24 Қаңтар, 2016

Ресей құрамасы «Достастық» Кубогын жеңіп алды (фото)

228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
24-01-16-football-rossia-1АСТАНА. 24 қаңтар. Кеше түнде Ресейдің Санкт-Петербург қаласында футболдан жастар арасындағы (U-21) халықаралық «Достастық» Кубогының XXIV турнирі мәресіне жетті. Оның финалында Молдова құрамасын 4:2 есебімен ұтқан Ресей командасы Кубок иегері атанды. Бұл туралы ras.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады. Биылғы маусымда турнирге қатысушы құрамалар саны қай жылдарға қарағанда да, едәуір аз болды. Бұл жолы Кубокты небәрі 8 жасақ сарапқа салды. Кеше ең соңынан ойналған финалдық матчта молдовандар бірінші болып есеп ашты (Дан Спэтару, 9-минут). Арада 2 минут өткенде, ресейлік Алексей Сутморин есепті теңестірді. Екінші таймда алаң иелері тағы үш гол соқты. Оларды Илья Петров (67), Максим Карпов (73) және Камиль Муллин (80) түсірді. Соңынан молдован Александру Бойчук (82) тағы бір голдың қарымтасын қайтарды. Ал мұның алдында ғана Қырғызстан және Эстония командалары 3-орын үшін таласты. Кездесудің негізгі уақытында есеп ашылмады. Содан кейін қарсыластар пенальтиге жүгінді. Онда эстондар мергендік пен салқынқандылық танытты. Есеп – 4:1. Осы күні командалар 5 және 7-орындардың да тағдырларын шешті. Соның ішінде 5-орын үшін Беларусь пен Латвия арасындағы ұшырасуда да футболшылар негізгі уақытта қақпа құлпын аша алмай, ойыннан кейінгі пенальти арқылы күштерін анықтады. Ол бұлардың алдыңғыларына жеңіс әкелді – 5:4. 23-01-16-football-2 Бұл күнгі сайысты бастаған Қазақстан және Тәжікстан құрамалары 7-орын үшін таласты. Ол 3:2 есебімен қазақстандықтардың пайдасына шешілді. Матч бірден біздің бағландардың шабуылымен басталды. Олар алғашқы голды да тым ерте салды – 2-минутта Әнуар Ағайсиннің аяғынан ұшқан доп тордан бір-ақ шықты. Ал 14-минутта Абат Әйімбетов екінші голды да түсіріп үлгерді. Содан соң тәжік Нозим Бабоджонов (17) бір гол салып кетті. Қалған екі гол кездесу соңына қарай салынды. Мұның алғашқысын 83-минутта Әйімбетов өз есебіне жазса, келесісіне 85-минутта тәжік Жахонгир Эргашов қол жеткізді. Оған дейін, 76-минутта алаңда төбелес бастап кеткен қазақстандық Иван Антипов пен тәжікстандық Табрези Давлатмир алаңнан қуылды. Олардың ұстасулары екі жақтан да қолдау алып, жаппай төбелеске ұласып кете жаздады. Командалар турнирдің іріктеу кезеңін екі топқа бөлініп ойнау арқылы бастады. А тобына түскен Қазақстан құрамасы қарсыластарымен (Беларусь, Қырғызстан) 2 рет тең ойнап, 1 рет ұтылды (Молдова). Сөйтіп, 4 команданың ең соңында қалып қойды. 24-01-16-football-rossia-2 Турнир 17 қаңтарда басталды. Келесі турлар 19, 21 қаңтар күндері ойналды. Іріктеу тобындағы ойындар мынадай нәтижелер әкелді: 1-тур. 17 қаңтар Ресей – Тәжікстан 2:1, Латвия – Эстония 1:2, Қазақстан – Молдова 0:1, Беларусь – Қырғызстан 0:1. 2-тур. 19 қаңтар Ресей – Латвия 2:1, Тәжікстан – Эстония 1:4, Қазақстан – Беларусь 0:0, Молдова – Қырғызстан 2:0. 3-тур. 21 қаңтар Эстония – Ресей 1:2, Латвия – Тәжікстан 3:2, Қырғызстан – Қазақстан 2:2, Беларусь – Молдова 2:1. А тобы
Командалар О Ұ Т Ж    Доп Ұп
1 Молдова 3 2 0 1 4:2 6
2 Қырғызстан 3 1 1 1 3:4 4
3 Беларусь 3 1 1 1 2:2 4
4 Қазақстан 3 0 2 1 2:3 2
В тобы
Командалар О Ұ Т Ж    Доп Ұп
1 Ресей 3 3 0 0 6:3 9
2 Эстония 3 2 0 1 7:4 6
3 Латвия 3 1 0 2 5:6 3
4 Тәжікстан 3 0 0 3 4:9 0
Енді «Достастық» Кубогының тарихы жөнінде бірер сөз. Турнир 1993 жылдың қаңтарынан басталады. Бастапқыда ол ТМД және Балтық елдері чемпиондарының кубогы ретінде өмірге келді. Ол осылайша 1993-2011 жылдар аралығында осы клубтық командалардың қатысулары арқылы өткізілді. 23-01-16-football-3 Осы жылдарда «Спартак» (Мәскеу, Ресей) – 6 рет (1993, 1994, 1995, 1999, 2001, 2001), «Динамо» (Киев, Украина) – 4 рет (1996, 1997, 1998, 2002), «Шериф» (Тирасполь, Молдова) 2 рет (2003, 2009) Кубокты жеңіп алды. Тағы 7 команда турнирде бір реттен жеңіске жетті. Олардың қатарындағы «Динамо» (Тбилиси, Грузия) – 2004, «Локомотив» (Мәскеу, Ресей) – 2005, «Нефтчи» (Баку, Әзербайжан) – 2006, «Пахтакор» (Ташкент, Өзбекстан) – 2007, «Хазар-Ленкорань» (Ленкорань, Әзербайжан) – 2008, «Рубин» (Қазан, Ресей) – 2010 және «Интер» (Баку, Әзербайжан) 2011 жылдары жеңімпаз атанды. Қазақстандықтар сапынан ең жоғары табысқа жеткен «Ақтөбе» 2009 және 2010 жылдары финалда ойнап, «Шериф» пен «Рубинге» ойыннан кейінгі пенальтиде есе жіберіп алды. Турнир 2012 жылдан бастап жастары 21-ге дейінгі жастар құрамаларының турниріне айналды. Оған енді қатысуға тілек білдірген терме жамағаттардың бәріне рұқсат берілді. Содан бері Ресей (2012, 2013, 2016) құрамасы 3 рет, Украина (2014) мен ОАР (2015) бір реттен жеңімпаздар тұғырына көтерілді. Талғат Райымбек. Дерек, сурет: ras.kz.