немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатырда» ұйыған хандық
Текті дегдар Шәкәрімнің сендіре баяндауынша, ұлт боп ұйып келе жатқан қазақ қауымының әр үш адамының екеуін қасым еткен, есіл жұртты «елім-айлатып» зар қақсатқан, «Алқакөлге апарып сұлатқан» – «Жоңғар хандығы» тарих сахнасына қайдан шыға келді, осы? Ұлы Шыңғыс ханның, кейінгі – Жошы, Шағатай, Өгедей, Төле ұлыстарының тұсында «санда – санаты, төрде – орыны жоқ» қонтайшылар қалай және қашан қатарға қосылды? Сарыөзен мен Еділ-Жайықтың арасындағы аспан астындағы ұлан-ғайыр кеңістікті «қанды құйын» боп жайпап өткен, «қан мен кекке жерік боп туған» «ұлы жұрттың» жиендерін (моңғолдар қыздан туған тақ мұрагерін «қонтайшы» деп атайды) – Орталық Азияның ойранын шығарған ойраттарды хандықтан дәметтіріп, дәніктірген кім? Аққорғанның (Гансу өлкесінде) қақпасына: «Бұдан әрі қытай жүретін жол жоқ» деп жазып қойған (ал оның жартастағы нұсқасын «қызыл жүгірмектер» ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы мәдени төңкерісте жарып жіберген), Сарыарқа есі түгіл елесіне кірмейтін мәнжу империясының «сарыаяқ шеріктерін» жоңғарлар өзімен қоса қазақ даласына қалай ертіп әкелді?
Ширек ғасыр бойы қағыстырған осы сауалдарға қатысты барлық жауапкершілікті мойыныма ала отырып, бұған мен бір сөзбен: «Қасірет құйынын үйірген кекті қатындар мен кекті жатырда ұйыған хандық және кекті бесікте тербетілген «алтын ұрықтар» – деп жауап беремін.
Себебі, дүние тарихын асты-үстіне төңкере қағыстырып, адамзат тарихына бетбұрыс жасаған құдіретті император атанғанымен де, Цезарьдың да (Клеопатра), Аттиланың да (Ильдико), Юстинианның да (Феодора), Таң гаузұңның да (Узы тянь), Шыңғыс ханның да (аңыз бойынша таңғұт ханшайымы), Сайын Сүлейменнің де (Роксалана), Наполеонның да (Жозефина), мәнжу патшалығының да (Чань фыңның жамағаты, Фуң зының шешесі Сычи тайху) қыр желкесін қиған осы «ұлы қатындар». Олар туралы тарихи зерттеулер мен көркем шығармалардың өзі бір кітапхананың қорын толтырады. Шыңғыс ханның ұлысын үш ұрпаққа жеткізбей «атажұрттың» тізгінін ұстайтын «алтын ұрықты» аздырып тынған да сол «ұлы жесірлер». Ал жоңғарлардың ұлу сияқты «сүйекті шапан» жамылып жандығуына себепкер бір-ақ қатын. Ол – ойрат Бегерсін тайшының қызы Мандухай.
«Күндестердің» «кекті жатырынан» туған «алтын ұрықтары» мен «көшпелілердің соңғы империясы» атанған жоңғар қонтайшыларының бойына өшпенділік уыты олардың шаранасынан жайылды. Бұл уыттың асқынып кеткені сондай, қағанның немерелері Шыңғыс ханның өзінің көзі тірісінде бас еркіндігін берген қатыны, керей қызы Абике-бекиді (Айбике бегім – ?), яғни, ұлы шешесін және соған қоса тақ мұрагерлерінің он бір «ұлы қатынын» ширек ғасырдың ішінде «белін сындырып» тынды (моңғолдар омыртқасын опырып тындымдауды «қан шығармайтын құрметті өлім» деп есептейді). Соның кесірінен ұлы қағанның қазасына жиырма бес жыл толғанда төрт ұлысты талассыз басқаратын заңды немесе тікелей мұрагер қалмады. Әрине, «алтын ұрық» сақталған, бірақ олардың барлығы да: әкесін, ағасын, үрім-бұтағын көзінше қырған тақ иесіне олжаға түсіп, солардың бауырын зорлықпен жылытуға мәжбүр болған «кекті қатындардан», яғни, кекті келіншектер мен қыздардан туған еді. Ал олардың «кекті жатырында» ұйыған ұрпақтар аталас әкелерінің де («Әулет атасы» атанған Батыйдан басқаларын), аға-бауырының да, күндес шешелерінің де, тіпті, әке-шешеден кіндігі бір туғандарының да «белін сындырды», «аузына құм құйып тұншықтырды», «аузы мен артқы тесігін тігіп», «киізге орап суға батырды», «у берді», «дарға асты».
Оның басты себебі, әкесін өлтіріп, шешесімен қоса өзі де бодауланған «қатындардың кегі» мәңгілік жібімейтін кекті шеміршек боп қатып қалғандығында еді. Сол кекті қайыру үшін, тоз-тозаласы шыққан «Ұлы жалайыр ұлысының», «Меркіт мемлекетінің», «Ұлы найман мемлекетінің», «Керей хандығының», «Орман елі – қыпшақ бірлестігінің», «Алшындар әулетінің», «Оңғұт (уақ) бектігінің», «Ойрат қосынының», Қараханилер әулетінің, Хорезм дешті-қыпшақ хандығының, Қидан (кейіннен найман Күшлік хан гурхан атанған) мемлекетінің (бұлардың барлығы да ХХ ғасырдың ортасына дейінгі тарихи зерттеулерде қолданылып келген ресми атаулар) шаңырақ иелерін аман-есен сақтап қалып, қатарға қосуға ұмтылды. Осы тұқымдардың қайсысы үстем болса, нақтырақ айтсақ, қай тайпаның қызы «алтын тізгінді» қолына алса, сол ұлыс сарай саясатына белсене араласты.
Тіпті, Шыңғыс ханның өзі осы «кекті қатындар мен кекті жатырда ұйыған» ұрпақтарының түптің түбінде «атажұртты» ойрандап тынатынын түсінде көріп, шошып ояныпты. Түсінде аян берген керей қызы Абике-бекиді (Айбике бегімді – ?) өлтіруге әруақтың заһарынан сескенеді. Тек оның көзі ретінде «жозы мен алтын тостағанды ғана алып қалыпты», «Қалғанының барлығын, «қатын» атаулының заңды меншігі болып табылатын орданы, оғландарын (әскерін), сарай сыпайылары мен үй қызметкерлерін, қазынасын, табындары мен үйір-үйір жылқыларын Абике-бекидің еншісіне беріпті» (Рашид-ад-дин) және Абике-бекиді сол күнгі күзет нояны Кектейге ұзатып салады. Абике-беки мен Кектей екеуінен туған Дошын баһадүр 1236 жылғы ұлы Құрылтайдың шешімімен Шыңғыс тұқымдарымен тең мөлшерде Қытай жерінен үлесін алады және ең жоғарғы билік мәртебесіне тағайындалады. Бұл – ұлы ұлыстың телімделуінің сіргетартары, қағанды шошындырған түстің жоруы емес, жорасы ғана еді.
Кесірлі сөз, кежірлі қағытпасыз, турасына көшсек, Шыңғыс ұлысын ұйытқан орда: «Қатындардың көз жасына буаз болса қара жер, онда оның әр тамшысынан бір-бір аждаһа өсіп шығар еді» – деген Шекспир жазып, Әуезов аударған Отеллоның толғауын еске салады. Себебі, бабасы Амбағайдан, әкесі Есукейден және Темучиннің өзінен бастап жетінші ұрпағына дейінгі қалыңдықтардың барлығының «бойыңа еркінен тыс бала бітті», не зорлықпен, мәжбүрлікпен «барша моңғолдың қағандарының» төсегіне телініп, «алтын ұрықты» ұйытты.
Аңсар мен әсіреәфсананы (мифті) мансұқ етпейміз, бірақ Добу мергеннің жесірі Алан-гуа некесіз үш ұл (Бұқа-хатаған, Бұқаты-салжы, Боданшар-мұндар) туғаны анық. Сонда мергеннің бел балалары Белгітай (Белгінтай) мен Бүгінтай (Бүгүнтэй): «Әрі күйеуі жоқ, әрі жақын ағайыны жоқ болса да, біздің шешеміз үш ұл тапты. Ал біздің үйде Мәлік-баяуыт малайдан өзге бөгде жан жоқ. Осы сүмелектер соның ныспыны шығар» («Моңғолдың құпия шежіресі»,18-тармақ) – деген кәдік айтады.
Елін шауып, жесірін зорлықпен бауырына басу осы Боданшар-мұндардан басталады. Төрт ағасы тентіретіп жіберген Боданшар-мұңлық иен тауды кезіп, шөптен күрке жасап, қаршығаны баулып, құс аулап күнін көреді. Иен бұлақтың басын жайлаған иесіз елмен араласып, есін жияды. Жатырлас ағасы Бұқа-қатаған іздеп келген соң Боданшар-мұңлық өзіне «жақсылық көрсеткен елді шауып, жылқы-малын тартып алып, халқын малай етеді... Боданшар ұранхай әулетінен шыққан бір жүкті әйелді ұстап алып әйел етеді». Сөйтіп, «иесіз елді иелі етіп», күйеуін өлтіріп алған «кейқуат әйелден» тараған ұрпақтар «боданшар-бөржіген» аталып, руға айналады. Кектенетін – ел, кек қуатын – ұл қалмаған тобыр бірімен бірі атасып-шатасып, «бөржіп» (бөртіп), «құмырсқадай құжынап, «құжынақ» атанады» (сонда, 42). Әлгі жүкті әйелден туған ұлға Жаттан туған (Жажирад, Жадар – Жаттар) деп ат қояды, Жамуха сол Жаттан тарайды. Бесінші атаға жеткенде Хайдудың ұлы Байсұңқар (Байшихор) құсшының Түменайынан (Түмбинай) тараған Қабыл қағанның немересі Есукей Бартанұлынан Темужин туады.
Темужин тоғызға толғанда Есукей баһадүр Өлеуін-үжіннің төркініне – олонхоларға қалыңдық айттыруға аттанады. Әрине, бұл құдалық сапардың хабарын «кегі күн санап божып, ай санап бөртіп, жыл санап қағынып» келе жатқан ақ татарлар және олармен пиғылдас меркіттер де біліп отырады. Есукейдің соңына аңду қояды. Бұл – Есукей баһадүрді ажалға шақырған, Темужиннің құтын асырып әрі сорын қайнататын сапар еді. Қазіргі Құлынбер жайлауындағы Қоскөлдің ортасын жайлаған (бұрынғы Сексер мен Шиқұрғы) қоңыраттың Дай шешені Есукей баһадүрге: «Мына ұлыңның көз жанары отты, бет-әлпеті нұрлы екен. Есукей баһадүр, өткен түнде мен бір түс көрдім. Түсімде: Ай мен Күнді шеңгелдеп ұстаған бір ақсұңқар қолыма қонған екен деймін... Біздің қоңыраттың келбетті әйелдерінен туған дидары сұлу қыздары ежелден қазақы күймеге отырып, бота жетелеп, хан ордасына ұзатылып келеді... Менде де бір кішкене қыз бар. Жиеннің мысын сол басар. Көріңіз!» – дейді. Көреді. Қыз көрікті екен. Айттырады. «Ұлымды иттен шошыта көрмеңіз» – деп Темужинді ұрын тастап, жетектегі атын мініске қалдырып, Есукей еліне қайтады. Жолай Шешексары даласында «келін түсіріп, той жасаған» татарларға түстеніп, шөлін басады. Әрине, Есукей баһадүрді таныған татарлар сусынға у қосып береді. Үйіне жете «жетім қалған балалары мен жесір қалған жеңгесін» бауыры Мұңлыққа аманаттап, ішін өртеген кек жалынына тұншығып» өледі.
Меркіттердің келіні Өлеуін-үжіннің алғашқы кекті уыты он жылдан кейін осылай бір қайтты.
Дүние – кезек. Кек шеміршегі кемірілмейді. Жанды жеп, сүйегіңді қақсатады. Сол кек үрімнен-үрімге өткен сайын уыты күшейіп, Темужин есейген тұста бұрынғыдан да асқына ушықты. «Бір күні таң сарғайып келе жатқанда қара жер қақ жарылғандай ат дүбірі естіледі. «Кек қуған тайжұттар қаптап келе жатпағай» – деп Өлеуін-үжін қатын бастап, Темужин қостап, аттарын ұстап қаша жөнеледі. Қоңыраттың қызы Бөрте-үжінге ат жетпей қалады. Қуақшын кемпір Бөрте-үжінді ала сиыр жеккен күймеге отырғызып, алакөлеңкеде ала қашады. Күймесінің оқпаны опырылып қалады. Қуғыншылар күйменің ішіндегі жас келіншекті ат артына мінгестіріп, Бұрхан халдунға бет алады. Бұлар – Шиледуден Өлеуін-үжінді тартып әкеткен Есукей баһадүрдің тұқымынан қарымтасын қайырып, атасының өшін алған меркіттер» (сонда, 101-102) еді. Меркіттер Бөрте-үжінді Шиледудің бауыры Шилегір балуанға тарту етеді. Міне, бұл – меркіттер үшін кек татуы толығымен қайтып, бір сәт байырқалап қалған алдамшы мезет еді. Олар кеше ғана қатынын тастай қашқан Темужиннің тез арада төрт түмен қол жиятынын қаперіне де алмай жайбарақат жата берді.
Бөрте-үжіннің меркіт Шилегерден Жошыға жүкті боп қайтқанын Темужин ешқашанда кешпеді. Тоқта-бек пен Орда-бекті Ертістен асыра қуды. Өзеннен өткенде қамшысын білеп тұрып: «Түбі тұқымыңды құртпай тынбаймын» – деген меркіттердің сөзі жүрегіне шемен боп қатты. Қағандық құрғанда Жебе ноянды жұмсап: жер түбінен болса да меркіттерді тауып, тұқымын жой – деп бұйырды. Ақыры Жем мен Ырғыздың бойына сағалап барған «меркіт ұлысының» аты мәңгілік өшті. Саяқ тартқандары боз құрттардың – башқұрттардың, кейісі – керейлердің құрамына кірді. Темужин кегін күшпен қайырса, Тоқта-бек пен Орда-бектің, Дайыр үйсіннің өсиетті кегін кейқуат қатындар (хандықтың еншілес жамағаттары) қайтарды. Кейқуаттан туған «алтын ұрықтар бөршіп-бөртіп», қағанаттың керегесін бөрідей кеміріп, үш ұрпаққа жеткізбей ханталапай етті.
Айналасы он жылдың ішінде мұқым қағанат қатынға жарып, кейқуаттанып шыға келді. Араға тағы он жыл өткенде кекті жесірлер мен жетім қыздар Шыңғыс ханның көзі тірісінде-ақ қағанаттың іргесін шайқай бастады. Ең әуелі Шыңғыс қағанатынан «жолдан туған Жолшыбай – Жошы» бойын сырт салды. Сол үшін Шыңғыс қаған ұлына у беріп өлтіртіпті-мыс деген лақап тарихи шежірелер мен зерттеулерде сендіріле баяндалады. Қалай дегенмен де Жошы ұлысы мен оның ұрпақтары қайырылып «атажұртқа» бет бұрмады. Ұлы Батый баһадүр «Хандықтың ағасы» атанған тұсында да Қарақорымдағы құрылтайға бармады. Жонын сыртқа салып, «Алтын орданы» қағанаттан бөліп әкетті. Бұл ұлыссыз қалған меркіттердің көзі тірі Шыңғыс қағаннан ұрыссыз қайырған алғашқы кегі еді.
Қазақта: «Әкесін өлтіріп, қызын қатындыққа алуға болмайды» деген мәтел бар. Бөржігеннен, Есукейден қалған «үлгісіз үлгіні» Темужин де жалғастырып, «алтын ұрықты» (золотая династия) ұйытты.
Әлқисса, ойранын шығарған үш меркіттің көсемі Тоқта-бектің «алтын белбеуін» – Жамухаға беріп, меркіттің шешені Дайыр үйсіннің «алтын белбеуі» мен «кекілін түйген боз атын» – Темужиннің өзі алған еді. Бөрте-үжінді алып қашқанның бірі Дайыр-үйсін кейін айыбын мойындап, өзінің айдай сұлу Құлан атты қызын Темужинге теліді. Алайда, меркіттерге қасарыса қайыра шапқанда Құланның әкесі Дайыр үйсінді, яғни, өзінің туған қайын атасының түп-тұқиянынан тұқым қалдырмай қырып тастады. Дайыр үйсіннің таланға түскен Теркен (Дөрегене, Туракин) атты кіші қатынына Үгедей үлес кезегіне қарамастан, «ашық басқыншылық жасайды». «Үгедей хан Шағатайға: Жүр, мыналарды күшпен бытпылдықтатайық» – дейді. Шағатай оны қостамайды. Үгедей қасақана қасқайып барып, Теркен қатынды жерге алып соғып, жұрттың көзінше ашық бытпылдықтатады. Шыңғыс хан да үшінші ұлының бұл бейбастақтығын құптап, қалған екі жесірді өзгелерге үлестіріп берді» (Рашид-ад-Дин).
Сол «бытпылдықтың» арқасында Теркен – кейқуат «қатын» дәрежесіне көтерілді. Шыңғыс ханның тікелей тақ мұрагерлері болып табылатын бес «алтын ұрықты» дүниеге әкелді. Күйеуі Үгедей қағанның тірі кезінде-ақ «ұлы жұртқа» әмірін жүргізді, қаған өлген соң 1240 жылы 10 көкекте «Ұлы қатын» (ұлы императрица) дәрежесін алды. Бұдан кейін қағанға тиесілі әскер де, жер де, аймақтардың билігі де, құрылтайды өткізу құқығы да Теркен қатынның еркіне көшті. Үгедейден бір жыл кейін Шағатай өлген соң, ұлы қағанаттың «атажұртына» жеке әмірін жүргізді. «Ұлы қатын» ретінде шексіз билікке ие болған Теркен қатын қағанатты өзінің кекті жатырынан туған бес ұлына үлестіре билетіп, Шыңғыс құрған қағанаттың «бесігін беске бөліп жіберді». Сонымен қатар, «қағанат ағасы» Батыйдың бармақ бастылығымен Төле (Толу) мен Шағатайдың ұлысын «төртке бөліп турап тастады».
Ең алдымен Шыңғыс қағанның ең ет жақындары мен қағанатты құрысқан сенімді серіктерін табандылықпен тындым етті. Алдымен «қаны таза қият-бөршігендерді» таққа отырғызбақ болып хан ордасына қарсы қалың қол бастап барған Шыңғыс ханның туған бауыры Темуге-отшігеннің әптігін басты. Бара-бара, Шыңғыс ханның өзі қойып кеткен ұлықтарын: солтүстік қытайдың даруғасы Махмұд Ялавашты және оның ұлы, Мауреннахрдың даруғасы Масутбекті, ұйғыр Шынқайды, Шыңғыс қағанның жеке кеңесшісі болған, кеңсе даруғасы Елюй шусайды ығыстырды. «Ұлы қатынның» ырқына мойынсынғысы келмеген Шағатай ұлысына қарасты Хорасанның даруғасы Көрғұзды Тус бекінісінде тұтқындатып, «ауызына құм мен тас тығып» тұншықтырып өлтіртті. «Ұлы көшпелілер мен отырықшылар қоғамының» күйреуге бет алғанына құмыққан Елюй шусай құсалықтан өлді.
Енді некелі күйеуі мен тұқымын тұздай құртып, «зорлықпен бытпылдықдаттырған» ескі кекті есіне алған Теркен қатын Шыңғыс ханның жеке отбасын жазалауға көшті. Шыңғыс ханның сүйікті кенже қызы Алталунды «Үгедей қағанға жадылық жасады» деген желеумен, дәстүрлі Шыңғыс әулетінің талқысына салмай, өзінің жеке бұйрығы бойынша «жер етті». Сондай-ақ, Александр Невскийдің әкесі Ярослав ІІ-ге де у беріп өлтіртіпті-мыс. Шаған қолбасшыны отыз мың қолмен аттандырып Сун империясын күйретті.
«Әр заманның бір сұрқылтайы бар» деген. Ал Теркен қатынның сұрқылтайы – Мешхед шаһарын шапқанда тұтқынға түскен Фатима «жеңгетай» мен хорезмдік көпес Әбдірахман болды. Әбдірахманға сенгені сондай, қытайдан алынатын алым-салықтың құжаттары тіркелетін ақ түбіртектерге мөрін басып бере берді. Ал парсылық жеңгетай Фатима ордадағы екінші адамға айналды. Теркен қатын оның айтқанын екі етпеді. Барлық деректанушылар Фатиманы «әбжыландай сумаңдаған жеңгетай, зинақорлықтың падишасы еді» деп жазады.Ұзатылғанынан бері ләззаттың дәміне өз еркімен сусындап көрмеген Теркен қатынның «жеңгетайға» жарығаны осы соңғы бес жыл болуы мүмкін. Иә, мүмкін.
Алты жылдан кейін – 1246 жылы Тарбағатайдағы Еміл өзенінің бойын жайлаған Теркен қатынның үлкен ұлы Күйік – құрылтайдың шешімімен ұлы қағандыққа сайланды. Күйіктен туған Күйік – Күйік десе күйік еді. Теркен қатынның осы Фатимамен байланысы Шыңғыс әулетін, тіпті, өзінің балалары мен немерелерін де жеріндірсе керек. Сондықтан да Күйік өзінің шешесінен Фатиманы аластатуды талап етеді. Шешесі үнсіз булығып, баласына ырық бермейді. Ақыры, Күйік қаған самарқанттық бір сартқа: «Таңғұттарды билеп отырған Қоданды жадылап өлтірді» – деген жала жаптыртып, Фатиманы қағанаттың «қатындар келесіне» салды. Мұндай айыптауға Теркен қатын да тосқауыл қоя алмайтын. Екі-үш айдан соң Теркен қатын да дүние салады. Оның түбіне «күйіктен туған ұлы Күйік жетті, жеңгетайынан бас тартпағаны үшін жасырын улап өлтірді-мыс» – делінеді. Ал Фатиманы «тыр жалаңаш күйінде шынжырлап зынданға салып, төрт тәулік нәр татырмады, түрлі қинау арқылы қылмысын мойындатты да, аяқ-қолын кесіп, алды-артқы тесігін тігіп, киізге орап, суға ағызып жіберді» (Жувейни, Рашид-ад-Дин және ерлі-зайыпты Почекаевтар).
Теркен қатын найман ба, меркіт пе? Әйтеуір ұлы кек қайтты. Теркен қатын Күйік арқылы Жошы ұлысы мен ұлы қағанаттың арасына сына қақты. Қайтып бірікпейтін жарықшақ түсірді.
Әділдік дегеніміз не өзі? Кімді жақтасаң – соны қостау, кімнің көзқарасын ұстансаң – соны әділет деп санау әділеттілік пе? Егерде: «Теркен – меркіттердің немесе наймандардың қан жоса болып қырылған елінің, тігерге тұқымы қалмаған әке-шешесінің, аға-бауырының, әпке-сіңілісінің кегін алды. Өзін көптің көзінше ашық қорлаған, сол сәтте ханның өзінен бастап табалаған бүкіл әулетінің, қатын-қызының жымысқылық қарымын қайырды, кекті жатыр мен қанды бесіктің кегін алды. Шыңғыс қаған меркіт пен найман мемлекетінің тоз-тозаласын қалай шығарса, кекті Теркен қыз ұлы империяның тоз-тозаласын солай шығаруды көздеді. Ең бастысы: Тынық мұхиттан Атлант мұхитына дейінгі аралықтағы ең құдіретті күш болып табылатын ұлы құрылтайдың беделін түсірді, оның шақырылуын бес жылға бұлғақтатты. Нағыз намысты қыз осы қыз, қыз Теркен! – десек әділетті сөз бе, жоқ па?
Әрине, әділетті! Бұл ретте Теркен қызды Тұмар қызбен, Зарина қызбен теңестіруге болады. Кекті қайтарса – осылай қайтарсын. Сонымен, Теркен қыз Шыңғыс қағанатының көбесін сөгіп, керегесін бөлген тұңғыш кекті қатын – императрица! Бұл деректерді парықтаған ерлі-зайыпты Почекаевтар. Кек қайырудың бұл тәсілі кездейсоқ емес, кәдімгі жүйе арқылы жүзеге асқанына Теркен қыздың кектес сіңілісі әрі келіні, үлкен ұлы Күйіктің «қатыны» әрі меркіт қызы Үгіл-Қаймыштың қайратты күресі дәлел.
«Белдеуде – ат, бесікте – бала қалмаған» меркіт жұртының қызы Үгіл- Қаймыш «ұлы қағанаттың» заңды мұрагері – Үгедейдің «алтын ұрығын» моңғол империясының тағынан мүлдем ада етті. Үгіл-Қаймыш күйеуі Күйікпен қатар «тақ ханымы» деп жарияланып, бірден ұлы дәргейге көтерілді. Билікке ашық араласпаса да, Толудың ханымы – Сорқақтанды (орыс деректерінде Сорхақтани делінеді, мүмкін Сарқатын – ? – болуы да) күндес тұтып, әр үлестен қолын қағып тастап отырған. Оның осы ғадеті өзінің және Үгедей ұрпақтарының қылша мойынын талша етті.
Күйік қаған қол жиып, Тарбағатайдағы Еміл өзенінің жағасындағы ордасынан Батыйға қарсы жорыққа аттанды. Бірақ жол ортада – Самарқанның маңында тұтқиылдан құпия жағдайда өлді. Зерттеушілер: Батый у беріп өлтірді дегенге жығынды. Қалай да қаралы хабар жетісімен «хан тұқымының ағасы» ретінде Батый: «Мемлекетті бұрынғысынша Шынқайдың ақыл-кеңесіне сүйеніп Үгіл-Қаймыш басқара берсін, оларға мойынсынбай жүрмеңдер. Мені кәрілік меңдеп, аяғым жүруге жарамай, топ басқандықтан да бара алмаймын, сіздер, кіші бауырлар, барлығың да сонда болыңдар, тиісті істі атқарыңдар» – деп дәргей хат жолдады. Сөйтіп, «қайратсыз әрі оңбаған», «қыршаңқы», «бақсының балдыр-батпағы мен сандырағына мүлгуден көз ашпайтын», «ақшақұмар», «салықты он есе өсіріп жіберген», «мемлекет ісіне олақ, немкетті қараған», «сый-сияпатты алуды ғана білетін» Үгіл-Қаймыш – Үгедей қағанның өсиеті бойынша немересі Шіремұрынды қағандыққа дайындады. Теркен қатынның жолымен Үгіл-Қаймыш та құрылтайды сиырқұйымшақтата созуға ұмтылды. Алайда, тақыстанып қалған тақ мұрагерлері, соның ішінде Батыйдың екі ұлы – Берке мен Тоға-Темір құрылтайды жеделдете өткізеді. Үгедейдің ұлдары әуелі де құрылтайға қатысудан бас тартып, кейіннен шұғыл аттанса да, келелі кеңестен кешігіп қалады.Үгіл-Қаймыштың да қателігі осы тәжірибесіздігінде еді. Толудың ұлы Мөңке қаған сайланып, ант беріп үлгереді. Қазақ арбаға тиеген қарулары мен қаскүнем пиғылдары әшкереленіп қалып, қолға түсті. Үгіл-Қаймыштың өзі және Шіремұрын мен Нақу, жетпіске тарта нояндар мен нөкерлерге қоса Үгедей мен Шағатайға тиесілі «алтын ұрықтар» мен әйелдер де өлім жазасына кесілді. Оларға: құрылтайды өткізуге кедергі жасады, жаңа сайланған ханға қастандық ұйымдастырды, қағанатты сатты – деген ауыр айып тағылды.
«Күндестіктің қорлығы сүйегінен өтіп кеткен» Толудың жесірі «Сорқақтан қатын» Үгіл-Қамыштың киімін сыпыртып тастатып, жалаңаш қалпында сот алдына әкелтті. «Қағаннан басқаның көзі түспеуге тиісті тәнімді қараға неге көрсетесің?» – деген орынды уәжіне керейдің ханы Тұғрылдың қызы Сорқақтан (Сарқатын – ?) пішту де демеді. Сөйтіп, Үгіл-Қаймышты «киізге орап, суға тастады». Керей ханы Тұғрылдың тұқымы «Сорқақтан қатынның» (Сарқатын – ?) Үгіл-Қаймышқа өштігі – жай өштік емес, ата кегін қуған кекті өшпенділік еді. «Сорқақтан қатын» Тұғрылдың тұқымының тұздай ерігенін Шыңғыс ханның қытығына тиген меркіт пен найман хандығынан көрді. Сөйтіп, ұлы қағанның бір «алтын ұрығы», яғни, Үгедей тұқымы осылай тындым болды.
Ендігі кек кезегі – керейдің ханымына келді. «Сорқақтан қатын» қағанаттың көбесін тумысынан ханшайымға тән бегімдікпен, сондай бір кең паралы сабырмен сөгуге кірісті. Шыңғыс ханның өзі кенже ұлы Толуға: «атажұртты» немесе «қара шаңырақты» (коренной юрт): Моңғолия мен Қытайдағы ұлан-ғайыр жерді, адам саны мол, тығыз орналасқан сол аймақтан құралатын әскерді, қағанаттың қалған үш ұлысынан аласы еншіні (мысалы, Бұқардағы 3.000 жасақ орналасқан жеке маһалланы), алып империяны жалғастырып жатқан байланыс жолындағы бекеттерді, барлық күре жолды, қағандық дәргейді, құрылтайды шақыру құқын, сонымен қатар, «қара шаңырақтың» қасиетті құқын да аманат етіп қалдырды. 1232 жылы Толу қайтыс болысымен осы құқықтың барлығы Сорқақтанның еркіне көшті.
Айтпақшы, осы Сорқақтанды керейдің ханы Тұғрылдың қызы – дедік. Бұл қазақы ұғым бойынша толық сыйымды. Оның мәнісі былай: Тұғрыл ханның Керейдай (Керебетай) деген інісі жас кезінде таңғұттарға тұтқынға түсіп, сонда кісілікке жетіп, жағамбы (аймақ әкімі) боп тағайындалады. Кейін қандастарының арасында «Жағамбы» атанып кетеді. Сол Керейдай жағамбы о бастан Шыңғыс ханмен жақаттасып, сол жағамбылығында қалады. Әрине, қызын береді. Үлкен қызы Абике-бекиді (Айбике бегім) – Шыңғыс ханның өзіне, Бектеміш-үжінді – Жошыға, Сорқақтанды – Толуға, төртінші қызын оңғұттардың – уақтардың ханына ұзатады. Соңғы қыздың сұлулығы сондай, қағанның өзі сұқтанып, іздеткен екен, таба алмай арманда қалыпты. Сорқақтанның Гансу (Қансу) өлкесін ерекше үлес ретінде алып, қызғыштай қоритыны да сондықтан.
(жалғасы бар)
Тұрсын ЖҰРТБАЙ.