14 Қаңтар, 2016

«Парламенттің кәсіби болғанын қалар едім»

500 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Р.Султанияев– дейді Құрманғазы аудандық мәслихатының хатшысы Рифхат СҰЛТАНИЯЕВ Кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары Мәжілісті тарату және мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөнінде Үндеу қабылдады. Осыған байланысты жұртшылық өкілдерінің, әсіресе, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының пікірін білмек мақсатымен Құрманғазы аудандық мәслихатының хатшысы Рифхат СҰЛТАНИЯЕВКЕ хабарласып, төмендегі сауалдарымызды қойған едік. – Рифхат Мұғалімұлы, Мәжіліс депутаттарының Үндеуін қалай қабылдадыңыз? – Бұл шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының заң шығарудағы еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, тәуелсіз елімізді қаржылық дағдарысқа ұрындырмау мақсатын көздеген, бұрыннан қолданыстағы 80-ге жуық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуде біліктілік танытты деуге әбден болады. «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар мен Еңбек кодексі ел мүддесіне сәйкестендірілді. Әсіресе, Еңбек кодексінің орны бөлек, өйткені, мұнда жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы келіспеушіліктің алдын алатын баптар бар. Бір сөзбен айтқанда, Еңбек кодексі алдымен жұмысшының мүддесін қорғайды. Әрине, депутаттар Мәжілісті тарату мен мерзімінен бұрын сайлау өткізуді ұсынғанда, ел экономикасына тиімді тұстарды көздеп отырғаны даусыз. Өйткені, Парламент Мәжілісінің сайлауын мерзімінде өткізер болсақ, бұған әлі біраз уақыт бар. Ал әлем елдерінің экономикасын діңкелеткен қаржы дағдарысы бұдан әрі дендей беруі де мүмкін ғой. Бұл дағдарыстың бізге экономикалық, іскерлік байланыстағы елдердің экономикасы арқылы кері әсері тиерін жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне, біздің әлем нарығына экспорттайтын ең басты шикізатымыз –мұнайдың бағасы да құлдырап барады. Демек, бізге де елді дағдарысқа ұрындырмаудың тиімді шараларын одан әрі жүргізе беруіміз қажет. Соның бірі – Парламент Мәжілісінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізіп алу. Оны мерзімінде өткіземіз деп жүргенде, оған кететін шығын қазіргіден көбейіп кетуі мүмкін. Және Парламент Мәжілісінің сайлауына қоса әр деңгейдегі мәслихаттардың да сайлауын бірге өткізудің қажеттігі де туындайды. Өйткені, мәслихаттар депутаттарының өкілеттігі биылғы жыл аяғында аяқталады. Сол себептен, мәслихаттар сайлауына да қосымша қаржы шығарғаннан гөрі, Парламент Мәжілісінің сайлауымен бірге өткізгенді жөн көремін. Бұл, бір жағынан, сайлауға жұмсалатын қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берсе, екіншіден, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруды жалғастыру үшін Парламент Мәжілісінің кәсібилігін бұрынғыдан күшейте алған болар едік. Міне, мәселенің астарына осы тұрғыдан үңілгенде, Мәжіліс депутаттарының Үндеуін қолдамай болмайды. – Әрине, Үндеуге байланыс­ты әлі шешім қабылданған жоқ. Дегенмен, мерзімінен бұрын сайлау өткізуге шешім қабылданса, жаңадан жасақталатын Парламент Мәжілісінің құрамынан, яғни депутаттардан не күтесіз? – Біздегі тиісті заңнамаға байланыс­ты, Парламент Мәжілісінің құрамы партиялық тізім арқылы жасақталады. Егер мерзімінен бұрын сайлау өтер болса, алдымен партиялардың қызметі, халыққа ұсынатын бағдарламасы талқыға түсері даусыз. Сайлауда қажетті дауысты жинай алған партиялар ғана Парламент Мәжілісінің депутаттығына өз өкілдерін тізім арқылы ұсынады. Демек, сайлаудан соң әр партияның съезі шақырылып, депутаттыққа кандидаттардың тізіміне дауыс беріледі. Осы ретте алдымен Парламент Мәжілісінен орын алатын партиялар қатары көбейеді деген үмітім бар. Өйткені, Мәжілістегі партиялар қатары көбейер болса, баламалы пікірлер де айтылады. Бұл, түптеп келгенде, елдің мүддесіне қызмет ететін заңдарды қабылдауға жол ашады. Қазіргі қоғам үнемі жаңғыру үстінде. Әлемде солай, барлық ел үнемі жаңғыру сатысынан өтіп келеді. Бұдан біздің тәуелсіз Отанымыз – Қазақстан да тысқары қала алмайды. Жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Экономика әр тарапта дамуға бет алды. Қаржы дағдарысы, мұнай бағасының төмендеуі секілді жаһан жұртының үмітінен гөрі күдігін көбейткен қазіргідей алмағайып кезеңде, алдымен елді тығырыққа тіремейтін, дағдарыстың алдын алуға мол мүмкіндік беретін заңдарды қабылдауда депутаттардың білімі мен білігі сынға түседі. Сол себептен, елдің мүддесін ғана ойлайтын мемлекетшіл тұлғалардың таңдаларына сенім артып отырмын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі үнемі елдің бірлігі мен достығының маңызын айтып келеді. Демек, Парламент Мәжілісінің депутаттары қай кезде де көпэтносты еліміздің ішкі тұрақтылығын, бірлігі мен достығына сына қағылмағанын ойлауы қажет. Жалпы, еліміздегі қай заң болса да алдымен Парламент Мәжілісінің қабырғасында қабылданады. Сондықтан Мәжіліс депутаттары өңірлерді жиі аралап, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен, шағын және орта бизнес өкілдерімен халықтың әлеуметтік ахуалына жете көз жеткізу үшін бұрынғыдан да тығыз байланыс орнатса деген үмітім бар. Сонда ғана жергілікті жердегі кез келген мәселенің оң шешілуі үшін Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдар бір-біріне қайшылық туғызбайды деп ойлаймын. Бір сөзбен түйіндей айтар болсам, Ұлт Жоспарында айқындалған Бес реформаның ойдағыдай іске асырылуы үшін Парламент Мәжілісінің кәсібилік деңгейге көтерілгенін қалар едім. Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.