Парламент Мәжілісінің Елбасына өз өкілеттіліктерін тоқтату, Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын кезектен тыс өткізу туралы бастамасы ауылдықтардың да көңіліне қонады. Бұл қазіргідей дағдарыс жағдайын еңсеруде алдын ала нақты шаралар алуға алғышарт жасаса, уақыт пен қаржыны тиімді пайдалануға да мүмкіндік береді деген де ұқыптылық ұстанымы аңғарылады. Сондай-ақ, әр сайлауды бөлек-бөлек өткізіп, арқаны кеңге салатын кез емес екені айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың практикалық кезеңі басталғанын қадап айтты. Енді алаңсыз еңбек ететін, сол арқылы дағдарыста да дамуға берік негіз қалайтын іргелі істерге ұйымшылдықпен жұмылатын шақ туды. Бұрынғыдан да жинақы, бұрынғыдан да ұқыпты және үнемшіл болуға уақыт талабы итермелеп отырғанын жасырудың реті жоқ. Күн сайын құбылып тұрған АҚШ долларының теңгеге бағамының басқа шауып, төске өрлеп тұрғаны болса анау, ал, мұнай бағасының арзандап, бір баррелінің 28 АҚШ долларына дейін құлдырап кеткені болса, мынау. Мұнымен де тоқтамай ма деген қауіп те жоқ емес. Мұның ел экономикасының даму динамикасына салдары болатыны да айқын ақиқат. Сондықтан жаңару арқылы жаңғыруға бағыт ұстау жөн-ақ. Мәжіліс депутаттары өз міндеттерін кіршіксіз атқарды, қоғамдық дамуымызға қажетті көптеген заңнамалар қабылданды. Енді жаңа жағдайда белсене іске кірісетін депутаттар корпусын жасақтаудың уақыты келді. Оны Мәжіліс депутаттарының өздері түсініп, елдік мүддені жоғары қоя білуі біздің демократиялық ұстанымдарымыздың дамығанын көрсетсе керек. Мәжілісімендердің бұл бастамасы өте уақытылы және дұрыс қабылданған шешім дер едім. Сондай-ақ, экономиканың мұнайға тәуелділігін жоққа шығармағанмен, оны әртараптандыруға бағыт берген Президенттің пәтуәлі уәжін жүзеге асыруға белсене кірісуіміз керек.
Елбасымыз жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары Қазақстанның дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі бағдарламасы ретінде біздің әрқайсысымызға, оның ішінде алыстағы ауылда еңбек етіп жүрген біздерге де тікелей қатысты екені сөзсіз. Өйткені, осы маңызды құжатта көрсетілген бағыттар біздердің қатысуымызбен жүзеге асырылатыны анық жәйт.
«100 нақты қадамның» 60-қадамында «Сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту. Негізгі міндет: үш жыл мерзімде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдерінің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету», ал 61-қадамда «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту. Негізгі міндет – шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» деп көрсетілген.
Осының қай-қайсысы да ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің ілкімділігіне тікелей тәуелді. Біздің облысымызда қазіргі уақытта осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны қуантады
Мен оншақты жылдан бері төрт түлік мал өсірумен айналысып келемін. Бие байлап, қымыз өндіретін шаруамыз біршама қалыптасты, қазір өнімімізге сұраныс мол. Осы өндірісіміздің нәтижесінде Астанаға дейін барып, жұртшылыққа өзіміз дайындаған өнімдерімізді ұсынып жүрміз.
Біздің қымызымызды Ақтөбе аймағының тұрғындары ғана емес, көршілес өңірлерден келіп алып кетіп жатады. Уақыт өткен сайын мүмкіндігімізге қарап, өз өндірісімізді кеңейтіп келеміз. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау-көмек те өз дәрежесінде септігін тигізуде. Сондықтан да біз Елбасымыздың ұстанған бағытын еңбегімізбен қолдаймыз, үлесімізді қосамыз. Егер Мемлекет басшысы мәжілісмендердің үндеуін қолдап жатса, жаңадан сайланатын депутаттық корпусқа қолынан іс келетін, жаңа жағдайда жұмыс істей алатын азаматтарға таңдау жасалатынына бек сенімдімін. Біз егемендік алғаннан бері көп ілгері кеттік. Ол қай ісімізден де айқын аңғарылуда. Соның ішінде елдіктің таразыға тартылар тұсы сайлауға қатысты да тағылымды тәжірибе жинағанымыздың бір дәлелі осы – Парламент Мәжілісінің өзін-өзі тарату және кезектен тыс сайлау өткізуге бір кісідей бастама жасауы дер едім. Бұл бастама бізді әр іске осылай патриоттық көзқараста келуімізге өнеге болмақ. Жаңару жаңа биіктерге баспалдақ болары сөзсіз.
Сабытай ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Қостемір» шаруа
қожалығының жетекшісі.
Ақтөбе облысы,
Байғанин ауданы.