Мирас • 30 Қазан, 2024

АҚШ зерттеуіндегі қазақ қолөнері

700 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өркениеттің бір өзегі ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары екенін қарт тарихтың өзі әлдеқашан дәлелдеп үлгерді. Ежелгі заман­да әр халық ой-санасының күшімен, ақыл-пара­са­тының көмегімен хал-қадерінше рухани ұмтылыс жасап, мәдениет қалыптасты­руға ниеттенді. Соның нәтижесінде, әлемді өзгерт­­кен жаңа дүниелер жарыққа шықты. Атарбадан әуеге көтерілген алып құсқа дейін (ұшақ) адамзат баласының қаншама ақыл-ойы жұмсалғанын зерделеудің өзі үлкен еңбекті қажет етері анық.

АҚШ зерттеуіндегі қазақ қолөнері

Әлемдік өркениетке біздің ата-бабаларымыз да өз шамасынша үлес қоса алды. Даласының кеңдігі сияқты санасы шексіз халықтың ой бұлағынан алуан түрлі жыр-дастандар мен ән-күйлер туындады. Ал ұсталарының қолынан сол тұстағы озық үлгіге тән найза-қылыштар мен тұрмыстық құрал-жабдықтар жасалды. Өткен жылы қолыма түскен, АҚШ-тың Виллсон кітапханасында сақталған «Ауғанстандағы қазақ және өзбек кілемдері» атты зерттеу еңбегі мені бейжай қалдырмады. Аталған еңбек шығыс кілемдерін зерттеуші ғалым Джордж В. О'Бэннонның авторлығымен жарық көріп, Батыс жұртшылығына тараған.

1950 жылдары әскери-теңіз күш­терінде қызмет еткеннен кейін Джордж Корнеллде саясаттануды оқып, Стэн­фордта Таяу Шығысты зерттеу бо­йынша магистр дәрежесін алады. 1962 жылы ол Ауыл шаруашылығы департаментінде жұмыс істеді. 1965 жылы ол Ауғанстандағы Бейбітшілік корпусы директорының көмекшісі болып тағайындалды. Әне, сол кезде Джордж ­В. О'Бэннон шығыс кілемдері мен Орта­лық Азия мәдениетін өмір бойы зерттеуді бастады. «Ауғанстанда бірден-бір құнды нәрсе кілемдер» дегенді ол үнемі айтудан жалықпағаны шындық. Уақыт өте келе Джордж Орталық Азия мәдениетінің барлық аспектілерін зерттеуге бар ынтасымен кірісіп, зерттеу кітаптарын жазып қалдыруға ниеттенді.

ро

«Мен үшін кілемдер әлемі өте қызықты. Өйткені ондағы құнды­лық­тардан көп нәрсе үйренуге болады. Кілемдердің де кісі қызықтыратын әр түрі бар екені рас. Елеусіз қалған, сауда-саттыққа салынбаған, тіпті базарға апарылмаған тоқыма кілем­дер тура­лы ізденісімді бастағаныма көп бол­­ған жоқ» дей келе, автор өзінің сонау 1966 жылы Ауғанстандағы базарлардан ескі кілем­дерді сатып ала бастағанын, тіпті кей­бі­рін 1975 жылы сатып алғанын жазады.

«Мен осыған дейін осындай кілемнің 500-ден астам түрін кездестірдім. Аталған кілемдерге Кабулдың кілем саудагерлері қырғыз, өзбек, қазақ, араб, татар және аймақ кілемі деген әртүрлі атау береді». Автордың айтуынша,сол тұста тоқыма бұйымдар туралы ашық ақпараттар болма­ғандықтан, тоқыма қолөнер бұйым­дарының жиынтығын анықтайтын зерттеулер керек екенін алға тартады.

Әр құндылықтың іздеушісі мен жалғастырушысы табылса, әрі қарай дамып, зерттеліп, өркен жаяры анық. Америка алқабындағы шығыс кілемдері мен тоқыма бұйымдарын зерттеуші ғалым Джордж В. О'Бэннон осы салаға деген адал махаббаты мен қызығушылығын еш тоқтатпастан, шығыс кілемдерінің әлем өркениетіне қосқан үлесі мен оның шебер қолдан шыққан құндылық екенін Батыс әлеміне таныстыруда еселі еңбек етті. Сол негізде ол Ауғанстан базарларындағы көне кілемдердің атаулары туралы да ізденісін бастайды. Ауған кілем саудагерлері көне кілем бұйымдарын сатқанымен, олардың шығу тегі жөнінде тым аз білетіні оны қайран қалдырады. «Ауғанстандағы көне тоқыма кілемдер сондағы этностық топтарға тиесілі. Сонымен бірге бұл топтар Қазақстан, Қырғызстан сияқты кеңестік жүйедегі халықтардың негізгі өкілдері болмақ» деген түсінік бере келе, автор ескі тоқыма бұйымдардың қай халықтарға тиесілі екенін анықтауға ұмтылады.

Ганс-Рудиннің «Антикалық шығыс кілемдері» атты кітабындағы Түркімен кілемі деп берілген кілемнің салыстырмалы түрде зерттей келе қазақ кілемі болып шыққанынан дерек келтіреді. «Лефеврдегі 1979 жылы ақпанда өткен аукциондағы катологте «Эрсари кілемі болуы мүмкін, XIX ғасырдың басы» деп көрсетілген ескі кілем қазақтарға тиесілі жәдігер» дейді шығыс кілемін танушы ғалым ішкі толғансын жасырмай.

ап

Ол осы уақытқа дейін өз көзімен көрген кілемшелердің ішінде анық сипат­тамалары бар екі топты зерттеу нысанына алады. Аталған екі топты қазақ және өзбек кілемдер тобы деп атайды. Екі түрлі жәдігер тобын жүйелі түрде қарастырған кезде ол кілемшелердің сипаттамаларын, Мошкованың еңбек­терінде кездесетін деректерді және Кабул саудагерлерінің атауларын негіз еткен.

Кілем тоқудағы түс таңдауда қол­өнер иесінің, жәдігерді жарыққа шығарушы халықтың өмірге, дүниеге деген көзқарасын білдіретіні сөзсіз. «Қазақ пен өзбектің кілемдерінде қызыл, сары, жасыл, көк бояуды өте дәлдікпен пайдаланған. Сары түсті кілемдер шын мәнінде олардың күші мен айқындығын көрсетеді. Қазақтың кілем шаруашылығында жасыл түс маңызды рөлге ие» деген пайымнан осыны аңғарғандай боламыз.

АҚШ ғалымын кілем тоқу техникасы да қызықтырғаны рас. «Қазақтың мұндай түрдегі шағын кілемдері сирек кездеседі. Нақты функциясы белгісіз, бірақ олар тоқу мен дизайндағы осы топтың озық үлгілері екені рас. Кілем­дерге берілген бояулар өте тамаша. Кілемнің жиектеріндегі сызбалар Бешир түркімендерінің үлгілеріне жақын келеді. Бұл кілемдердің тоқыма жіптері қаданы жиектермен байланыстырып тұрады, олар барлық жиектер арқылы өңделмей, тек қана бірінші жиекті қоршайды. Бұндай үлгі басқа кілемдерде, әсіресе өзбектердің кілемдерінде кездесе бермейді» деген түсініктеме береді.

Зерттеуші бұл кілемдердің өлшем­дері жөнінде де көптеген зерттеу жүр­гізеді. Оның айтуынша, оның зерттеу нысанындағы кілемдердің ішінде еден төсеніштері ерекше көрікке ие екен. Ол зерттей келе Ауған еліндегі қазақ кілемшелерінің екі өлшемі барын алға тартады. Мысалы, олар ұзын қадалы кілемдер, бұлардың ең үлкені әдетте ұзындығы 65 фут, ені 8-9 фут болып, тек бір бөлік ретінде тоқылған. Екіншісі, қысқа түйінді кілемдердің ені 3 фут, ұзындығы 4 фут шамасында.

Оның зерттеуінше, қазақ кілемдер тобы тоқыма бұйымдарының толық жиынтығын көрсетіп, еденге төсейтін кілемшелер де соның негізінде жасалады екен. Әсіресе кілемдердегі ­дизайн, материалдың жағдайы, түстердегі ерек­шелік көшпелілер дәстүрінің сақтал­ғанын көрсетеді.

«Қазақ кілемдерінің оюлары дерлік­тей геометриялық өлшемде жасалған. Де­генмен, жиектердегі құрылымдардың саны шектеулі. Кішкене кілемшелер мен қолсөмкелерде дизайн ерекшелігі еркін болғаны анық. Қазақ тоқыма өнерінде әдетте қызыл, көк, сары, жасыл, ақ, қоңыр секілді алты түс жиі қолданылады». Осы­лай дей келе автор әр түстің әр бұ­йым­да өз рөлі бар екенін, былайша айтқанда, түсті таңдау, оны орны­мен пайдалану да сол халықтың өмірге көз­қа­расы мен ұлттық дүние таны­мына сая­тынын, сол үшін де қазақ кілемдері көш­пелі қо­ғамды, ал өзбек кілемдері оты­рық­шы ха­лықтың тұрмыс-тіршілігін бей­не­лей­ті­нін жеткізеді. Осы негізде автор ұл­ты­­мыздың озық қолөнер дәстүріне тие­сі­лі бірнеше кілем түрін арнайы таныс­­тырады.

№1 Қазақ кілемі, шамамен ­1880 жыл

п

«Бұл кілем қазақ кілемдер тобына тән үлкен төсеніш кілемі. Оның түсі жақсы әрі көрнекі күйде. Материалы жылтыр, кол­лекциядағы ең көне кілемдерінің бірі ретінде қарапайым дизайн үлгісін көр­сетіп тұр. Ілмектері көк және жасыл түс­тер­мен диагональ бойынша пайдаланы­ла­ды. Шашақтары қодастың жүнінен жа­сал­ған».

№2 Шамамен, 1900 жылға тиесілі өнім

а

«Бұл жәдігер қазақ кілемдерінің дизайнында өзгерістердің тым көп болмағанын айшықтайды. Бұл өнімнің жоғарыдағы кілемнен айырмашылығы – қосымша жолақты құрылымы жоқ, жиектері тым алшақ емес, жасыл және көк түсті жақсы сіңірген».

№3 Қанар (Жувал), 1890 жыл

пр

«Қазақтар әртүрлі көлемдегі жүк сөмкелерін жасаған. Қанар (Жувал) – бұлардың ең үлкені. Бұл қолөнер бұйымын тоқуда қысқа түйіндер қажет болады. Сол үшін түйіндерді әуелгі байламынан кейін тағы бір рет кесу керек. Суреттегі үлгі қанарды тоқу барысында жиі кездесетін дизайн үлгісі болмақ».

№4 Қанар, шамамен 1880 жыл

ап

«Бұл қанар алдыңғы үлгіден көп ерекшеленеді. Суреттегі материалда қолданылған қызыл түс қазақ тоқы­ма­ларында сирек кездеседі. Қанардың түйіндері ұзындау, ал жиек құрылымы әр­түрлі болып келеді. Қанардың бо­йындағы дизайн үлгі басқа материалдарда көп қолданылмаған. Аталған өнімнің шы­найы ықласпен істел­гені жоғары жа­ғын­дағы шашақтарынан-ақ көрініп тұр».

 №5 Жапқыш, шамамен 1920 жыл

пр

«Аталған жәдігер әртүрлі мақсатқа арналған шағын тоқыма бұйымы. Мұнда тікбұрышты жүк сөмкесін немесе оның басқы бөлігін жасау үшін оның үстіңгі және артқы жағына сызылған жолақтар кездеседі. Аталған өнімді әдетте мафраж деп атайды. Бұны әдетте кіре берісте аяқ киімді қою үшін де пайдаланады, тіпті кейде әйелдер жеке заттарын сақтайтын бұйымдар салып қояды».

 №6 Тұз дорба, шамамен 1890 жыл

в

«Қазақтың тоқыма өнерінің бір түрі ретінде тұз дорбалардың да болуы олардың көшпелі өмір салтының дәлелі. Суреттегі тұз дорба өте сапалы материалдан жасалған, жұмсақ және айшықты өнім. Шағын ғана көлемдегі дорба далалық ерекшелікке ие өзгеше қолөнер үлгісімен, жиектеріндегі қызыл, сары шашақтарымен әспеттеліп тұр».

р

Джордж В. О'Бэннон осылай зерттей келе қазақ тоқыма өнерінің өзіндік үлгісі бар екенін баяндайды. Оның аталған зерттеуінде сонау 1900-1940 жылдар арасындағы Ауған еліндегі қазақтардың қолынан шыққан қоржын, қалы кілем, аспа кілемше, қазақы дорба секілді қолөнер өнімдерін суреттерімен жеке-жеке егжей-тегжейлі түсіндіреді. Оның қаламынан туған «Ауғанстандағы қазақ және өзбек кілемдері» атты зерттеу жұ­мы­сының тең жартысы қазақ тоқыма жәдігерлеріне арналған. Көз майын тауысып еңбек жазып, бар ғұмырын сарп етіп зерттеу жасаған ғалымның артына қалдырған бұл еңбегі біздің тархымыз үшін де орны ерекше бола бермек.