Қазақстанның Мәскеу қаласында орналасқан Ресейдегі елшілігінде «Тамаша адамдар өмірі. Өмірбаян жалғасуда» сериясы бойынша «Нұрсұлтан Назарбаев» деп аталатын кітаптың тұсаукесері болып өтті. Кітап «Молодая гвардия» баспасынан басылып шықты.
Кітаптың авторлары – Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылымдар алқасының мүшесі (министр), саяси ғылымдар докторы Тайыр Мансұров пен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, қазақстандық «Простор» әдеби журналының бас редакторы Валерий Михайлов.
Басылым, шын мәнінде, жаңа, тәуелсіз Қазақстанды құрушы деп әділ саналатын адамға арналған. Кітаптағы негізгі лейтмотив оның өмір жолы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдерімен қатар жүрді деген ұстанымға саяды. Нағыз стратегиялық таланты мен салмақты саяси тәжірибесі, бүкіл дүниежүзіне белгілі бастамалары, адамды өзіне тартып, баурап алатын ашық-жарқын мінезі Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі заманның аса көрнекті саясаткерлері мен мемлекет қайраткерлерінің бірі ретінде жоғары мәртебемен қамтамасыз етті.
Қазақстан Президентінің портретіне әрбір жаңа штрихтар басты мәселе – талмай еңбектеніп, алдына қойған мақсаттарына қол жеткізген және әлемдік ауқымдағы қайраткерге айналған адамды көрсетуді көздейді. Кітап Қазақстанның жаңа тарихының негізгі сәттерін көрсететін бай материалдар мен суреттерден тұрады. Басылым Нұрсұлтан Назарбаевты тек қалыптасқан саясаткер ретінде ғана суреттеп қоймай, сондай-ақ, оның отбасы туралы айта келіп, мектепте оқыған кезі, жастық шағы туралы баян етеді.
Тұсаукесерді аша келіп, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин аталған кітаптың Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаткер, көреген стратег, терең ойшыл ретіндегі тұлғалық өмірбаянын жан-жақты ашып көрсететінін атап өтті. Кітаптың Қазақстанның ел Президенті жүйелі түрде айқындап берген жаңғыртудың жаңа кезеңіне аяқ басқан сәтінде шығуының нышандық мәні жоғары.
2016 жылдың 1 қаңтарынан мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты тұрғыдан жаңа институттық және құқықтық орта қалыптастыратын «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын практикалық жүзеге асыру үдерістері басталды. Ұлт Жоспары – өзіне қазіргі заманның, жаһандық тұрғыдан алғанда, экономикалық, технологиялық және саяси трендтерін сыйғызған бағдарлама. Мемлекет басшысы ұсынған жаңғыртулар ауқымы түбегейлі түсінуді талап етеді.
– Менің пікірімше, басталған жаңғыртулар өзінің ауқымы жөнінен 1990 жылдардағы, яғни Қазақстанның алғашқы жаңғыртулары кезіндегі реформаларға бара-бар, – деді М.Тәжин. – Сол кезеңдегі тар жол, тайғақ кешулер аталған кітапта егжей-тегжейлі және қызықты баяндалған.
М.Тәжин авторлар мен кітап баспагерлеріне ризашылығын білдіре келіп, оның тек тарихшыларға, архившілерге, сарапшыларға ғана емес, сондай-ақ, оқырмандардың кең көлеміне арналғанын айтып өтті.
«Молодая гвардия» ААҚ-тың бас директоры Валентин Юркин бұл кітаптың шығуы оның баспагерлері үшін үлкен құрмет екенін атап көрсетті. «Қазіргі өмірбаянда тамаша бір тарихалды мәселе бар, – деп еске салды ол. –1991 жылы біздің баспамыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы» деп аталатын алғашқы кітабы жарық көрді. Сонда Президент елдің қиын да күрделі жағдайларда ыдырағанын соқырға таяқ ұстатқандай етіп, шынайылықпен негіздеп берді». В.Юркиннің сөзіне қарағанда, жаңа кітап Қазақстан Көшбасшысының өз республикасын түбегейлі жаңғырту жөніндегі бірегей өмір жолы мен кең ауқымды мемлекеттік қызметін көрсетеді.
Т.Мансұров Президент Н.Назарбаев туралы көптеген кітап шыққандықтан, авторлардың алдын күрделі міндеттер кес-кестегенін атап өтті. Оның айтуынша, шыққан өмірбаяндық кітапта бұрын көпшілікке беймәлім көптеген қызықты фактілер келтіріледі.
– Бұл біздің үлкен саясаткер мен тұлғаны түсінуге деген ұмтылысымыздың жемісі, – деді өз кезегінде В.Михайлов. – Жазылған кітапта маған Қазақстанда туғаным, Нұрсұлтан Әбішұлы еңбек жолын бастаған Теміртауда жиі болғаным көмектесті. «Казахстанская правданың» бас редакторы болып тұрған кезімде маған Президентпен бірге осындай кең ауқымды тұлғаны сезінуге мүмкіндік берген көптеген сапарларда бірге болудың сәті түсті.
В.Михайловтың пікірінше, бұл кітаптың құндылығы оны қазақстандықтардың жазғанында болып табылады. «Президент туралы кітаптар көп жазылғанымен, менің пайымдауымша, шетелдік авторлардан айырмашылығымыз, біз, қазақстандықтар, Президенттің тұлғалығын, соңғы кездері біздің республикамыз басынан өткерген оқиғаларды әлдеқайда жақсырақ түсінеміз», – деді ол.
Ресей Тауар өндірушілер одағының президенті Олег Сосковецтің пікірінше, тұсаукесері өткізіліп отырған кітаптың басқа көптеген басылымдардан айырмашылығы Президенттің өмір жолының нақтылығында болып табылады. Өйткені, авторлар фактілер мен оқиғаларды Мемлекет басшысымен жеке байланыстары барысында өз көздерімен көрген. «Авторлар оқиғаларға қатысушылар ғана емес, сондай-ақ, өз жазбаларының кейіпкерлерімен жеке қарым-қатынас жасағандықтан, оларға қаламдарынан туған дүниелері үшін үлкен жауапкершілік жүктеледі», – деп атап көрсетті О.Сосковец.
Көрнекті Ресей дипломаты және мемлекет қайраткері Борис Пастухов тұсаукесер кезінде сөйлеген сөзінде авторлардың қазіргі заманның ұлы қайраткерінің бейнесін сомдағанын, осы арқылы Қазақстан халқының да ұлылығын көрсеткенін атап өтті. «Қазақстанның жаңа тарихын зерттеуші кез келген адам көптеген құжаттар арқылы нақты жазылған осы кітапқа жүгінетіні сөзсіз, – деп мәлімдеді Б.Пастухов. – Кітапты оқып шыққаннан кейін мен өзімнің Қазақстан туралы аз білетінімді түсіндім».
Оның сөзіне қарағанда, кітапта Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының қалыптасуы, оның болашағы туралы егжей-тегжейлі баяндалады. «Кітапта Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген табыстары Нұрсұлтан Назарбаев
феноменімен байланыстырылады», – деп қорытты сөзін Б.Пастухов.
Тұсаукесерге қатысушылар кітаптың өз оқырмандарын табатынына сенім білдірді. Баспагерлердің айтуынша, кітап қазірдің өзінде Ресейдің жетекші кітапханаларына, сондай-ақ, Ұлыбританияның, Германияның, Италияның, Испанияның, АҚШ-тың және ТМД елдерінің белгілі кітапханаларына жіберіп үлгерілген.
Сәулебек БІРЖАН.