарының жұмысы елімізде жалпы қылмыстың өсуін тежей отырып, кішігірім құқық бұзушылықтардың алдын алуына және оларды жедел анықтауға бағытталғанын да бағамдауға болады, – деді ол. Жалпы, Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректорының айтуынша, Елбасының ерекше бақылауға алып, саланы жетілдіруге қа­тыс­ты ұдайы тапсырмалар бе­руінің нәтижесінде, соңғы жыл­дары Қазақстанда түрмеге тоғы­тылғандардың саны 52 мың­нан 40 мыңға дейін азайып, 25 пайыздық көрсеткішке дейін төмендеген. Яғни, бұл 100 мың қазақстандыққа 233 сотталған азаматтан келеді деген сөз. Мұны 1990-жылдардағы кезеңмен салыс­тырар болсақ, көрсеткіш екі есе кеміген. Брифингте орайы келіп, ойы­мен бөліскен екінші спикер Мирлан Ахмедияұлының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстандағы құқық қорғау саласының қызметі ерекше екпінмен өркениетке бетбұрып келе жатқан көрінеді. «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парының 33-қадамында бас бостандығынан айырылған немесе заң аясында қандай да бір жаза арқалаған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиім­ді жүйесін қалыптастыруға ба­сымдық берілген. Жалпы, әлемдік тәжірибеде пробацияның 4 ке­зеңі бар болса (сотқа дейінгі, сы­нақ, пенитенциарлық және постпенитенциарлық), қазіргі таңда біздің елімізде мұндай қызметтің (пробациялық бақылау) сынақ және постпенитенциарлық кезеңдері қолданылуда. Сондай-ақ, құқық қорғау саласының ма­мандарын даярлау ісінде де, халықаралық деңгейде мойындалып, қолданысқа енгізілген және тиімділігін көрсеткен әдіс­терге сүйенудеміз. Соның бірі ретінде біздің Академиямыз жа­қында ғана құрамына 45 мемлекет поли­цейлерінің үздік тәжі­рибелер біріктіретін Әлемдік полиция академиясына мүшелікке қабылдануын атап өтуге болады, – деді М. Қызылов. Оның айтуынша, аталған ұйым­­ға мүшелікке Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай ІІМ академия­сы Қазақстан бойынша алғашқы оқу орындарының бірі ретінде тіркелген. Ендігі жерде аталған оқу орны орталығы Түркияда ор­наласқан шетелдік құқық қорғау мамандарымен тең дәрежеде тә­жірибе алмасатын мүмкіндікке ие болып отыр дейді. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, журналист.