13 Қаңтар, 2016

Жаңаша бағыт-бағдар

463 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы талқыланды. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын насихаттау, «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты Елбасы жариялаған мақаласының мәні мен маңызын университет ұжымына түсіндіру, талқылау, мүмкіндіктерін сараптау мақсатында өткен алқалы жиынға оқу орнының басшылығы мен оқытушы-профессор құрамы қатысты. Жиында Ұлт Жоспарын жүзеге асыру мәселелері ғылыми тұрғыда сараланып, мақалаға қатысты ой-пікірлер ортаға салынды. Жиынды ашқан аталмыш оқу орнының бірінші проректоры Баходир Әлиев Елбасы мақаласы жайлы жан-жақты тоқтала келе, онда көрсетілген әр реформаға байланыс­ты университет алдына қойылған міндеттерді жеке-жеке атап өтті. Нақты айтқанда, «Мемлекеттік кәсібилендіру», «Құқық тәртібі және заңдылық» реформаларын қамтамасыз ету, «Білім үдерісі мен ғылыми қызметті жаңғыртудағы» ұжымның міндеті және мақалада атап өтілген 3 концепцияға байланысты бірлік пен біртұтастықты нығайтуға, туризмді дамыту мен мәдени, спорттық шаралардың ұйымдастырылатынын, сондай-ақ, ең қасиетті мереке Тәуелсіздіктің 25 жылдығының кең түрде аталып өтілетіндігіне екпін түсіре айтты. – Әрбір саланы елеп-екшеп, артық-ерекшелігін, кем-кетігін на­зарында ұстап, әрдайым соны ұсы­ныстар мен тың идеяларды ортаға салып, халықтың жұмыла жұмыс істеуіне негіз болып отырған Елбасы Н.Ә.Назарбаев мақаласында күрделі кезеңдегі күре жолды тағы бір мәрте айқындап берді, – деді Б.Әлиев. Сондай-ақ, ол егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын қажет ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар даярлайтын аталмыш оқу орнының да алдында тұрған міндеттер осы Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиістігін, оның ең негізгісі – сапалы білім мен саналы тәрбиені жүзеге асыру екенін алға тартты. Иә, бұл мақсатқа жетуде оқу орнында келелі жұмыстар атқарылуда. Ең бастысы – жоғары білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, студенттердің үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізуде, шетелдермен байланысты күшейтуде, магистратура мен докторантураның жұмысын нығайтуда бірқатар шаруалар жасалған. Ұлт Жоспарын орындауда білім ордасының қосатын үлесі – жас ұрпақты жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беруді жаңаша құру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай орындау деп білетінін жеткізген Қыздар университетінің құрметті профессоры Қазына Аймағанбетова адам ресурсының нәтижелі болуына әсер ететін тәрбие мәселесін, таңдау пәндерінің бірі ретінде енген «Қазақ аруы» курсы мен «Қыз тәрбиесі» бағдарламасы іске қосылуы жайында, университеттің материалдық-техникалық базасының нығайғандығы жөнінде, оқу орны жанынан жемқорлыққа қарсы комиссия құрылғандығы туралы және т.б. білім ошағында қолға алынған тың жұмыстарды атап өтті. Одан әрі филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Руда Зайкенова мақалада көрсетілген әр ре­формаға байланысты пікірін білді­ре келе: «Адамзат баласының сана­сында «Арман алға жетелейді» деген жақсы түсінік бар. Елбасының қазақ­стандық арманға бастайтын жолы – қазақ елінің ХХІ ғасырдың ортасында әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуымызды жеделдете түскендей әсер берді. Енді, сөз­ден нақты іске көшу керек. Рефор­маның орындалуы үлкенді-кішілі басшыларға байланысты», – деді. Ғылыми кеңес барысында филология ғылым­дары­ның докторы, доцент Сапар Оспанов Ұлт Жос­парындағы азаматтық қоғам құру стратегиясы туралы келелі ойын айтса, оқу орнының заңгері Дәу­лет Рысқалиев жоспарды іске асыру­дағы заңнамалық негіздеріне тоқта­лып өтті. Ал, Мәдени-бұқара­лық жұмыстардың теориясы мен әдістемесі кафедрасының аға оқы­тушысы Әсем Қоспағарова Елбасы­ның сарабдал басшылығы туралы: «Аллаға мың да бір шүкір айтатын заманда, тәуелсіздігіміздің табаны берік, әлемге Қазақ елі танылған тұста өзінің қажыр-жігері мен парасат­ты көрегендігімен ел тізгінін ұстаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Назарбаев Нұрлы Жолдың көзін ашып, сәулесін шашар тура бағыт көрсетті. Иә, ел бірлі­гін сақтау, ел мұратын ақтау қай хан­ның болсын ең басты жалауы. Бүгінде Елбасы өз халқын бірлікке, тату­лыққа шақырумен қатар, ысырапшыл болмауға, білім мен ғылымды дамы­туға деген жаңаша бағдар, жаңаша бағыт көрсетуі көрегендігі», – деді. Иә, Елбасы мақаласын Ұлт Жос­парын жүзеге асырудың нақты тетіктерін айқындап беретін маңызы үлкен саяси құжат деп те атауға бола­ды. Осы уақытқа дейін бес инсти­туттық реформаны жүзеге асырудың әр қадамы қадау-қадау айтылған болса, ендігі кезекте әрбір қадамнан нәтиже шығарудың ашық та айқын жолы жасалған. Ендігі мақсат – осы даму тетігін жоғалтпай, басты нысанаға ілгерілеуді, кемелдікке жетуді ғана алып, сол жолда аянбай еңбек ету, бірлескен іс-қимылға көшу, еліміздің гүлденуі үшін атсалысу, өз үлесіңді қосу әрбір қазақстандықтың парызы болуы керек. Сонда ғана оң нәтиже шығары сөзсіз. Бұл бүгінгі алқалы жиынның қорытынды ортақ пікірі болды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.