Қызылордаңызда тұрғын үй құрылыс комбинаты жұмыс істеп жатыр. Өткен желтоқсанда комбинаттың тұсауы кесілді. Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде. Бұл қандай өндіріс орны? Нендей пайдасы бар? Бүгінгі сөз осы хақында.
Сыр өңірінде құрылыс қарқын алып, Қызылорданың алып құрылыс алаңына айналғанына бірнеше жыл болды. Алайда, осы құрылысқа қажетті материалдың дені өзге аймақтардан тасымалданады. Енді міне, бұл өзекті мәселе де шешімін тапты. Өңірде құрылыс материалдары өндірісіне қатысты бірегей жоба қолға алынып, өмірге жолдама алды. Аталған тұрғын үй құрылысы комбинатын салу туралы өзара ынтымақтастық меморандумына облыс әкімдігі мен «РМЗ-Шапағат» ЖШС басшылығы қол қойған-ды. Нақты кезеңде шаһардың солтүстік-батыс бөлігінде индустриялы алаң салынып, бірнеше зауыт қатар бой көтеретін өндірістік алаңда шыны зауытының құрылысы қарқынмен жүріп жатса, біз тақырыпқа тамызық еткелі отырған серпінді жоба қаланың оңтүстік өнеркәсіптік аймағында орналасқан.
Аталған жобаның «Өнімділік-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын айрықша атап өтпекпіз. Жалпы, «Өнімділік-2020» бағдарламасының негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін арттыру арқылы отандық экономиканың бәсекеге қаблеттілігін күшейту. Бұл – Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының құрамдас бөлігі.
«РМЗ-Шапағат» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен қиыршық тас пайдаланылады. Ал цемент пен арматура өзге облыстардан алынады. Комбинат 70-ке жуық адамды жұмыспен қамтиды. Құрыш қолды құрылысшылар да жергілікті тұрғындар арасынан дайындалады. Жұмыссыз жандарды кәсіби бейімдеу мақсатында кәсіпкерлердің өңірлік палатасы дуалды оқыту жүйесін ендірудің жол картасын жүзеге асыруда. Бүгінде «Техмаман» оқыту орталығында 100-ге жуық адам қайта даярлау курсынан өтті. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Техмаман» оқу орталығының директоры Серік Толыбаев «Біз бульдозер, жол құрылыс машиналарын және трактор, автогрейдер, роторлы экскаватор жүргізушісі, слесарь мамандарды дайындаймыз. Оқу мерзімі 2 айды құрайды», дейді. Кәсіпорынның толықтай жұмыс істеп кетуіне «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ өз пайдасын тигізді. Аталған мекеме қаржысына комбинаттың сырты инженерлік инфрақұрылымы жасалды.
Комбинат бетон-қабырға, баспалдақтар, әртүрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен биіктігі 12 метрлік колонналар және тұрғын үй құрылысына қатысты өзге де материалдарды неміс технологиясы бойынша шығарады. Айта кетейік, плиталар 120 метрлік қос қалыпта құйылып, тапсырыс берушінің сұранысына сай кесіледі.
«Өнімділік-2020» бағдарламасына қатысқан кәсіпкер комбинат құрылысына қажетті қаржының 938 миллион теңгесін несиеге алып, қажетті технологиялық құрылғыларды немістің «WEILER» компаниясынан сатып алған. Бұл үшін ол «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-тың еншілес кәсіпорны болып табылатын «БРК-Лизинг» АҚ-тан жылдық өсімі 5 пайыздық несие алып отыр. Мамандардың айтуынша, дайын бетон қабырғалардың ортасына жылу оқшаулайтын материал салынады. Нәтижесінде цемент 30 пайызға үнемделмек. Мұнда темір-бетон бұйымдарының сапасын тексеретін зертхана да болады. Демек, Қызылордада бәсекеге қабілетті өнім өндіріліп, оны өзге аймақтарға шығаратын күн де алыс емес.
Бүгінде Сыр өңірінде демографиялық ахуал жақсы дамып келеді. Жыл санап халық саны артып, тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. Бас жоспар бойынша алдағы жылдары Сырдың сол жағалауын игеру басталады. Оның үстіне, кірпішке қарағанда, бетон қабырғалар сеймсмологиялық жағынан берік. Міне, осы жайттарды есепке алсақ, облыстағы құрылыс материалдары өндірісі секторындағы алғашқы қарлығаш тәрізді комбинаттың аймаққа, одан қалды республикаға берері мол болмақ. Аталған жоба өңір экономикасына едәуір серпін берері анық. Әсіресе, 2017 жылдан бастап игеріле бастайтын Сырдарияның солтүстік жағалауындағы жаңа қоныстың тез әрі сапалы салынуына үлкен септігі тиер еді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.