19 Қаңтар, 2016

Досжан хазірет

1546 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
islam-crescentЕліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін өшкені қайта жанып, өлгені тірілгендей болған қазақ ұлттың қамы, ұрпақтың теңдігі үшін жан пида болған талай саңлақтарын тарих сахнасына қайта шығарды. Олардың әзиз есімдерін ұрпақ жадында қайта жаңғыртты. Сондай тұлғаларымыздың бірі – Қашақұлы Досжан хазірет. Досжан хазірет 1815 жылы Ақтөбенің Тасастау елді ме­кенінде дүниеге келіп, 1890 жылы қайтыс болған. Досжан атаның қазақтар арасында ислам дінін уағыздап, жастарға мұсылманша білім беріп, ата дәстүрін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудегі еңбегі мол. Ол – діни ұстаз, ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. Оның әкесі Қашақ та ескіше хат таныған молда кісі болған. Досжан хазірет діни сауатын әкесінің көмегімен ашады. Зерттеушілердің пайымдауынша, Досжан ишан (Досжан атамызды хазірет деп те, ишан деп те, қажы деп те, қалпе деп те атайды. – Ш.Ә.) Орынбордан 18 шақырым жерде орналасқан Қарғалыдағы медреселердің бірінде білім алған. Қарғалыда сол кездің өзінде 9 медресе болған екен. Оқудан кейін еліне келіп, мешітте имам қызметін атқарған шағында ол небәрі 16-17 жаста болыпты. Өкінішке орай, оның өмірі мен қызметі әлі толық зерттелмей жатыр. Алайда, халық оның игі істерінің жарқын іздерін бүгін де көріп отыр. «Алаш» тарихи-этноло­гиялық тарихи журналының бас редакторы, Қазақстан Рес­публикасының мәде­ниет қай­раткері, тарих ғылым­дарының кандидаты Хайрулла Ғабжәлилов былай дейді: «Досжан хазіреттің қолданған мүлкінен бүгінде сақталып қалғаны – жеке мөрі. Мөр қазір жекенің қолында. Мөрдің бетінде арабша «Аллаға құлшылық етуші молла Дос­мұхаммед ибн Қашақ 1248 (хижра жыл санауы бойынша) деп жазылған. Мөр түсті металдан жасалған. Әдемі тұтқасы бар. Досжан хазірет өз заманында Алла ра­зы­лығы үшін үш рет қажылыққа барған екен. Сол сапарларының бірінде Құнанбай қажымен бірігіп, Меккеде тәкие салдырған. Бұл туралы Шәкәрім Құдай­бердіұлы «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежі­ресі» дейтін еңбегінде «1872 жылы қажыға барғанда қазақ қажылары түсетұғын Мек­кеде бір тәкие үй салдырып, құдайы қылып еді. 1905 жылдан 1906 жылға қарай қа­жыға барғанда тәкиені көрдім. Бұл тәкие осы күні Кіші жүз табын Досжан қажының атына жазулы екен» деп көрсетеді. Қай кезде де мемлекеттің бо­ла­шағы үшін, ұлттық мүдде үшін талмай еңбек еткен, ақырғы демі таусылғанша күресіп өткен ұлт зиялыларымен, батырларымен, діндарларымен тығыз байланыста екендігімізді ұмытпауымыз керек. Досжан хазірет те сол сияқ­ты ұлтым деп өткен біртуар тұл­ғаларымыздың бірі». Өмірін дін жолына арнаған ғазиз жан Досжан хазірет туралы өзінің тұстасы, ақын Әбубәкір Кердерінің дастандары мен өлең жырларында көп айтылады. Хазіреттің атқарған істері мен өмірдерегі туралы бүгінге жеткен мағлұматтардың ең құндысы да, нақ­тырағы да осы Әбубәкір шайырдың жырларында жиі кездеседі. Досжан хазіреттің ең алғаш салдырған мешіті Ақтөбе өңі­ріне қарайтын Сам құмы­ның етегіндегі, Тасастау қайнар ма­ңындағы Қарашың деген жерде екен. Әбубәкір Кер­дерінің жырында осы өңірдегі Досжан ишан мешітінде мыңдаған шәкірт білім алды деп көрсетеді. Досжан атамыз 1842 жылдың шамасында ишан дәрежесіне жетіп, медресе ашып, бала оқытуға рұқсат беретін құжат алады. «Рұқсат пірден алып, болды ишан» дейді Әбубәкір шайыр ол туралы. Айналасына имандылық нұрын шашып жүретін Досжан хазірет туралы Әбубәкір Кер­дері «Ойылдың көшіп келді Ши­лісіне, Асыл зат тәбәріктің милысына. Келген соң мешіт салып, ғылым ашты, Құдайым жолықтырды игі ісіне» дейді өз жырында. 1868 жылдары орыс отаршылары Темір, Ақтөбе бекіністерін сала бастағанда Досжан ишан мешіт салу үшін Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Шилі бойын таңдап, мешіт салуға бағыттала бастайды. «Досжан ата Бірман деген ұстаны тауып алып, онымен келісім жасайды. Мешіттің қандай болу керектігін шешкеннен кейін құ­рылыстың негізгі жұмысына жұртшылық жұмыла кіріседі. Асарлатып, тез арада бітіреді. Мешіт құрылысына бие сүті, мал сүйегі, ши қосылып, қолдан құйылған кірпіш пайдаланған. Қабырғаларының күні бүгінге дейін сақталуының өзі берік материалдан қаланғанын бай­қатады. Мешіттің ұзындығы 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Бөлмелері алтау. Бөлме ішінде бірде-бір тіреу болмаған. Төбесінде бірде-бір қиық жоқ, күмбезі бұрандалып жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленген. Күмбезден түскен жарық барлық нақыштарын нұрландырып тұрған. Әбубәкір жырлаған деректерге сүйенсек, мешіт жанында 150 орындық бала оқытатын медресесі, қонақ күтетін қосалқы бөлмесі болған. Мешіттің архитектуралық үлгісі Қазандағы сәулетші А.Пескенің басшылығымен салынған Юну­сов мешітінің үлгісімен жа­салған» дейді Қазақстан Журна­листер одағының мүшесі Мең­діхан Әділханұлы. Бұл мешіт халық аузында «Ақши» мешіті деп аталған. Оны өз атымен атауды Досжан ишанның өзі қаламаған сияқты. Кейін Кеңес өкіметі тұсында Досжан хазіреттің ұрпақтары қуғындауға ұшырап, мұралары қирату, құлату, қорлау зардаптарын басынан өткізген. Жемсарай, дүкен, мал қора сияқты шаруа­ға пайдаланғандарымен қой­май, айшықтарын жұлып, күм­бездерін құлатқан. Ішіндегі асыл заттары тоналып, кілем, кітап­тары ұрланып, қасиетті орын аяққа тапталған. Досжан хазірет дін жолында үлкен бір істі қолға алады. Яғни, қазаққа арнап өз алдына мүфтилік ашу шарасына белсене кіріседі. Әбубәкір Кердерінің сөзімен айтқанда: «Баршасы үшбулардың пірім деді, Хазірет ақылы дана, білімді еді, Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап, өзінен халық қамын бұ­рын жеді» дейді. «Мүфти сұрап» деп отырғаны қазақ даласында өз алдына діни басқарманың болуын, әр ауылда мешіт болып, оны басқаратын өз молдасы болуын, оған жұрттың неке қиғызу, отбасы істерін ше­шуді қарауына бергізу сияқты мәселелердің шешімін іздейді. Досжан хазіреттің өміріне тікелей қатысты тұлғаның бірі – Жұмағали ахун Оразалыұлы. Ол Доңызтаудың Тасқабақ деген жерінде мешіт салдырып, бала оқытқан. Мысырдағы «Әл-Азһар» медресесін бітірген. Арғы атасы – әрі ғұлама, әрі батыр Ербатыр ишан. Жұмағали «Әл-Азһар» медре­сесінде оқып жатқанда әкесі Оразалы ишан қайтыс болады. Сол кезде Мысырдағы оқулар ақылы болса керек. Ол әкесі өл­геннен кейін ақшадан тарығып жүргенде оның алғырлығын, білімдарлығын естіген арабтың бір байы оқуының ақшасын төлеп, оқуын бітірген соң өз ме­шітінде қызмет жасауға ке­лісімшарт жасасады. Осы ке­зеңде Меккеге екінші рет қа­жы­лыққа барған Досжан хазірет Жұмағалидың атын естиді. Онымен шарт жасасқан араб байымен келісіп, оны разы етіп, Жұмағалиды еліне алып қай­тады. Өзі салдырған мешітке имам етіп дайындайды. Алғыр да зерек, араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білетін жас жігіт адалдығымен де, іскерлігімен де хазіреттің сеніміне ие болса керек, Досжан хазірет Жұмағалиға қызы Үммагүлсімді қосады. XIX ғасырда қазақ жерінде ислам дінінің таралуына, насихатталуына өлшеусіз үлес қосқан діни ағартушы Досжан хазіреттің туылғанына 200 жыл толуына орай үлкен ас берілді. Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кентінде өткен дүбірлі тойға еліміздің түкпір-түкпірінен, Қарақал­пақстаннан, Түрікменстаннан ат арылтып келгендер аз болған жоқ. – Еліме рахмет, халқыма ризамын, – дейді Досжан хазіреттің тікелей ұрпағы Орынғали Аң­дамасұлы, – Атаның асына жұрт көп жиналды. Оның аруағы қадірлі екен, қасиетті екен. Әу баста дайындығымыз аздау болды ғой, мерейтой қалай өтеді екен деп қобалжығанымыз да рас. Бірақ бәрінің сәті түсті. Біз ойлағаннан да асып түсті. Ол үшін Ақтөбе облысының әкі­мі Бердібек Сапарбаевқа, Те­мір ауданының әкімі Бауыр­жан Қаниевке шексіз риза­шылығымды білдіремін. Қазақ қоғамы тарихында діннің, дін адамдарының орны ерекше болды. Олар мешіт, медреселер салды, халықты ілім-білімге тартты. Мұсылмандықты уағыздау арқылы жан таза­лығына, адамгершілік, ізгілікке шақырды. Олар сонымен қатар, ел тағдыры, ұлт тағдыры жолында саяси әрекеттерге кеңінен араласты. Сол арқылы азаматтық тарихтың да, сондай-ақ, рухани тарихтың да төрінен лайықты орындарын ала білді. Солардың ішінде аты алты Алашқа мәлім Досжан хазіреттің бар екендігі ақиқат. Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ – АҚТӨБЕ – АЛМАТЫ.