16 Қаңтар, 2016

Саз бен сөздің тұмасы

942 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
БЕЙСЕБАЙ ҚАРАТАЕВӨткен жыл еліміз үшін талай айтулы даталарға толы болды. Солардың қатарында ақын, композитор Бейсебай Қаратаевтың 150 жылдық мерейтойы да бар. Бейсебай Қаратаев мұрасын «саз» және «сөз» деп екі топқа бөлуге болады. Бір жағынан Жетісу әншілік музыка мектебінің бастауы – Дәурен сал Құдабайұлы, екінші жағынан Жетісу ақындар мектебінің негізін салушы Сүйінбай Аронұлы дәстүрлеріне негізделіп, Б.Қаратаев осыларға тән терең философиялық маңызы бар адамгершілік тақырыбын жалғастырды. 1913 жылы Санкт-Петербург қаласында шық­қан П.Румянцевтің «Материалы по обследованию туземного и русского старожического хозяйства и землепользования Семиреченской области» кітабында Бейсебай Қаратаев Верный уезінің Күрті болысының № 5 ауылының басшысы делінген. Ал Қазақ Совет энциклопедиясының 6-шы томында (1975) «Бейсебай Қаратаев (1865-1936) – Совет өкіметі үшін күрескен большевик, ақын. Алматы обл., Қастек (қазіргі Жамбыл) ауд., Күрті болысында туып-өскен. Кедей-шаруа семьясынан шыққан. Жетісуда Совет өкіметін орнатуға белсене қатысып, Совдептің уәкілі болды» деп жазылған. Тек өзіміздің төл энциклопедиямызда бұл кісі туралы бір сөз жоқ. Өкінішті-ақ. Сонымен, патша және кеңес заманындағы басылымдарда аты шығып, тәуелсіз Қазақ елінің басылымдарында орын табылмаған Бейсебай Қаратаев деген кім? «Жасым бар қырық бірде, жылым сиыр, Бұл күнде бал тіліңе кімдер үйір, Өмірдің басталысы ұйқы-тұйқы, Аяғы болар ма екен қиыр-шиыр. Дұшпанның ұшырсам деп көкке күлін, Оқыдым мұқтасарды, алдым білім. Егесте ешкімге ақым кетпесін деп, Үйрендім он бесімде орыс тілін. Сыр ұқтым қойындаса жүрдім-дағы Байқадым бар екенін артта зілін», деп бас­тайды Бейсебай Қаратаев 1906 жылы жазылған «Құсалық» дастанын. АйтысБейсебай Қаратаев – ақын, композитор, заманының құрбаны. Бүкіл Жетісу музыка мектебіндей тарихтан, өнерден, қазақ қоғамынан біржола жоғала жаздап, қайта түлеген тұлға. Осы тұрғыда Жетісу музыка мектебі туралы түсініктеме берейін. ХІХ ғасырда дами бастаған Жетісу әншілік музыка өнерінің негізі ақ табан шұбырынды, алқакөл сұлама заманынан қалған мұң мен зарға толы әуендер деуге болады. Жетісу әніне тән – әуенінің тетрахорлық желісі, гексатоника мақамы сияқты музыка элементтері – әйгілі «Елім-ай», «Әй-әй, бөпем» әндерінен басталып, Дәурен сал Құдабайұлы шығармашылығында Жетісу ән дәстүрі тек өзіне тән музыка элементтерімен, ерекшеліктерімен біржола қалыптасады. Бүгінгі күні өнертану ғылымының назарынан тыс қалған әнші-композиторлар Бейсебай Қаратаев, Пышан Жәлмендеұлы, Иса Тергеусізов, Шүкітай Әбдікерімов, Тәбия Қаражанова, Омарқұл Итаяқов, Сәдіқожа Мошанұлы, Қапез Байғабылұлы сияқты даналар, бергенінен берері көп шамада қайғы-қасіретке ұшыраған, трагедиялық жағдайда өмірі үзілген. Олардың шығармалары «халық әні» делініп, басқа авторлар атынан айтылып, бұзылып, бүлініп, бізге үзік-үзік жеткен. Соңғы жылдары, қандастарымыз ата-баба жеріне қайта оралғанда, сол әндердің біршамасын ала келді. Бірақ, олардың айтуында, олар шыққан елдің үні әуен иірілімдерінде, ырғақ суретінде баршылық, басымшылық болып, түстікте жатқан халықтар мәдениетінің лебі естіледі. Соның бәрін жіктеп, талдап, өз орнына орнату – алда шешетін мәселе. Жетісу әншілік мектебінің ұмыт болуына біраз жағдай себеп болған. 1932 жылдың 23 сәуірінде ВКП(б) Орталық Комитетінің №97 «Әдеби-көркемдік мекемелердің қайта құрылуы туралы» қаулысы шықты. Онда «Пессимизм Кеңес идеологиясына қайшы келеді» делінген. Сол қаулыға орай көптеген қазақ әндерін орындауға тыйым салынды. Жетісу әнінің басым көпшілігінің мазмұны қайғылы мұңға толы болғандықтан айтылмай қала берді. Екінші жағдай: елу жыл бойы ҚазССР Ғылым академиясы және консерватория жанындағы фольклорлық кабинет ұйымдастырған талай фольклорлық экспедиция жан-жаққа аттанып, фольклор жинап, тек қана жанындағы Алматы облысы тыс қалған. Мәселен, Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағында Жетісу өңіріне байланысты жиырма шақты ғана ән бар. Оның өзін Ташкентте жүргенде Ораз бен Фатима Жандосовтар айтуында жазып алған. Бейсебай Қаратаев әйгілі Қазыбек бек Тауасарұлының шөбересі, жекпе-жекте қалмақ Боралдайды өлтірген Қасқары батыр немересі. Өнерлі, сауатты тұлға. Оның ақындық мұрасынан бізге жазбаша түрде жеткені біршама лирикалық өлеңдер және «Құсалық» дастаны. ХХ ғасыр басында орыстардың отарлау саясатына қарсы ереуіл Жетісуда үдей түсті. Қазақтар ата-бабасынан қалған шұрайлы жерден қуылып, онда орыстардың мұжықтары орналастырылды. Сол шиеленістің нақ ортасында болған Бейсебай, жағдайды поэмасында толық мәлімет етеді. Үзінді келтірейін: Ақынмын мен Бейсебай, бек тұқымы, Кім зерттеп жатат дейсің текті құры. Орыстар ойып алды бар шұратты, Есептеп ойды-қырды, тек-тұқырды. Адам деп жүргеніміз қасқыр болды, Ауызға түсетін сөз тақсыр болды. Қайда барсаң Қорқыттың көрі даяр, Қойылған қаным ағып, сақсыр толды. Орнады ол Ұзынағаш, Шамалғанға, Қазақты түріп тастап Шомқалғанға. Орыстар келеке ғып күле қарайд, Ашумен байқұс қазақ шамданғанда. Орысқа неге керек бек болғаным, Құр қолмен неге керек көп болғаным. Мылтықтың үңгі аузын қаратқанда, Қазақтың көрсең еді шөп болғанын... Сол жылдары ауыл басшысы Бейсебай Қара­таев тек қана дастан түрінде емес, отаршылдыққа белсене қарсы шығып, біраз жетісулықтар қатарында 1915 жылы Сібірге айдалып кеткен. Үш жыл өте Кеңес өкіметі орнап, бостандыққа қолы жетіп, туған мекенге қайтып оралған. Өз басына бостандық әперіп, сүйген жарымен қосылуға мүмкіндік берген Кеңес өкіметін шын жақтаған. Негізгі кәсібі мүрап, Бейсебай Қаратайұлы жергі­лікті ревком жұмысына белсене қатысты. Көңіл-күйі жоғары болып, туған елге, жерге арнаған өлеңдер шығарды. Бейсебай Қаратайұлы 20-шы жылдардың басында ВКП(б) мүшелігіне өтіп, 1927 жылы «10 лет Октябрьской революции» медалімен марапатталып, 1931 жылы Қазақ АССР Советтері VІІІ съезінің делегаты болды. Осы белсенділік үшін Б.Қаратаев 1936-1937 жылдың қатаң қысында репрессияға ұшырайды. Ол қонып қалған шағын разъезде, теміржол жұмысшысының үйіне түн ортасында төрт кісі аяғының ұшымен кіріп, оны, үй қожайыны мен сол үйдің тағы бір қонағын ұйықтап жатқан жерінде атып өлтіріп, үйге өрт қояды. Соның алдында далаға шыққан жұмыс­шының әйелі, түн жамылып, тығылып қалып, бәрін көрген. Ертеңіне үш шақырым жерде ор­налас­қан «Ұзынағаш» теміржол стансасы тұр­ғын­дары бұл сұмдықты жұмысшы әйелінен естиді. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында реабилитация басталған шақта, оған тек қана жоғары лауазымды, Жандосов, Сейфуллин, Розыбакиев сындылар ілінеді. Ал Бейсебай сияқты қатардағы «жалаңаяқ Советтің отын жаққандар» ресми түрде ақталмай, ұмыт қалпында қала берді. «Халық жауы» деген жаман ат Б.Қаратаевтың ақындығының ұмытылуына да себеп болды. 1921 жылы Ораз Жандосов Алматыда ақындар слетін өткізеді. Бұған бір деректе 11 ақын, бір деректе 13 ақын қатысты дейді. Слетке қатыс­қан ақындар бір-бірімен айтысқа түскен. Тек қана Жамбыл атамен айтысуға бәрі де бас тартқан. Бүгінде сол айтыстардан бізге жеткен үзілген, кесілген фрагменттері ғана бар. Айтысқа түскендердің арасында екі есім мүлдем жоқ. Ол Бейсебай мен Мақыш. Сол ақындар арасында сау­аттысы да екеуі еді. Кейін репрессияға ұшырап, аты жабылып, істеген істері ұмытылған да екеуі. Ешбір ақын Жамбыл атамен айтысқа түскен жоқ дедік, бірақ Ұлы абыз слетке қатысқан әр ақынға өз сөзін арнаған. Еш жерде айтылмаса да Бейсебай Қаратаевтың сол жиынға қатысқанын Жамбыл арнауынан білеміз. Бай қызы Бейсебайға күлетұғын, Бейсебай «Кеңесім» деп түлейтұғын. Белсенді сол кедейді қолдаған соң, Бай, манап қадайтұғын сүлей сұғын, – дей келе, Жамбыл ата басқалардан жас жағынан өзіне ең жақын тұрған Бейсебайға мынадай сөз айтады: Оу, дүние, өте шықты кер бұландай, Елуде ойнақ салдық ер ұландай. Мұң болды енді міне қарға адым жер Бауырлап жексен болдық сұр жыландай. Оу, дүние, өте шықты кер жүйріктей, Бір кезде жігіт болдық ақ сүйріктей. Қауыжып бір-ақ уыс қаудан болдық Жел соқса құлап түсер қау күйректей. ...Бейсебай Қаратаев айтыскер ақын. Ақын сөзі жеңіл әзілге толы, мінезі жайдары келгенін есептеп ұйымдастырушылар Бейсебайды көбінесе қыз-жігіт айтысына қосатын. Республикалық айтыс қорында Бейсебайдың Тұмар дейтін қызбен айтысы сақталған. Тұмар қыз ақынның бет-пішіні нашарлау екендігін баса айтыпты: Бейсебай жамбастамай тұрып отыр, Құдайым қай жағыңнан ұрып отыр. Ит жауырын, бақа төс, шошқа қабақ, Саған кімнің обыры құрып отыр. Бейсебай қыз сөзіне ренжімей күліп, жауап беріпті: Бұл сөзге доз шақырман ақын Тұмар, Қай жігітке болса да Тұмар құмар. Бақа төс, шошқа қабақ білінбес-ті, Болғанда менімен ұмар-жұмар. Әсімхан Қосбасаров ақсақалдың айтуындағы Зейнепия деген қызбен айтысы әбден бері өткен болу керек. Зейнепия: Сен бе едің Бейсебайым медаль таққан Советтің жалаң аяқ отын жаққан. Мойныңа медаліңді тағып алсаң, Құдды тазыға ұқсайсың қарғы таққан. Бейсебай жауабы: Мен едім Бейсебайың медаль таққан, Осы медаль келіпті Мәскеу жақтан. Төреңе қапылыста тіл тигізіп, Басың сотты болады-ау, құдай атқан. Бұдан елу жыл бұрынғы әңгімелер еске түседі. «Оу, ақын атаң сияқты сөмкеңді иығыңа іліп алыпсың ғой», әлде «ақын атаң сияқты қойныңа дәптер салып алыпсың ғой», дейтін әжем. Әжемнің жүзі жылып, күлімсіреп еске алатын: «Ақын атаң Алматыға жиі баратын. Оның жолын бүкіл бала-шаға күтетін. Ауылдың барлық балалары сонау Жанабай көпіріне барып қарсы алатын. Сөмкесі толған кәмпит, прәндік. Күз болса, арбаға артқан қап-қап алма...». Ол кезде мен үшін «ақын ата» деген тек қана Жамбыл болатын. Түсінбей, «Жамбыл ата бір-ақ сөмке кәмпитті кімге жеткізбек?» деп те сұрайтынмын. Сонда әжем қанша қинасаң да, шіркін, қайнағасының атын атамайды-ау! Оның айтып тұрғаны Бейсебай екенін әбден кейін білдік. Бейсебай Қаратаев – композитор, бүгінде тоғыз әні белгілі. Үшеуі Затаевичтің жоғарыда айтылған кітабында, екеуі Кенен ата айтуында жетті. 1967 жылы әкеме достары туған күніне «Айдас» магнитофонын сыйлаған. Сонда бастауыш сыныпта оқитын інім Алғатбек екеуміз қызық көріп үйге келгендердің бәріне ән салғызып, жазып алатынбыз. Бүгінге Дәурен сал, Пышан, Шүкітай, Тәбия, Төрткен әпке білмейтін Кенен атаның екі әні сол балалық ойынымыздың нәтижесі ретінде жетті. Ішінде Бейсебай дүниелері де бар. «Үш-Алматы», «Көрікті Балқаш, көк Балқаш», «Қазыбек менің өтенім» әндері туған жерге, өскен өлкеге арналған. «Қош, аман бол», «Ой жалған, алтын таң», «Жігіт болса – шоқ болсын!» – автор Сібірде айдауда жүргенде шығарған. «Үш шоқының аяғы құм болады» және «Нұржамал» Бейсебайдың сүйікті жарына арналған. Бізге «қазақ қыздарын кішкентайынан айттырып, малға сатып жіберетін» деп айтылатын. Қазірдің өзінде әйгілі Сараны айтыста жеңген Біржан сал, алған сыйын айып ретінде төлеп, Сараның бас бостандығын алып бергенін біреу білсе де, біреу білмес. Бейсебай махаббаты да ерекше бір оқиға. Жасы 45-ке шығып, ақын дарыны дүркіреп тұрған Бейсебайға өзінен 30 жас кіші байдың қызы Нұржамал ғашық болып қалады. Тұмар қыз суреттегендей «бақа төсі, шошқа қабағы» да еленбейді. Нұржамал Бейсебайдан басқа ешкімге күйеуге шықпайтынын әке-шешесіне басып айтады және сол айтқанынан қайтпайды. Жылдар өтеді, Нұржамал кәрі қыз болып қала береді. Тіпті, Бейсебай айдалып кеткенде, оны Тарбағатайға дейін шығарып салады. Кеңес өкіметі орнап, түбінде екеуі қосылады. Б.Қаратаев шығармашылығында айрықша орны бар «Қайран, Ораз» әні. Ораз Жандосов 1922 жылы Ташкентке жұмысқа жіберіледі. Ата қонысы, жер-суын отаршылардан өздеріне қайта тартып алып берген Оразды қазақтар қимай, екі жүздей атты адам Қордай асырып шығарып салады. Жол бойы екі ән дүниеге келеді: біреуі Бейсебай шығарған «Қайран, Ораз», екіншісі Кенен Әзірбаевтың «Оразжан» әні. «Бейсебайдың «Қайран, Ораз» әнін толқымай, күйзелмей тыңдау қиын. Оның мақамы Бейсебай ақынның ойының, әншілік-шығармашылық деңгейін естір, ұғар құлаққа біршама құйып-ақ тастайды, жүрегіңнің түкпір-түкпіріне жеткізеді», деп жазған жазушы Балғабек Қыдырбекұлы «Бейсебай ақын мұрасы» мақаласында. Кезінде Оразға арнап шығарған әні кейін ақынның өзіне, Оразға, бүкіл қазақ зиялыларына, қуғын-сүргін құрбандарына айтылған жоқтау болып қала берді. Әуез, саз туралы сөзбен айтып жеткізу қиын. Әнді тыңдау керек, тыңдай білу керек. Осы тұрғыда Қазақстан композиторлар одағы мен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ұжымы бірігіп ақын, композитор Бейсебай Қаратаевтың 150 жылдық мерейтойын 20 қаңтар күні өткізуді көздеп отыр. Концертте бұрын-соңды естілмеген Бейсебай мұрасынан өзге Дәурен сал, Иса Тергеусізұлы, Пышан Жәлмендеұлы, Кенен Әзірбайұлы әндері орындалады. Бұл кеш өнертану ғылымының назарынан тыс қалған Жетісу әншілік музыка мектебінің салтанаты боларына кепілдіміз. Концерттік материалды толайым (әндерді нотаға түсіру, клавир мен партитураларын жасау). Еліміздің бүгінгі бетке ұстар композиторлары дайындады. Қазақ Елінің мәдениетіне, алдағы ұрпақтарға асыл мұра болуы хақ. Балнұр ҚЫДЫРБЕК, композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Композиторлар одағының төрайымы