Өңірдегі Ақсу қаласында орналасқан Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-та қуаты 220кВ болатын тарату құрылғысына жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл құрылғы алып стансада сонау 1969 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ал жаңарту, жаңғырту жұмыстары 2009 жылы басталды. Жобаның құны 2 млрд. теңгені құрайды.
Жалпы, АТҚ-220 кВ аталатын бұл құрылғы станса мамандарының айтуынша, екі жұмыс қондырғысынан, бір айналмалы дөңгелек жүйесінен, 15 жоғары вольтты ұяшықтардан тұрады. Ұяшықтар станса өндірген электр қуатын қабылдап алады да АТҚ-110 арқылы 500 кВ қуат күшін таратып, Еуразиялық Топ құрамындағы«Казхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты, Қазақстан электролиз зауыты және «KEGOС» АҚ сияқты тұтынушыларға жібереді.
«Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ электр энергиясын және көмір өндірушілердің бірі. Елімізде өндірілетін электр энергиясының 17 пайызын, көмірдің 20 пайызын өндіреді. Алып кәсіпорын екі құрылымдық бөлімшені біріктіреді: «Шығыс» көмір кеніші және Ақсу электр стансасы. Корпорацияда 6 222 адам еңбек етуде.
Ал алып құрылғыны қайта жасақтау кезінде ескіріп, тозған барлық ұяшықтардың жабдықтары алмастырылыпты. Олардың ішінде электр-газдық ажыратқыштар, қашықтықтан басқару мүмкіндігі бар айырғыштар, ток трансформаторлары, жоғары кернеулі трансформаторлар да бар, дейді энергетиктер. Сонымен қатар, оралым жүйесіндегі сымдар және оқшаулау қабы, жақындату каналдары ішіндегі иілгіш байланыстары ауыстырылған, микропроцессорлық терминалдардағы панельдер, өртенбейтін сым сызықтары орнатылған.
– Жоғары ток кернеулі АТҚ-220 кВ қуатты электрлік алып құрылғының қайта құру жұмыстары кезінде қиындықтар да туғызды. Сол себептен, біз «КЕGОC» АҚ кезекшілік бақылау қызметтерімен бірлесіп, жабдықтарды қауіптен ажырату кестесін жасадық. Мердігер және тапсырыс беруші инженерлік-техникалық топтың жоғары кәсіби даярлығын қажет етті, – дейді станса бас маманы Владимир Фенев.
Бұл алып құрылғыны қайта қалпына келтіру жұмыстарына «ЕЭК» АҚ-тың көп жылғы серіктестері «Екібастұзжылуэнергомонтаж» ЖШС корпорациясы қатысты, бұдан бұрын «ЭТЭМ» ЖШС мамандары №2, №6 энергоблоктарды жаңартуға бірге үлес қосқан болатын. Ендігі кезекте ЭТЭМ ұжымы ЭС №3 күл сақтайтын қоймасының салуын әрі №5 энергоблоктың және «Шығыс» кенішіндегі №2, №4 көмір қоймаларының қайта құруын жүргізеді. Сондықтан, бұл жобаны отандық кәсіпорындар бірлесе жүзеге асырды деуге болады. Ал, электр энергиясын тарату құрылғысын қайта жаңғырту бұл стансаның алдағы жылдары тұтынушыларын электр қуатымен кедергісіз қамтамасыз етуіне үлкен мүмкіндік береді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы.