АҚТӨБЕ. 18 қаңтар. Ақтөбеде ет экспортын арттыру бойынша кеңес өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облысқа екі күндік жұмыс сапарымен Ауыл шаруашылығы Министрі Асылжан Мамытбеков келді. Министр алдымен Алға ауданындағы «АкТеп» ЖШС-не ат басын бұрып, серіктестіктің жаңа жылдың алдында ғана пайдалануға берілген заманауи ет комбинатының жұмысымен танысты. Содан кейін Алға индустриялық-техникалық колледжінде ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері көрмесінде болып, өңірде қолға алынған иевестициялық жобалармен танысты.
Сонымен қатар, министрдің қатысуымен облыста мал шаруашылығы аймақаралық ет кооперациясын құру және оны дамытуға арналған көшпелі кеңес өтті. Оған көршілес Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері Архимед Мұхамбетов пен Нұрлан Ноғаев, Inalca Eurasia компаниясының вице-президенті Андрей Вакулин, инвесторлар, сондай-ақ, облыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты.
Кеңесті кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен еліміздің бес өңірінде бастау алған шағын ет-сүт өндіру және өңдеу фермаларын ашу бойынша қанатқақты жобаларды жүзеге асырудың облыстағы қадамына тоқталды. Осы бағдарламалар бойынша ауылда кәсіпкерлік нысандарын құруға қазірдің өзінде 40-қа жуық өтініш түскенін тілге тиек ете келіп, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін облысқа 3,9 миллиард теңге қаржы қажет екенін атап өтті.
2015 жылы аймақта «Сыбаға бағдарламасы бойынша 4,5 мың ірі қара сатып алынған. Ресейге 2,8 мың тонна ет, соның ішінде 895,5 мың тонна ірі қара еті экспортқа шығарылған. Өңірдің ауыл шаруашылығына 5,3 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Алқалы жиында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков сөз алып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 61-қадамын жүзеге асыру үшін Үкімет тарапынан ет өндірісін дамыту мен өңдеуге стратегиялық инвесторларды тарту бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Биыл экспортқа 12 мың тонна ірі қара еті шығарылатынын, одан кейінгі жылдары бұл көрсеткішті 30 мың тоннаға жеткізу көзделіп отырғанын мәлім етті. Сол үшін «АкТеп»» ЖШС-нің осы әлемдік стандарттарға сай ет комбинатының мүмкіндігін пайдалану бағытында жұмыстар жұргізіліп жатқанынан хабардар етті.
Бүгінгі таңда бұл жобаға Inalca Eurasia компаниясының қаржы құюға және мал бордақылау алаңдарын кеңейтуге ықылас танытып отырғанын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған көршілес өңір басшылары бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, ортақ іске өзіндік үлестерін қосатындықтарын жеткізді.
Inalca Eurasia еліміздің ет өнімі саласына 100 млн. еуродан аса қаражатты инвестициялау жөнінде шешім қабылдады. Қаражат республиканың 3 облысында бір мезгілде бордақылайтын 44 мың бас қуаттылығымен бордақылау алаңдарының құрылысы үшін вертикалды-интеграцияланған компаниялардың құрылуына бағытталмақ. Бұған қоса, Ақтөбе облысында ет комбинатынының қуаттылығын 20 мың тонна ет және ет өнімдерін ұлғайтумен модернизациялау жоспарлануда. Inalca Eurasia компаниясы қазақстандық ет брендін жасап, Еуропа елдері мен Ресей Федерациясына ет экспортын қамтамасыз етуге ниеттенуде.
Үш облыс әкімдіктерімен, министрлікпен және Inalca Eurasia компаниясы арасында аймақта еттің экспорттық әлеуетін жоғарылату үшін индикативтік көрсеткіштер мен мақсаттарды айқындайтын етті мал шаруашылығында аймақаралық кооперация құру бойынша меморандумға қол қойылды. Қазақстандық «Актеп» компаниясымен Inalca Eurasia трансұлттық корпорациясы арасында «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарының 61-қадамын жүзеге асыру аясында өзара келісім жасалды.
Жұмыс сапарының екінші күні Асылжан Мамытбеков Хромтау ауданындағы «Морочные истории» ЖШС репродуктор шаруашылығында болып, жұмысымен танысты. Министрдің қатысуымен облыстық әкімдікте өткен алқалы жиында ауыл шаруашылығы саласының өзекті проблемалары әңгіме арқауына айналды. Сондай-ақ, алдағы көктемгі егістікке дайындық мәселелері де сөз болды.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.