Елімізде баламасы жоқ кәсіпорын
Өскеменде OSB өндірісі бойынша жаңа зауыт ашылмақ. Жақында жаңа кәсіпорынның цехында болып, өндіріс барысымен танысып қайтқан едік. Қаланың сыртындағы айналма жолдың бойында орналасқан зауыттың ішінде еңбек қайнап жатыр екен. Жалпы ауданы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын зәулім зауытта заманауи қондырғылар орнатылып, сынақтан өткізіліп жатқанының үстінен түстік. Зауыт жетекшілері үйіріліп тұрған әлдебір станоктың табанынан өткен ағаштың үгінділері дайын өнім болып шығуы қажеттігін түсіндірді.
Бұл үшін оның желімі мен басқа да қоспалары және компьютерлік технология өз дәрежесінде мүлтіксіз қызмет атқаруы тиіс. Шетелдік білікті мамандар мен кәсіпорын қызметкерлері қондырғы жанында осылайша өнім өндіру барысын тексеріп тұрады екен. Жаңа кәсіпорынның қондырғылары Қытайдан сатып алыныпты. 2014 жылдың наурыз айынан бастап жүзеге асырылып жатқан «OSB өндірісі зауыты» жобасы өңірдің индустрияландыру картасына кірген. Жобаның жалпы құны – 690 миллион теңге. Оның ішінде 400 миллион теңге қаражат «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша алынса, қалғаны – жеке қаржы. Зауыт толық қуатына көшкен кезде мұнда 140 адам жұмыс орнымен қамтылатын болады. Қазірдің өзінде 70-ке жуық адам еңбек етеді.
– Бізге мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп отыр. «Даму» қоры арқылы қол жеткізген несиеміздің пайыздық үстемесі 14 пайыз болса, оның 10 пайызын мемлекет өтейді, – дейді зауыт басшысы Александр Воробьев.
Александр Иванович бізді OSB зауытының жұмыс жүйесімен таныстырды. Мұнда жылына 60 мың текше метр ағаш өңделеді. Зауыт директорының айтуынша, алдымен шикізат күйінде келген ағаштар арнайы залда қабығынан аршылып, тазаланады. Одан кейін сүргілеу станогына түседі. Ағаштан түгелдей тегістелген, ұзындығы 0,14 сантиметрге дейін, қалыңдығы 0,6 сантиметрден артық емес жаңқа алынады. Осыдан кейін жаңқа шикізаты кептіру барабанына түседі. 200 градус температурада кептіру үдерісінен өткен жаңқа іріктеу машинасына жеткізіледі. Онда ірілері мен ұсақтары сұрыпталады. Бұдан кейін жинақтаушы бункерге тасымалданады. Әрі қарай желімге араластырылып, ОSB кілемі ретінде қондырғыдан тығыз күйінде басылып шығады. Одан соң 200 градустық температурада 160 тонналық қысыммен нығыздаудан өтеді. Осыдан кейін ғана OSB тақтайлары ретінде кесіліп, дайын өнім ретінде қоймаға жиналады.
OSB – құрылыс саласында қат материалдың бірі. Ал отандық өнімнің болуы сырттан келетін тауарға бәсекелес болып, оның құнын төмендетуге септігін тигізеді. Қазіргі қаржылық қиындыққа қарамастан алып зауытты іске қосуға бар күш-жігерін салып жатқан кәсіпорын жетекшілерінің бірі Виктор Александровичтің айтуынша, зауыт толық қуатына көшкен кезде жылына 300 мың текше метр ОSB өнімі өндіріледі. Бұл шамамен күніне бір вагон көлеміндей құрылыс материалына тең.
Аталған жобаны жүзеге асырып жатқан «Мелисса» ЖШС 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Фирманың негізгі қызметі ағаштан түйін түюімен ерекшеленеді. Кәсіпорын осыған дейін де ағаш өңдеумен, дайындаумен, ағаш шеберлігімен және кәдесый бұйымдарын жасаумен шұғылданып келген болатын. Сондай-ақ, ағаштан қиылған әдемі ғимараттар салады. Қысқа қайырғанда, бүгінде ағаштан жасалған 70-тен астам түрлі тауар мен 40-тан аса көркем кәдесый түрлерін өндіреді. Саяжайға, демалыс орнына арналған коттедждер немесе қала сыртындағы тұрғын үй, монша және шатырларды жекелеген тапсырыстар бойынша әзірлейді.
Іс жүзінде жұмыс істеп тұрған материалдық-техникалық базасы бар кәсіпорынның жанынан құрылып жатқан жаңа жобаның елімізде баламасы жоқ екендігін дәл осы іспетті зауыттың Ресейдің Санкт-Петербург пен Курган қалаларында ғана бар екенінен білуге болады.
– Бұл зауыттың елімізде баламасы жоқ. Қытайда шығарылатын қондырғылардың барлығы бір-бірінен өзгеше болып келеді. Сондықтан, біздің қол жеткізген қондырғыларымыздағы кептіру, тығыздау, ОSB кілемін түзу сынды үдерістердің барлығы өзге өндіріс орындарында басқаша жүргізілуі ықтимал. Жаңа қондырғылар валютаның бұрынғы бағамы бойынша сатып алынғандықтан кәсіпорынның орта жолда тұралап қалмауына көп септігін тигізді. Қазіргі дағдарыс әзірге өндіріс барысын құруға қиындық келтіре қойған жоқ. Алдағы уақытта өнімге сұраныс жоспардағыдай болады деген ойдамыз, – дейді келешекке сеніммен қарайтын зауыт директорының орынбасары Виктор Воробьев.
Өскемендік өнім негізінен Қазақстан мен Ресей нарығына шығарылмақ. Қазірдің өзінде алдын ала тапсырыс берушілер бар. Сәтін салса, алғашқы өнім келесі айдан бастап нарыққа жолдама алады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.