Халық бірлігі – мәңгілік құндылық
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын сұхбат
– Қасым-Жомарт Кемелұлы, Мәжілістің мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу туралы үндеуіне Парламенттің жоғарғы палатасының Төрағасы ретінде сіздің көзқарасыңызды білгіміз келеді. – Әріптестеріміздің – Мәжіліс депутаттарының бастамасын толықтай қолдаймын. Бұл олардың еліміздің келешегіне деген жоғары саяси жауапкершілігін көрсетеді. Парламенттің де, Үкіметтің де алдында Елбасы ұсынған мазмұны бірегей стратегия – Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмысты үйлесімді түрде жалғастыру міндеті тұр. Халықаралық ахуал шиеленісіп, әлемдік нарық мың құбылып тұрған бүгінгі жағдайда ішкі саяси тұрақтылықтың мән-маңызы арта түседі. Тіпті, алпауыт елдің басшысы Обама да таяуда халыққа арнаған үндеуінде бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде қатерлі қайшылықтар туындағанда жедел және келісілген шешім қабылдау үшін АҚШ-тың бүкіл саяси жүйесін «жөндеуге» шақырды. Ал біздің Елбасымыз экономикалық өсімге қол жеткізу үшін қоғамдағы ынтымақ пен келісім тұжырымдамасын баяғыда-ақ жария етіп қойғаны белгілі. Бүгінде әлем бұл стратегияны «қазақстандық жол» ретінде біледі. – Әлемді жайлаған дағдарыс Қазақстанға да әсерін тигізуде. Бұл жағдайдан еліміз аз шығынмен шыға ала ма? – Негізінен, халықаралық аренадағы қайшылықтардан туындаған дағдарысты біздің еліміз сөзсіз еңсеріп шығатынына мен кәміл сенемін. Осындай сын сәтте Елбасының төңірегіне мызғымастай топтасып, жаһандық деңгейдегі саясатты ұстануымыз біз көздеген табыстың кепілі болып табылады. Дағдарыстар өтеді де кетеді, ал халық бірлігі – мәңгілік құндылық. Дағдарыс күрделі сынақ болғанымен, бұл жаңа мүмкіндіктердің де уақыты, әрі ол болашақта оң шешімдер қабылдау үшін экономикалық дамудағы олқылықтарды сыни көзқараспен талдауға ықпал етеді. Үкіметте әртүрлі жағдайлардың алдын алу үшін бірқатар дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының бары қуантады. Сенат атқарушы биліктің осы шараларын іске асыруға заңнамалық тұрғыда жәрдем беретін болады. Менің ойымша, қазіргі жағдайда біз халықаралық рейтингке қол жеткізуді емес, әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, экономиканы әртараптандыруға, сайып келгенде, Елбасының Ұлт Жоспарынан туындайтын Қазақстанның күш-қуатын нығайтуға бағытталған нақты нәтижелерді басты назарға алуымыз қажет. Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».Уақтылы ұйғарым
Жуырда ғана Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауларын күзге қалдырмай, жақын арада өткізу керек деген мәжілісмендердің бастама көтеріп, үндеу тастағандарын теледидардан көріп, қуанып қалдым. Өйткені, казіргі таңдағы әлемдегі ахуал тұрақсыз, әр мемлекеттегі геосаяси теңсіздік, діни-экстремистік және террорлық жанжалдардың өршуі, шынтуайтына келгенде, біздің елге де әсер етуі мүмкін. Сол себептен әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескерген Мәжілістегі ойы терең, алысты байқай алатын халық қалаулыларының бұл бастамасын аудан жастары және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері мен белсенділері бірауыздан қолдайды. Мен өзім жетекшілік ететін аудандық жастар орталығының ұжымы мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері үндеу қабылданған күні жиын өткіздік. Онда бұл сайлаудың маңыздылығы мен атқаратын рөлі, оның қоғам үшін пайдасы қаншалықты екені туралы сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіді. Сол басқосуда жастар бірауыздан екі қолдарын көтеріп, сайлаудың күзге қалмай, көктем ішінде өткенін қалайтындықтарын білдірді. Жастар бұл ретте сайлауға әрқашан қолдау танытып, ерікті түрде жұмыс жасап, қоғамдық-саяси мәні бар жұмысқа бел шеше кірісетіндіктерін де айтып өтті. «Жастар – қоғамды алға сүйреуші локомотив болуы керек. Ол үшін оларға барлық жағдай жасалуда», деп Елбасы Н.Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде ерекше тоқталған еді. Сондықтан былтырғы өткен сайлауда да аудан жастары үгіт жұмыстарында белсенді қызмет етсе, биылғы сайлау жұмыстарында да белсенділік танытып қоғамның белсенді топ екендігін тағы дәлелдеуді мақсат етіп отыр. Өйткені, аудан және ауыл жастары бұл сайлаудың маңызы терең, міндеті зор, болашағы жарқын екенін жақсы ұғынады. Аллаберген ҚОНАРБАЕВ, Маңғыстау аудандық Жастар саясаты орталығының басшысы, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы. Маңғыстау облысы.Бұл – саяси өре өскендігінің белгісі
Парламент Мәжілісі Қазақстан халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін өзі тарату және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауларын өткізу туралы үндеуін теледидардан тыңдап, газеттерден оқып таныстым. Басында тосындау естілгенімен, тереңірек бойлап бағамдағанда, бұл бастаманың өте орынды болғанына, сондай-ақ, дер кезінде қабылданғанына көз жеткіздім. Қазір ырғалып-жырғалатын уақыт емес. Әлемді қаржы дағдарысы буып тұр. Оның салқынын біздің елдің де сезінуі заңдылық. Әлемдік экономикамен интеграцияланған Қазақстан бұдан тысқары қала алмайтыны да ақиқат. Дегенмен, Қазақстан өзге елдердей «әліптің артын бақпай» бірден дағдарысты еңсерудің кешенді шараларын алуға ден қойды. Қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында 5 институттық реформаны жүзеге асырудың басым бағыттары айқындалып, жүйелі жолдары нақты атап көрсетілсе, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында бұл бағдарламаларды жүзеге асыру жүйелене түсті. Мемлекет басшысы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламасында Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың тәжірибелік тетіктерін нақтылап берді. Үндеуде «Қазақстан егемен ел ретінде дамып келе жатқан 25 жылдың ішінде әлемдік дағдарыстардың сын-қатерлерімен сан мәрте бетпе-бет келді және біз олардың барлығына лайықты тойтарыс бердік. Тіпті, біз ондай кезеңдерді әрдайым дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығудың мүмкіндігі ретінде пайдалана білдік» деп атап көрсетілген. Бұл жолы да Қазақстанның жаңа жаһандық сын-қатерлерден шығуға бағытталған кешенді іс-қимыл жоспары бар екенін көріп отырмыз. Осындай тағдырлы сәтте Парламент Мәжілісінің елдің мүддесі тұрғысынан пайдалы жолды ұстанып, өзін өзі тарату және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізуге бастамашы болуы дер кезінде қабылданған шешім, дұрыс таңдау дер едім. Үндеуде Мәжілістің Ұлт Жоспарының заңнамалық негізін қалап, өзінің тарихи миссиясын орындағаны, Парламенттің 80-ге жуық заң қабылдағаны, Президенттің 5 институттық реформасының әрқайсысын жүзеге асырудың «жол картасы» жасалғаны айтылған. Бұл дегенің – қыруар жұмыс, үлкен табыс екені сөзсіз. Мұның өзі Парламент Мәжілісінің қаншалықты қайтарымды жұмыс істегенінің нақты дәлелі. Шындығында, қазіргідей тарихи кезеңде партиялардың сайлаушылардың жаңа сенім мандатын алуды ұйғаруы орынды және уақыт талабы да осыны қажет етеді. Парламент Мәжілісінің үндеуін еліміздегі бірлік пен татулықтың тағылымды көрінісі ретінде бағалаймын. Әркім көрпені өзіне қарай тартпай, ортақ іске жұмылудың қайтарымды болатынын түсінгендік деп білемін. Осындай күрделі кезеңде елдіктің мүддесі тұрғысынан қадам басу осылай болса керек-ті. Шүкір, бұл бағытта еліміздегі ынтымақтың іргетасының беріктігі тағы да айқын аңғарылды. Әлемдік дағдарыстың салдарын анағұрлым жеңілдетудің барлық тетіктері іске қосылуда. Экономикалық дамудың жолдары қайта қаралып, бюджеттік әлеуетке өзгерістер енгізілуде. Міне, осы тұста Мәжілістің өзін өзі таратуы және мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын өткізіп, жаңа депутаттық корпус жасақтауға бастамашы болуы қазіргі саяси және қоғамдық дамудың ерекшеліктерін түсінушілік деп ойлаймын. «Көп тұрса, су да сасиды» дегендей, дағдарысты жағдайдағы күрделі міндеттерді шешуге жаңа толқын келіп жатса, шығар биігіміз бұрынғыдан да жоғары боларына үлкен үміт артамыз. Мәжілістің бұл бастамасы еліміздегі саяси өренің өскендігінің айқын айғағы, демократиялық ұстанымдардың тұғырлы бола түскенінің дәйекті дәлелі. Жаңадан қашанда жақсылық күтеміз, ілгері күннен үмітіміз үлкен. Сондықтан жаңа парламентшілеріміз мемлекетшіл тұлғалардан болып, елдік мүддені көздеуі тиіс. Әрине, соңғы шешімді Елбасы айтатыны сөзсіз. Дегенмен, уақыт талабынан алға тартылған үндеудің Президенттен де, қалың жұртшылықтан да қолдау табатынына сеніміміз мол. Мұның қоғамдық өміріміздің бүгінгі ақиқаты биігінен қарағанда ұтымды ұсыныс, ұлағатты ұстаным екені даусыз. Балқия РЫСБАЕВА, Ойыл аудандық Шығанақ Берсиев атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры. Ақтөбе облысы.Қозғалыста болу – ілгерілеу
Уақыт ағымындағы аса күрделі жағдайда жұмыс істеген Қазақстан Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымдағы депутаттары қоғамды алға бастауда айтарлықтай ықпал жасады. Халық қалаулылары Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалады, 80-ге жуық заң қабылданды. Сондай-ақ, Елбасының 5 институттық реформасына қатысты салалық «жол картасы» тиімділігін көрсетуде. Бұл депутаттардың кәсіби тұрғыдағы біліктілігін айқындайды. Соған қарамастан, Мәжіліс өзін өзі тарату жөнінде шешім қабылдағаны мемлекетіміздің биік мұраттарына сәйкес келеді. Жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, елімізді ауқымды жаңғыртуға және Президент реформаларын барлық бағыттар бойынша нақты жүзеге асыруға кіріскен сәтте жаңа Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа лептің бастамашылары болуы тиіс. Ел халқы қолдап отырған (96 пайызға жуық) қадам қоғамдық құрылыстың әр буынына қосымша жауапкершілік жүктейді. Біздің салаға қатысты бір мысал келтірейін. Қазақстанның өңірлік көшбасшы болуы үшін оның мықты құрылымдары болуы қажет. Президент, бұл орайда, елімізде 6 макроөңірлер құрудың арнайы жоспарын ұсынды. Қазірдің өзінде басым бағыттарды қамтитын 11 жоба қолға алынды. Макроөңірлер «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы көліктік, логистикалық және коммуникациялық архитектураны біріктіреді. Жобаның «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық – Батыс» тармақтары Ақмола облысының аумағынан өтеді. Осыған байланысты 32 шақырымдық автомобиль жолы жаңа санатқа қосылып отыр. Жуық уақытта бұл іс қарқын алып, сапалық жоғары деңгейге көтеріледі. Бағдарламаның тиісті дәрежеде орындалуына біздің қызмет өзінің салмақты үлесін қосатын болады. Қоғамдық өміріміздегі өзгерістер осындай игі ниеттерге негізделген. Сондықтан, реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекеттерімізді барлық деңгейде үйлестіру үшін парламенттік сайлауды жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу қажет деп санаймын. Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік береді. Бекзат БЕКІШЕВ, Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы. Ақмола облысы.Құптайтын әрі қолдайтын бастама
Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастамасына саяси партиялар да, қоғамдық ұйымдар да, жалпы қазақстандықтар да қолдау білдіріп жатыр. Өз басым бұл дер шағында көтерілген бастама және өте орынды шешім деп есептеймін. Себебі, жаһандық экономикалық дағдарыс, өзге де геосаяси жағдайлар жаңаша жұмыс істеуді қажет етіп отыр. Өткен кезеңде Мәжіліс заң шығарушы орган ретінде өнімді жұмыс істегенін баса айтқым келеді. Соның нәтижесінде депутаттар Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалады. Бұған қоса, Елбасының 5 институттық реформасының әрқайсысын іске асыруға байланысты іс-шаралар кешенін жасауға атсалысты. Сондай-ақ, депутаттар барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын Мәжіліс сайлауымен бір күнде өткізуді ұсынып отыр. Құптайтын, қолдайтын мәселе. Өйткені, осы арқылы саяси науқанға жұмсалатын қаржының едәуір бөлігін үнемдеуге болады. Бүгінде Парламентте үш партияның өкілдері бар. Егер жаңа сайлау бола қалған жағдайда, еліміздегі өзге де саяси партиялардың сайлауға қатысу арқылы өздерінің бақтарын сынауларына мүмкіндік берілмек. Жалпылай алғанда, сайлау билік пен азаматтың қоғам арасындағы байланысты қазіргіден де нығайтып, күрделі де ауқымды мәселелерді бірлесе отырып шешуге өзіндік ықпал етеді. Осының барлығы еліміздегі ішкі саяси бірлік пен келісімнің нығаюына, сөйтіп, кез келген сала бойынша үйлесімді жұмыс істеуге қажетті жағдайлар жасайды. Ахмет МҰРАДОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.Қоғамға серпіліс қажет шақ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтерген үндеуі жан-жақты таразыланған шешім деп айта аламын. Бұл, сарапшылардың пікірлерінше, кездейсоқ қабылданған шешім емес. Осы мәселе төңірегіндегі пікір алмасулар сарапшылар арасында, байқаушылар арасында соңғы екі-үш айдың көлемінде белсенді түрде талқыланды. Әлемдегі экономикалық күрделі дағдарыс, оның ел экономикасына ықпалы тұрғысынан келгенде, бұл, шын мәнінде, тіпті де кездейсоқтық емес. Біріншіден, бұл – заңды қалыптасқан жағдай. Екіншіден, дер кезінде көтеріліп отырған маңызды оқиға деп айту керек. Сондықтан бұл бастама қоғамда өте қызу талқыланып жатыр және жан-жақты қолдау табуда. Жаңа сайлау еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге жаңаша бір серпін береді деп ойлаймын. Тек саяси-партиялық үдерістерге ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық-саяси талқылауларға да жаңаша серпін береді. Сондай-ақ, жаңа идеялардың, жаңа ойлардың көтерілуіне жол ашады. Сайлау қоғамның ішіндегі қордаланған өзекті мәселелерді сараптауға, талдауға мүмкіндік туғызады. Осының барлығы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің әлемдік дағдарысқа қарсы жаңа саясатты іс жүзіне асыруына мүмкіндік береді. Сондықтан да біз, сарапшылар сайлау науқаны саяси-қоғамдық өмірдің жаңа бір серпіліс, жаңадан бір жандануына мүмкіндік беретін қазақстандық арманды фактор ретінде қарастырамыз. Оның үстіне, еліміз жаңа кезеңге, 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңіне аяқ басты. Осындай кезде қазақстандық арманды іске асыру жолында жаңа құрамдағы Мәжілістің де ықпалы жоғары болатыны анық. Ендеше, Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасының қоғамдағы орны бөлек. Ерлан ҚАРИН, Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.Жарқын болашақ жолында
Бесінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының 13 қаңтардағы, яғни сәрсенбінің сәтті күнгі бастамасы барша қазақстандықтарды елең еткізгені белгілі. Халық қалаулыларының осындай шешіміне тікелей әсер еткен «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын Елбасының 2015 жылдың 30 қарашасындағы Жолдауы деп қабылдау керек. Сонымен қатар, оған қамшы болған Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» стратегиялық мақаласы дер едік. Бұл шешімдерімен депутаттар өздерінің саяси сауаттылығын, дәрежесінің биіктігін көрсете алды. Себебі, тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде Ұлт Жоспарында көрсетілген нақты тапсырмаларды орындауға тың саяси күш жаңа көзқарастағы адамдар керек екенін түсінгенінде. Осы тұрғыдан алғанда бұл үндеу дер кезінде және оңтайлы ұсыныс. Сондай-ақ, бесінші сайланған депутаттар жұмысты жаңа ғана бастап жатқан жоқ. Мерзімдері де тақап қалды. Парламент Мәжілісінің қазіргі құрамы елімізді және қоғамды дамыту үшін көп іс тындырды. Оның жұмыс қорытындысында Ұлт Жоспарын іс жүзіне асыру шеңберінде 2016 жылдың басынан бастап, біз азаматтық қоғамды және бизнесті дамыту үшін үлкен тың мүмкіндіктер ашатын жаңа заңдармен өмір сүре бастадық және олар қоғамның дамуына сүбелі үлес қосуда. Тарихи мерзімнен бұрын сайлау өткізу Қазақстан халқын ортақ мүдде мен ортақ мақсат үшін біріктіре түседі, экономикамыз үшін және бүкіл еліміз үшін қорғаныс шаралары болып табылатын дағдарысқа қарсы істерді, яғни Ұлт Жоспарын тың күшпен сауатты, әрі дағдарысқа қарсы саясатты дұрыс жүргізуге мүмкіндік береді. Ұсыныстың тағы бір ерекшелігі, ол дағдарысты ескере отырып, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын бірге өткізу. Ол мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайтады. Әлемдік дағдарысқа қарсы жаңа бағдарламаларды жүзеге асырғалы отырғанда мерзімінен бұрын сайлау өткізу дұрыс және дер кезінде қабылданған шешім болып табылады деп есептеу керек. Жомарт СИМТИКОВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Сорбонна – Қазақстан» институтының халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы. АЛМАТЫ.Уақыт талабынан туындаған
Мұндай қадам мемлекетіміз тәжірибесінде бар. Ол еліміз Конституциясы негізінде жүзеге асырылып жатыр. Мен Сенатта келіп түсетін заң жобаларымен жұмыс істеуде барлық проблемалы мәселелерді шеше алатын білікті мамандар жеткілікті деп есептеймін. Сондықтан да заң шығарушылық қызметте ешқандай да проблемалар туындамайды деп сендіре аламын. Ал Мәжілістегі партия фракцияларының шешіміне келер болсақ, бұл уақыт талабынан туындап отыр. Сондықтан да төменгі палата депутаттары қабылдаған шешім – өте салиқалы шешім. Экономикадағы және өзге де салалардағы қазіргі қалыптасқан жағдай дер кезінде сайлау өткізу қажеттігін талап етіп отыр. Сондықтан бұл бағытта ешқандай проблема болмайды деп ойлаймын. Мұның барлығы да Қазақстан заңдары мен Конституцияға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Әлемдегі кез келген мемлекетті алар болсақ, мұндай тәжірибе бар. Олай болса, мұндай үдеріс ел ішіндегі жағдайға, әлемдегі орын алып отырған өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылып жатады. Сондықтан да мұны объективті үдеріс және уақыт талабынан туындаған бастама деп қабылдаған жөн. Ал жастардың келуі қажет деген пікірге қатысты айтарым, әр нәрседе теңгерімділік қажет. Парламентке негізінен өзіндік ұстанымы бар тәжірибелі мамандардың келгені орынды. Әрине, алдағы сайлау демократиялық жағдайда өтетініне күмән жоқ, ал қай партияның жеңіске жететінін сайлау шешеді. Ақан БИЖАНОВ, Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы.Көңіл таразысы дұрыс дейді
Әлемде болып жатқан ірі оқиғалар Парламент Мәжілісінің депутаттарына Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын мерзімінен бұрын өткізу туралы үндеуін көңіл таразысынан өткізіп, дұрыс шешім қабылдаған екен деп сүйсіндік. Қазір дүниежүзіндегі ең мықты мемлекеттердің өзі дағдарыс біздің елдің бір бұрауын босата алмады дей алмайды. Қай-қайсысына да оңай тимей, экономикалық соққыларды бәсеңдетудің барлық алғышарттарына кірісіп кетті. Қазақстан да осы лекте. Мұнай бағасының төмендеуі дүниежүзіндегі ірі кәсіпорындардың жұмысшыларды мыңдап қысқартуына алып келіп жатыр. Мәселен, ірі концерн – «British Petroleum» бірден төрт мың адамын жұмыстан қысқартатынын хабарлады. Қара алтынның нарқы кеткен шығынның орнын жаба алмағандықтан, осындай қадамға барып отыр. Компания 20 млрд. долларға қарызға батқан. Мұндай жағдай өзге де ірі компаниялардың басына түсіп, олар да мұнай өндіруді азайтып, мыңдаған мамандарын қысқартты. Әлемдегі орын алып жатқан ауыр жағдайлар Қазақстанды айналып өтеді деп өзімізді өзіміз алдарқатуды қою керек. Ал Мәжілістің тарауы дұрыс шешім болды. Енді барлық деңгейдегі сайлауларды дұрыс өткізіп, Парламентке кәсіби, дағдарыспен күресуге білім-білігі жететін азаматтарды тартып, Елбасының мемлекеттік мәселелерді жедел әрі оңтайлы шешуіне көмектесеуіміз керек. Амангелді СОПБЕКОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. ШЫМКЕНТ.Сенімді, серпінді қадам қажет
Соңғы күндері «Елімізде Парламент Мәжілісі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтата ма, сайлауды мерзімінен бұрын өткізу қажет пе, жоқ па?» деген сауалдың төңірегінде толғанғанда, алдымен Қазақстандағы этносаралық ынтымақтың берік болуын ойладым. Бұл тек менің ғана қалауым емес, барша қазақстандықтардың да негізгі ұстанымы – ынтымақ пен бірлік. Әсіресе, Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөніндегі үндеуімен танысқан соң, бұл ең дұрыс шешім деген тоқтамға келдім. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бір жыл бұрын: «Біз – өресі биік, рухы берік отаншыл елміз. Біз үшін туған елдің бір уыс топырағынан қасиетті жер жоқ, бір түп жусанынан жұпар иіс жоқ. Елдің бірлігін нығайтып, Отанымызды көркейтуге бағытталған кез келген ұсыныс мен үшін құнды», деп еді. Бәріміз үшін Отанымыз – Қазақстандағы ынтымақ пен бірліктен ең ізгі, ең қымбат құндылық болмайды. Ынтымақ қана ырысқа бастайды. Қазақстан халқын Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы ынтымақ пен бірлікке шақырып келеді. Тәуелсіз еліміздің келешегіне үлкен үмітпен қараған қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстанды қуатты елге айналдыру идеясына үнемі қолдау білдіруде ынтымағынан жаңылған емес. Парламент Мәжілісінің депутаттары да елді экономикалық дағдарыстарға ұрындырмаудың маңызын бек түсінеді деп ойлаймын. Мерзімінен бұрын Мәжілістің, оған қоса барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауларын өткізсек, бұл тәуелсіз Қазақстанымызды дағдарыстың шырмауына іліктірмей, қуатты, бақуатты елге айналдыруға жасалатын ең сенімді, ең серпінді қадам болар еді. Сөйтіп, Ұлт Жоспарында айқындалған Бес институттық реформаны жүзеге асыруға Парламент Мәжілісінің жаңарған құрамы да атсалысар еді. Юрий КУСТАДИНЧЕВ, «Возрождение» болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты. Атырау облысы.Нақты кезеңдегі оңтайлы ұсыныс
Депутаттар елдегі ахуалды нақты бағамдап, Мәжілісті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы Елбасының атына үндеуін жариялады. Күнделікті газет-журналдар мен телеарналардан депутаттардың ұсынысын халықтың да қызу қолдап отырғанын байқадық. Елдің бірлігі, ынтымағы, тұтастығы дәл осы арада көрінді. Мәжілісті не үшін тарату керек? Дәл қазір сайлау өткізу қаншалықты қажет? Депутаттардың аталған бастамасы Бес институттық реформаны, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын тиімді іске асыру үшін аса қажет деген ойдамыз. Өйткені, қазіргі Мәжіліс өзінің тарихи рөлін толығымен атқарып шықты. Еліміздегі заңнамаға мемлекет тарихында ешқашан болмаған өзгерістер жасалды. Қабылданған заңдар мемлекеттің, экономиканың, қоғамның дамуында түбегейлі жаңа құқықтық негіз қалыптастырды. Былай айтқанда, үлкен реформалардың негізін қалады. Бұл дегеніңіз, жаңа қазақстандық арманға жетелейді. Яғни, әлемдегі 30 озық елдің қатарына ену негізгі мақсатымыз болса, жаңа қабылданған заңнамалар тікелей соған апарады. Мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын бекіту, азаматтық қағидаты негізінде жаңа қазақстандық бірегейлікті нығайту және дамыту үшін елдің жоғары заң шығарушы органының жұмысына жаңа сапа қажет. Елбасы тапсырмаларын орындау бойынша ел Үкіметімен егіздің сыңарындай жұмыс істеу міндет. Күрделі жағдайда заң үстемдігін қамтамасыз ету, ашық үкіметті қалыптастыру, Қазақстан экономикасының әрі қарай өсуіне жағдай жасау жөніндегі терең реформалардың тиімділігі үшін Парламент Мәжілісін жаңарту орынды бастама деп білемін. Дәл осы бастама Мемлекет басшысы ұсынып отырған реформалардың орасан зор бағдарламасын іске асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Оның үстіне, қаржы дағдарысы алқымнан алып тұрған тұста, сайлауды тезірек өткізіп, алдағы уақытта алаңсыз жұмыс істеуге жол ашуымыз керек. Қазіргі қиын-қыстау, тарихи таңдау тұсында билік пен халықтың ойы бір жерден шығуы ел бірлігінің бекемдігін айқын көрсетсе керек. Уәлихан ИБРАЕВ, «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры. ҚЫЗЫЛОРДА. Өзгерістер өміршеңдігімен ұтымды Жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан жас мемлекетіміздің саяси аренада беделі биік, мақсаты айқын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел келешегіне кемеңгерлікпен көз тіккен көрегендігі межелі мақсаттарға жету жолымыздағы басты бағыт-бағдарымыз болып отыр. Біз төрткіл дүниеге өзіндік басқару институты, басқару мәдениетінің ұлттық моделі қалыптасқан мемлекет ретінде танылдық. Бұл игі іске біздің заң шығарушы органдарымыздың қосқан үлесі зор, сіңірген еңбегі де елеулі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаттары да ұлттық заңнамаға кең көлемді өзгерістер енгізіп, Ұлт Жоспарының орындалуына айтулы үлестерін қосты. Десек те, бүгінгі қоғамдық ахуал жаңа көзқарастар мен тың серпілістерді қажет етеді. Сондықтан да, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы үндеуді дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп ойлаймыз. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының жаңа құрамын сайлау елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өміріне серпін беретін маңызды бастамалар әкелетініне сенімдіміз. Бұл бастамалар мемлекеттік даму мен қоғам өмірінің барлық саласын реформалауға арналған бағдарлама ретінде өзектілігі артып отырған Ұлт Жоспарының жүйелі жүргізілуіне, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауындағы міндеттердің орындалып, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын нығайту және дамытуға бағытталған жаңа мақсаттардың жүзеге асуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазіргі кезеңдегі қыспаққа алған қаржылық қиыншылықтардан шығудың тиімді жолдарын таңдауға және ел бірлігін ортақ мүддеміз бен ортақ мақсатымыз үшін жұмылдыруға бағытталған тың идеялар мен жаңа бастамалардың өмірге келуі елдің ертеңге деген сенімін бұрынғыдан да нығайта түсері анық. Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, кәсіпкер, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, Жалпыұлттық «Алтын Жүрек» сыйлығының иегері. Қарағанды облысы.Маңызды саяси оқиғаның бірі
Парламент Мәжілісіндегі партиялар фракциясының Мәжіліс сайлауы мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі үндеуіне Қазақстанның қатардағы азаматы ретінде де, үкіметтік емес ұйымдардың өкілі ретінде де қолдау білдіремін. Депутаттардың бұл бастамасына еліміздегі көзі қарақты азаматтар мен азаматшалардың да үн қосатыны анық. Онымен телерадио хабарлары арқылы, күнделікті жарық көріп жатқан газеттердегі мақалалар арқылы және агенттіктердің ақпараттары бойынша хабардар болып отырмыз. Қазіргі уақыт еліміз үшін тарихи кезең болғалы отыр. Өйткені, әлемдік экономикалық дағдарыспен қатар, геосаяси жағдайлар да ушыға түсуде. Қақтығыстар мен кикілжіңдер жиі көрініс бере бастағаны шынымен де алаңдатады. Сондықтан, еліміз кез келген сын-қатердің алдын алуға әзір болуы тиіс. Әсіресе, жаһандық экономикалық дағдарысты еңсеруге байланысты. Ал ол үшін жаңа күш, жаңаша серпіліс қажет. Бүгінде жұмыс істеп жатқан Мәжіліс өзінің миссиясын ойдағыдай атқарды деп айтуға болады. Себебі, бесінші шақырылымның депутаттары Президенттің 5 институттық реформасын іске асыруға бағытталған қажетті заңдарды қабылдады. Сонымен бірге, әлемдік экономикалық дағдарысты еңсеруге негізделген іс-жоспарлары бекітілді. Енді, міне, заман ағымына қарай жаңаша жұмыс істеп, жаңа белестерді бағындыру үшін күш жұмылдырмақпыз. Осылайша, біз әлемдік қоғамдастыққа Қазақстанның дамушы ел екенін дәлелдейтін боламыз. Азат ШӘУЕЕВ, «Мемлекеттік тілді дамыту қоры» үкіметтік емес ұйымының директоры.Үндеу үдесі – үнемдеу
Парламент – еліміздегі ең жоғары заң шығарушы орган. Сондықтан, Парламент құрамының жаңарып отыруы заңдылық болуы тиіс. Мәжілістегі «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстанның коммунистік халық партиялары фракцияларының өкілдері төменгі палатаны тарату және мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөнінде үндеу жолдады. Мұндай саяси қадамдарға демократиялық үрдістері кемелденген қоғамы бар елдер ғана бара алады. Біздің Парламентіміз Тәуелсіздікті нығайтуға қажетті заңнамалық жобаларды дер кезінде қабылдап келе жатқанымен ерекшеленеді. Сондықтан, жоғары заң шығарушы органның қоғамды жетілдіруге қосқан өзіндік үлесі бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Десе де, біз бір орында тоқтап, тұрып қалмауымыз тиіс. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу – мемлекетіміздің мерейін арттыру жолында еңбек ететін жаңа құрамы бар Парламент жасақтаудың бірден-бір жолы. Сарапшылар, еліміздің түрлі салаларында қызмет етіп жүрген азаматтары қазіргідей қаржылық қыспақтар күшейіп, әлемдік ахуалдың өзі орнықсыз болып тұрған кезде сайлауды өткізіп алудың уақыт пен қаржы үнемдеуде және Елбасы жүктеген тапсырмаларды жүйелі түрде орындауға жол ашатынын айтып жатыр. Мәселен, Орталық телекоммуникациялар қызметінде өткен брифингті қарап отырсақ, әлеуметтік зерттеу құрылымдарының жүргізген сауалдамасы нәтижесінде халықтың қай саладағы топтары болсын, Мәжіліс және түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауының мерзімінен бұрын өтуін қолдауы 95 пайыздың төңірегінен табылып отыр. Әлеуметтік сауалдамалардан бөлек, түрлі ұйымдар мен мекемелер де өз мәлімдемелерімен бұл үндеудің өз көкейлерінен шыққанын жеткізуде. Бағдан ҚАЙЫРЖАНОВ, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры. Шығыс Қазақстан облысы.Жауапкершілік жүктеген бастама
Қазақстан – айтулы халықаралық ұйымдарға мүше болып және әлемдік маңызы бар мәселелерді көтерген жиындарға қатысып, ондағы келелі мәселеге өз үнін қоса білген, сондай-ақ, ірі басқосуларға бастама болып, өз төрінде өткізе алған, әлемдегі алып елдермен әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тығыз байланысқа түскен ел. Бұл жағдайлардың Қазақстан үшін берері көп. Демек, әлем елдерінде болып жатқан әртүрлі ахуалдардың Қазақстанға азды-көпті әсері болатыны да заңды. Осы мәселелерді ескере отырып, Елбасымыз 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын бекіткен болатын. Барынша елеп-екшеліп, пысықталған жоспардың қазіргі таңда практикалық кезеңі басталды. Ел тағдыры, ел тұрмысы үшін маңызды тарихи құжатты жүзеге асыру да оңай шаруа емес. Сондықтан, еліміздің 2012 жылы сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары бірнеше заңнамаларды қабылдап үлгерді. Алайда, артынша мәжілісмендер Мемлекет басшысына қазіргі Мәжілісті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу қажеттігіне үндеу жолдады. Бұл – жаңа реформаларға қатысты жаңаша іс жүргізіп, кәсіби тұрғыда заман талабына жауап бере алатын азаматтарды ортаға тартып, елге қызмет етуге мүмкіндік беру деген сөз. Бұл – экономикалық дағдарыс кезеңінде дағдармай ертеңге сеніммен қадам басу үшін жасалған сауатты, байыпты қадам. Бұл – алды-артын бағамдай қараған бүгінгі мәжілісмендердің дер кезінде әрекет етіп, шешім қабылдай алған жауапкершілігінің көрінісі. Мәжіліс депутаттарының бұған дейінгі атқарған қызметіне алғыс айтып, Елбасы мен халыққа жасаған үндеуіне қолдау білдіремін. Пәния САРМУРЗИНА, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары. АҚТАУ.