«Қазақстан» ұлттық арнасы биылғы жылы өз көрермендерін көптеген жаңа әрі шытырман оқиғалы сериалдармен қуантуды жоспарлап отыр. Бұл жолы жұрт назарына «Іңкәр жүрек» атты мелодрама ұсынылмақ.
Драманың басты кейіпкері – Сәуле есімді қыз. Ізденіске талпынған бойжеткен алдына қойған мақсатына жеткенше түрлі қиындықтарға кездесіп, сан тараудан өтіп отырады. Тағдыр тауқыметін жастайынан тартқан ол бәріне де төзіп жеңіп шығуға ұмтылады. Сөйтіп, қиындықпен есейген оның үміті зор еді. Төгілген көз жасы, жүріп өткен жолында кездескен кедергілер, қиын сәттер Сәулені шыңдап, шынықтырады. Фильмнің басты кейіпкері қиындық атаулының бәрінен жеңіп шығып, арманына қол жеткізеді. Ерінбей еңбек етіп шебер сәнгер болып, дүйім жұртты өзіне қаратады.
Ауылдан шыққан қарапайым қыздың биік дәрежеге жеткенге дейінгі өмір жолы өзінің бұрынғы жұбайына жазған хаттары арқылы өріліп отырады. Сәуле алғаш рет қиял жетегімен өз үйін тастап шыққанда аяғы ауыр еді. Алайда, бұл жайтты күйеуіне айтпаған болатын. Есесіне азапты күндерді басынан кешірген ол өмірдің аяусыз талқысына тап болады. Қызын бір өзі асырап, тәрбиелеп өсіреді. Оның осындай қиындыққа толы күндері көрермендерге әсер етпеуі мүмкін емес. Өйткені, бәрі өмірден алынған оқиғалар, шынайы көріністер.
Зымырап уақыт өтіп жатады. Арада он бес жылдан кейін Сәуле ауылына оралып, қызын туған әкесімен табыстырады. Бұрыннан жоспарлаған ісін аяқтауды ұйғарған ол қызын әкесіне табыстайды. Осылайша, Сәуленің бұрынғы жұбайымен жұлдызы қайта жарасып, тағы да түрлі шытырман оқиғаларға тап болады. Жылдар бойы тіршіліктің тауқыметін тартып, енді ғана өмірі бір арнаға түсті-ау дегенде, қайтадан тағдырдың түрлі сынақтары алдынан шыға келеді.
Сериалдың басынан аяғына дейін Сәуле үнемі кезігетін әрқилы қиындықтар мен бизнеске қатысты бәсекелестерінің тарапынан жасалып жатқан қастандықтар жеке адамның өмірі ғана емес, заманның келеңсіз көрінісі ретінде де ойландырады. Көрермендердің көз алдында өтіп жатқан өмір ағысы драмалық сипатта түрлі жаңалықтар арқылы дамып, жетіле береді. Бұл өз кезегінде енді не болар екен, деген сұраққа жауап іздей отырып, қызыға көруге жетелейді.
Әрбір жаңа серия басты кейіпкермен бірге көрермендерді де сол көңіл-күйді басынан кешіріп жатқандай сезімге бөлейді. Сол секілді келесі сериаларда да адамға тән қуаныш пен сүйініш, сатқындық пен араздық, қуанышқа толы сәттер мен сан алуан оқиғалар дараланып шығады. Оның әрі қарай қалай өрбіп, аяқталатынына фильмді түгелдей көрген көрермен ғана куә болады. «Іңкәр жүрек» сериалы Ұлттық телеарнада биылғы жылдың 16-17 қаңтарында көрсетіледі. Ендеше, фильмді бірге тамашалайық.
Аян ӘБДУӘЛИ.