Кезектен тыс сайлау өткізу бойынша ел көлемінде жүргізіліп жатқан саяси науқанды жетісулық жастар да қызу қолдауда. Елбасы жасап берген бес институттық реформаны жүзеге асырудың «Жол картасын» және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын нақты өмірде жүзеге асыруда білек сыбана еңбек етіп жүрген жайымыз бар. Негізі жастар құдды жаңадан өніп, көгеріп көктеп келе жатқан көк шыбық іспетті. Қалай бұрсаң сол бағытта өседі. Күнделікті өмірде сан мәрте дәлелденген осы ұғымның ақиқатына ауылдарды аралап, замандастарыммен кездесіп, Мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау бойынша пікір алмасқан сайын көзім жетіп жүр.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып та, көрсетіліп те жүрген саяси ахуалды мемлекеттік және басқа мекемелерде қызмет істейтіндерінен өзгелері, яғни бірі мал бағып, екіншісі трактор тізгінін ұстап еңбек етіп жүрсе де назарларынан тыс қалдырмайтыны сөздерінен анық байқалады. Ең бастысы, бос сенделіп жүргені жоқ. Биыл Жетісу жастарына тағы бір мүмкіндіктің жолы ашылды. Ол жұмыс – алқаптарға шығып қант қызылшасын өсіру, зауытқа барып жаңа технологияны ендіріп, сан салада еңбек ету. Себебі, тәтті түбір өсіру қол күшін өте көп керек ететін, ұзақты күн тынымсыз бейнетті қажет ететін дақыл. Екіншіден, өз заманында қант қызылшасын гектарлап өсіріп, тонналап өнім жинаған, сол өнімді зауытта өңдеп қант шығарған ұрпақ қартайды. Арамызда жүргендері қатты қайырымды жұмысқа жарай бермейді. Бірақ олардан біздер – жастар қант қызылшасын өсірудің, өңдеудің сан қырын үйренуіміз керек. Сондықтан, замандастарымды осы жұмысқа тізе қоса кірісуге шақырамын. Себебі, Елбасы халықты үнемшілдікке үндеумен қатар, өзінің жастық өмірін үлгі ете отырып, жастарды жұмысшы мамандығын игеруге шақырғаны мәлім. Бұл қадам бізді өмір өткелдері арқылы биіктерге бастайды деп санаймын. Қызмет бабымен ел аралап жүргенде көкейіме түйген бір ойым, жастар жұмсақ орынтаққа отыруды мансұқ етпей, өмірге икемделіп, шыңдалып, жұмысшы мамандық сатыларынан өткені дұрыс деп санаймын.
Мемлекет басшысы жетісулықтардың қант қызылшасын өсірудегі жетістігіне ерекше тоқталып өткені мәлім. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде қант қызылшасын өсірумен, өңдеумен айналысуға жастарды тартуды тоқтатпаймыз. Жалпы, бұл ретте жастар жетістігін айта кетсек, Алматы облысында жыл сайын «Very Innovative People» атты инновациялық жобалар байқаулары өткізілуде. Оған жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен колледж, аймақтық жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Қатысушылардың жұмыстарын арнайы комиссия бағалап, бірінші кезекте жобаның өзектілігіне, жаңашылдығы мен теориялық, қолданбалы және әлеуметтік маңызына, сондай-ақ болашақта көрсетер нәтижесіне мән береді. Былтырғы жылы аталған жобаға 5 млн. теңге қаражат бөлініп, жобаға қатысушылар ішінен «Қант қызылшасы тұқымын капсулалау арқылы егу сапасын және өнімділігін арттырудың жаңа технологиясын дайындау» атты еңбегін жүзеге асыру мақсатында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жаратылыстану-техникалық факультеті, жаратылыстану пәндері кафедрасы 5В011300 – «Биология» мамандығының 3-курс студенттері Гүлжауһар Төленді, Фарида Мұқанова, Назгүл Хамитова деген жастарымыз 750 000 теңгені ұтып алып, жетісулық жастар мерейін өсіргенін айтып өткеніміз дұрыс.
Еліміздегі бас басылым арқылы тағы бір айтарым, ауылды жерлерде жастардың кешкі уақытта демалатын орындары жоқ. Көп жағдайда мәдениет үйлері немесе клубтар өз жұмыстарын жүйелі түрде жүргізбейді. Шалғай елді мекендерде жастардың қызықты ортасы жоқтың қасы. Сондықтан да олар ауылдарда тұрақтамай, тезірек жастар қалың шоғырланған қалаға кетуге асығады. Алайда, бүгінде «Дипломмен – ауылға!» жобасы шеңберінде көрсетілетін көтерме жәрдемақы дипломды жастардың ауылға жұмысқа баруына ықпал етіп отыр. Атап айтсақ, облысқа «Дипломмен – ауылға!» жобасымен жұмыс істеуге келген 422 жас маманға 58,5 млн.теңге көлемінде көтерме жәрдемақы және 263 маманға тұрғын үй сатып алуға 772,1 млн.теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл жас мамандарға көрсетілген көмек, ауылды жерге жұмысқа баруға тілек білдірген дипломды мамандардың қатарын көбейтіп отыр. Ертеңгі елдің жарқын болашағының іргесін қалауға өзіндік үлес қосатын жастар. Осыны түсінген жастар да сұраныс пен жауапкершіліктің қаншалықты үлкен екенін толығымен сезініп отыр. Ең алдымен, өңірлік жастар саясатының негізгі бағыттары, жастардың әлеуметтік құқықтары мен кепілдіктерін, олардың бастамаларын қолдау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Әрине, кез келген шараны жүзеге асыруға көлемді қаржы қажет екені белгілі. Жылдан-жылға мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі ұлғаюда. Мысалы, арғы жылы бөлінген қаржы 303 млн. 825 мың теңге болса, былтырғы жылы 465 млн. 892 мың теңгені құрады. Облысымыздағы барлық аудандар мен қалаларда «Жастардың ресурстық орталықтары» коммуналдық мемлекеттік мекемелері құрылып, қазіргі кезде бұл орталықтарда 68 маман замандастары арасында жұмыс жүргізуде. Облыс бойынша ауылдық округтерге жастар саясатымен айналысатын 253 нұсқаушы бірлігі бөлінді. Бүгінгі күні әрбір округте 1 нұсқаушы өз міндеттерін талапқа сай атқаруда. Жолдауда айтылғандай, жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетіліп келе жатқан қамқорлықтар жастар арасындағы тәрбиелік мәні зор жұмыстарды жүргізуге толық жағдай туғызып отыр. Сөйтіп, жастар заманның қозғаушы күшіне айналуда.
Мемлекетімізде әрбір адамға жеке мамандық беру де жүйеленіп келеді. Егер бүгінгі күнге дейін заңнамада барша қазақстандықтарға тегін орта білім беру міндеттелінсе, енді оған орта кәсіптік білім беру қосылып отыр. Мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алатын болады. Бұл әрбір жастың болашағына жарқын жол ашып, оның белгілі бір кәсіппен айналысуына толық жағдай жасайды. Қашанда жастардың ел болашағы үшін маңызы зор. Мемлекет жастарға барлық жағдайды жасауда. Қазіргі жастар қиялмен өмір сүрмей, еңбек етіп, өзінің туған Қазақстанында өзінің әлеуетін жүзеге асыруы қажет деп санаймын.
Рустам Алпысбаев,
Алматы облыстық жастар
саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
Алматы облысы.