16 Қаңтар, 2016

Польша мен Еуропа түсініспей жатыр

290 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
дубир-1Бұл түсініспеушілік жаңа жылдың алдында басталған. Парламент бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға өзгеріс енгізді. Ол бойынша Польша қоғамдық телевизиясы мен радиосының жұмысы үкімет тарапынан қадағаланбақ. Қадағаланғанда, бұл ақпарат құралдарының басшыларын үкіметтік орындар, себебін айтпай-ақ, жұмыстан шығара алады, сондай-ақ, сол мекемелер басшылығының мүшелері мен бақылаушы кеңес мүшелерін іріктегенде, байқау, бәсекелік өткізу жойылып, оларды елдің қазына министрі тағайындамақ. Ал бұл еуропалық талапқа мүлде қайшы. Содан да еуропалық ұйымдар шу ете қалған. Оны да түсінуге болар еді. Заңға түзетулерді парламент қабылдағанмен, оны президент бекітуге тиіс. Еуропалық комиссия, Еуропарламент басшылығы өздері қарсы болса, ол Польша президенті Анджей Дудаға әсер етеді деп те ойлаған шығар, сол заңға түзетулерді айыптаған шұғыл науқан басталып кеткен. Еуропалық Кеңестің цифрлық экономика және қоғам жөніндегі комиссары Гюнтер Эттингер сол жаңа заңы үшін Польшаны бақылауға қою жөнінде ұсыныс та жасады. Әрине, бұл еуропалық ұйымдардың басшылығының келісімімен жасалғаны да анық еді. Бұған Польша тарапы құлақ асып, ортақ үйлерінің тәртібіне икемделмек түгілі, өздерінің таңдаған жолының дұрыстығын айтып айқай салды. Бұл ретте Польша әділет министрі Збигнев Зеброның Гюнтер Эттингерге жолдаған хаты талайдың құйқасын шымырлат­қан шығар. Оның өздерінің БАҚ туралы жаңа заңдары демократияға қайшы еместігін, керісінше, «польшалық БАҚ-қа шынайылық пен тәуелсіздікті қайтарып береді» дегенімен пікір таластыруға да болатын шығар, ал Еурокомиссияның Польшаға бақылау жасау талабын Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі «немістік бақылаумен» теңестіргені тым артықтау еді. Онымен де қоймай, Зебро қыза-қыза келе Эттингердің неміс екенін де еске салды. Еуропалықтар ескертпесінен қорытынды шығарып, жағдайды түзетер, парламент қабылдаған заңды бекітпес деген Польша президенті, керісінше, оған қол қоюға асықты. Бұдан Еуропаның айтқаны бізге заң емес деген пейіл аңғарылады. Бұрын дау министрлер деңгейінде болса, енді оған Польша жағынан президент қосылған соң, Еуропа жағы да деңгейлескенді жөн көрді-ау шамасы, Еуропарламент спикері Мартин Шульц тым қатты кетті. Неміс басылымына берген сұхбатында ол Польша басшылығын қатты сынады. Атап айтатын бір жай, Польшаның қазіргі билігі әсте де Мәскеудің ықпалында емес, қайта, керісінше, онда Ресейге қарсы саясат өршіп тұр. Тек Еуропа басшылығы Варшаваға қаттырақ тиісу үшін оны Мәскеуге іліктіріп отыр. Сөйтіп, екі қоянды бір оқпен атып алмақ ойда. Жалпы, Польшада қазір қызық жағдай қалыптасқан: олар Еуропамен де, Мәскеумен де дүрдараз. Ішкі жағдай да оңып тұрған жоқ. Бір жағы сырттың да әсері шығар, елде қарсылық әрекеттері етек алған. Демократия қағидаттары сақталсын дейді олар. Әлемдік дағдарыс өкпеден қысып тұрғанда, оған ішкі саяси дағдарыс қосылар болса, шын қиналыс сонда болар. Грузияда  жұмбақ нәрсе көп дубир-2Алдымен ойламаған жерден ел үкіметінің басшысы Ираклий Гарибашвили отставкаға кетті. Себебі белгісіз. Сонан соң Георгий Квирикашвили премьер-министр болып тағайындалды. Ол да саясатта бұрын белгісіз адам. Әңгіме бұл елде үкімет бас­шысы ең жоғарғы қызмет екендігінде болып отыр. Саясатты осы қызметтегі адам жасауға тиіс. Рас, елдің қазіргі президенті Георгий Маргвелашвили өткен жылы беделге таласқаны бар. Сөйтсе де, конституция бойынша қазір негізгі билік премьердің қолында. Сонда сол билік тізгінін ұстайтын тұлғалардың келіп-кеткені неге елеусіз болады? Ашып айтылмаған соң, әртүрлі алыпқашпа сөз де көп. Сірә, мәселенің байыбына бару үшін шамалы кейін шегініп, 2012 жылғы парламент сайлауына тоқталу керек-ау. Сонда миллиардер Бидзина Иванишвили басқарған «Грузия арманы» коалициясы жеңіске жетіп, билік тізгінін өз қолдарына алған. Иванишвилидің өзі премьер-министр болумен қатар, билік нысанын өзгертіп, президенттіктен парламенттікке ойысып, Михаил Саакашвилидің өзіне де, оның Бірегей демократиялық қозғалыс партиясына да ойсырата соққы берген. Оның салдары да белгілі – Саакашвили сыртқа қашып кетті, ел азаматтығынан да айырылды, ал БДҚ партиясы оппозициялық деңгейге түсті. Елдегі жағдай өзгерді. Бизнесмен Иванишвилидің дегені болды. Ашық айтқаны да, емеуріні де жүзеге асып жатты. Президенттікке де өз адамы – Маргвелашвилиді сайлады. Арада бір жыл өткен соң, өзі ашық биліктен кетіп, жабық билікке көшкен. Олай дегенде, билікке өз адамдарын қойып, билігін солар арқылы жүргізген. Жап-жас Ираклий Гарибашвили билікке солай келген. Енді міне, екі жылдан соң ол қызметтен кетіп отыр. Өзі кетті ме, кетірді ме, дейді жұрт. Сонда Иванишвилиге бұл жақпады ма, жоқ өзі оның айт­қанына көнгісі келмеді ме? Жұмбақ. Былтыр Иванишвилидің «қойған адамы» Маргвелашвили де бұлардың айтқанына көнбей, біраз «бүлік» шығарған. Әліге дейін сол қалпында. Соған қарағанда, коалицияда алауыздық бар сыңайлы. Сарапшылар сондай пікір айтады. Ал «Грузия арманы» коалициясының беделі айтарлықтай төмендегені даусыз. Ол сауалдама жүргізгенде айқын аңғарылды. ЕДҚ партиясы, керісінше, өз рейтингін біршама көтерген көрінеді. Өткен сайлаудан бергі уақытта биліктегі коалиция өз уәделерін толық орындай қоймаған соң, оған халықтың ықыласы да төмендеген. Алда – парламенттік сайлау. Соған дейін беделді біршама көтермесе болмайды. Сонда бедел көтеретін адам Георгий Квирикашвили болғаны ма? Ол кім? Технократ көрінеді. Уәдесі: Батыспен байланысын күшейтпек, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға күш салмақ. Екеуін үйлестіру қиын-ау. Батыс Грузияны НАТО-ға кіруге кезекке қойып отыр. Ресей не береді? «Грузия арманы» коалициясы жұртқа қалай жағарын ойлайды. Бұл алдағы сайлау үшін керек. Ол да алыс емес. Уәдесін орындамағандар, ойдан шықпағандар кетуге тиіс. Гарибашвили сияқты. Кінә соларға артылады. Жаңа келгендерге кінә қоя алмайсың. Бұл да саясаттың бір қулығы. Кейде халықтың сондай қулыққа алданатыны да бар. Қарсы жақ, оппозиция да қамсыз жатқан жоқ. Сарапшылар пікірінше, биыл Грузияда саяси күрес әдеттегіден күштірек болатын сыңайлы. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.