26 Қаңтар, 2016

Басты мәселе – талантты тану

473 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
7777Бүгінгі дәуір дәлдікті, нақты қадамды, сөз емес, ретті істі талап етеді. Мұның бәрі Президенттің соңғы Жолдауында, халық жақсы қабылдаған, алдағы асқақ арманға, оның нәтижесі ел іргесін бекітуге негізделген зерделі мақаласында көрініс тапты. Әсіресе, Жолдаудағы әр азаматтың ел дамуына өз үлесін қосу жөніндегі ой-байламдары жұрт көңілінен шығуда. Бұл істің атқарылуы үлкен-кіші демей, Отанымыздың әрбір тұрғынына ортақ мақсат-міндет екені белгілі. Еліміздің киелі шаңырағының шарасын кеңейтуге кім де болса өз үлесін қосып жатса, оны қолдап өзгеге таныстыру ел газетінің басты парызы деп білеміз. Ұзақ жыл білім саласында еңбек етіп зейнетке шыққаннан кейін де ұлт ұрпағының ішіндегі таланттарды тауып, баулу ісін бір сәт те естен шығармай «Интеллектуал-2050» халықаралық қорын құрып, сол бойынша жұмыс атқарып жатқан Ділдаш БИТУОВАНЫ әңгімеге тартқан едік. – Қырық бес жылдан аса уақытымды білім саласына жұм­садым. Еңбегім еленіп омырауыма «Құрмет» орденін тақтым. Зейнетке шыққанда орныма алты жыл баулыған орынбасарымды отырғызып кеттім. Осынша кезеңім ұлт ұрпағына арналғандықтан үйде қам-қарекетсіз отыруды жөн көрмей Елбасының интеллектуалды ұлт идеясын жүзеге асыру үшін арнайы қор құрдым. Аты үлкен болғанмен жарғылық капиталы қазірше шамалы. Интеллектуалды ұлтты біз қалай қалыптастырамыз десек, тәуелсіз елдің ұл-қызын алдымен Отансүйгіштікке, одан кейін білімі мықты, білігі зор, ақыл-парасаты мол азамат ретінде тәрбиелесек, ол ертең Президент айтқан интеллектуалды ұлттың белді өкілі болып шығады. Кейбір азаматтар зейнеткерлер отбасында отыра бермей ме деген пиғылдарын айтып қалады. Бірақ бойында қайраты бар кезде елге қызмет еткеннен артық қандай бақыт болады. Мені Елбасының соңғы Жолдауы тіпті қанаттандырды. Себебі, ел дамуына дағдарыс кезінде әр қазақстандықтың үлес қосуы жөніндегі айтқан сөзі ой-санама серпіліс әкелді. Әсіресе, ел жастарына арнап «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман», деген сөзі тек жастарға ға­на емес, үлкендерге де ой салды. Мен республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығына басшылық жасаған жылдары әлемнің 80 мемлекетінде болып, соның ішінде 25 елмен арнайы бағдарламалар бойынша жұмыс жасаған едім. Мемлекет басшысы қазір төрткіл дүниені түгел шарлап жүр. Бұл ел өркендеуін қалай да жеделдету қажеттігінен туған сапарлар деп ойлаймын. Елбасы қойған міндеттерді орындау жолында мектеп оқушыларына арналған «Бастау», «Зерде» конкурстарын ұйымдастырдық. Дүниежүзінде білім саласына бірден-бір қаржы бөліп отырған мемлекет ретінде әлемдік дең­гейде өтетін халықаралық олимпиадаларды Қазақстанда да өт­кізсек деген ниетпен матема­тика, физика, информатика пәндері бойынша халықаралық олимпиада өткізу жөнінде тиісті әлемдік халықаралық ұйымдарға ұсынысымызды берген едік. Ол халықаралық қоғамдастықтан қолдау тапты. 2010 жылы математика пәні бойынша 51-ші халықаралық олимпиада Астана қаласында өтті. Оған төрткіл дүниенің жүзге тарта елінен дарынды оқушылар қатысты. Біздің баптап қосқан таланттарымыз математика пәнінен Сингапур, Гонконг, Қытай, Жапония елде­рінен кейінгі 5-ші орынды иеленіп, Отанымыздың мерейін өсірді. Бұдан кейін физика мен информатикадан осындай білім сайысы болды. Мен мұндай істердің бәрін Елбасының имиджін көтеру үшін ұйымдастырып келе жатырмын. – Тілдаш Рысқұлбекқызы, бұл қордың басты мақсаты туралы таратып айта кетсеңіз? – Қазақ халқы қашан да таланттарға кенде боған емес. Ұлтымыздың ардақтылары қыран бүркітті балапан кезінен баулыған. Мен де осы ниетті алға оздырып, ел ішіндегі ойы озық оқушыларды өз Отанымызда, шетелде өтетін олимпиадаларға апаруды ниет еттім. Себебі, оқушыларды демалыс кезінде ата-аналар шетелдерге жіберіп жатады. Мен сондай азаматтармен тілдесе келіп, сол балаларды демалта отырып, білім сайысына қатысуы керектігін айттым. Мұны ата-аналар түсіністікпен қабылдады. Сөйтіп, 2-10 сынып оқушылары арасында болашақта ұлт элитасы болатын жас зияткер балаларды айқындап, білім мен ғылымның сайыстарына қатыстыра бастадым. Осы арада мына бір нәрсені ерекше айтқым келеді. Олимпиада жүзден жүйріктердің бақ сынайтын жері. Мен сол білім сайысына тек таланттарды ғана апаруды ниет еттім. Ақшаны алға оздырмадым. Ақшаға сенген жерде білім болмайды. Қазірдің өзінде 300-ден аса талапты баланы Францияда, Венгрияда, Швейцарияда, Болгарияда, Ре­сейде, т.б. жерлерде өткен олим­пиадаларға қатыстырдым. Көбі жүлдегер атанып отыр. Бір ғана мысал, Париж қаласындағы олим­пиада Луи-Гранд лицейінде өтті. Оның негізін Людовик XIV қалаған екен. Сол білім ордасында кезінде Виктор Гюго, Жан-Батист Мольер, Жорж Помпиду, Жак Ширак, жоғары алгебраның негізін қалаған атақты математик Эварист Галуа оқыған. Сол білім сайысында халықаралық «Кенгуру» ассоциациясының құрметті пре­зиденті Андре Деледик қа­тысып, өзі жүргізді. Білім сайысына қатысқан біздің балаларды қазылар алқасы жоғары бағалады. Сол секілді Будапешт қаласындағы ELTE университетінде өткен олимпиадаға қатысқан қазақ­стандықтарды Венгрияның тұң­ғыш ғарышкері Берталан Фаркаш арнайы құттықтап, ескерткіш медаль тапсырды. Әркез шет­елдердегі білім сайысына барған оқушыларды сол елдің тари­хи орындарымен таныстыруды бірінші кезекке қоямын. Мәселен, сол Венгрияға барған кезде қыпшақтар орталығында болып, Қазақ елімен сол жұрттың арасындағы бір байланыстың бар екенін аңғарттым. Будапештте математика музейі бар. Жалпы, музей жасаудың әдемі үлгісі сол дер едім. Онда көз тартар жарқыл-жұрқыл дүниелер емес, математикалық формалар, қағаздан жасалған алуан түрлі дүниелер молынан. Оқушылар осыны көргенде мұрағат қалыптастырудың әдемі үлгісін ұққандай болды. Мәселен, Францияға барған әр сапарымызда оқушылар Елисей алаңына барып, атақты мұнараға шығып көне қаланың төртбұрышын түгел көрді. Соңғы 2 жылдағы көктемгі оқушылар демалысында Парижде өткен олимпиадаға қатысумен қатар, 22 наурызды атақты мұнараның ұшар басында қарсы алуды әдетке айналдырдық. Бұл сол мемлекетте тұрып жатқан өзге ұлттардың назарын аударумен қатар, біздің оқушылар өз ұлтының дәстүрін көрсету арқылы өзгелердің қызығушылығын оятты. Сондай бір жүздесуде француздар: «Бұлар жай балалар емес, алтын балалар екен ғой» дегені есте. Ал Санкт-Петербург қаласында болған олимпиадада атақты математик, академик М.Башмаков үлгісін оқушыларға таныстырдық. Ол өзінің академиясын 4 бөлмелі пәтерінде құрған екен. Ресей мемлекеттік сыйлығын алғанда тиген ақшаға математиканың кешенді оқулығын шығарыпты. Соның тұсаукесерін Эрмитаждың жоғары бағаланатын 12-ші залында өткізді. Біздің ұлдарымыз бен қыздарымыз сол көрмеге қойылған кітаптардың әрқайсысы туралы академиктен сұрағанда, ол кісі: «Білімге қызыққан бұл қан­дай жақсы балалар!» деп арнайы қабылдау жасады. Ол – математика ғылымын көркем әде­­биетпен ұштастырып, сол көр­­кем әдебиетті суретпен беру тә­сілін қалыптастырған ғалым. Біз сол атақты қалаға сапарымызды алды­мен Жамбыл бабамыздың ес­керт­кішіне гүл шоқтарын қоюдан бас­таймыз. Одан кейін қаланың көрнекі жерлерін аралаймыз. Он­дағы мақсат, оқушылардың есінде осындай игілікті істер қа­луы тиіс. Адам жас кезінде көр­генін үлкей­генде ұмытпайды. – Мұндай игілікті істерді ұйымдастыруға қол ұшын беріп жатқандар бар ма? – Менің негізгі демеушілерім де, қолдаушыларым да ата-аналар дер едім. Жеке адамдар да өз үлестерін қосып келеді. Сондай бір азаматша өмір бойы білім саласында қызмет еткен, қазір зейнетте болса да талантты балаларды өз күшімен дайындап жүрген Айткүл Сәулебаева дер едім. Өзге де қолдаушыларымыз аз емес. Қордың жұмысын үш-ақ адам атқарып жүрміз. Қаржы жоқ демей, талпынсаң, ұмтылсаң, халықпен жұмыс істесең бәрі де болады екен. Әсіресе, мектеп мұғалімдерімен пікірлесу барысында сыныбындағы дарынды оқушы туралы жан-жақты хабардар болған соң, оны білім сайыс­тарына тартуға талпынсаң ісің ілгері баспай қоймайды. Мен бір ғана мысалды айтайын. Оңтүстік Қазақстан облысынан 9-шы сынып оқушысы Әлидар Өмірәлин Болгарияда өткен білім сайысында ұлы күйші Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін орындап, Гран-приге ие болды. Біздің талантты оқушыны бағалаған болгариялық қазылар алқасы Әлидарды Мәскеуде өт­кен П.Чайковский атындағы ха­лықаралық конкурсқа шақырған еді. Қаржының болмағандығынан бара алмай қалды. Қазақ халқы қашанда баласын оқытуды бірін­ші кезекке қойған ғой. Әлеу­мет­танушылардың зерттеуіне қа­­ра­ғанда ұлтымыздың жас ұла­ны­ның 80 пайызы жоғары білім алуға талпынады екен. Ендеше, біз сол жас­ты қарғадайынан өз елімізде бі­лім нәрімен сусын­датып, әлемде өтіп жатқан білім сайыстарына қатыстырып, бар­ған мемлекеттерінің озық үлгісін көрсетіп, жақсысынан нәр ал­ғызып қалыптастыра білсек, ұтылмасымыз анық. Қазақтың талантты балалары қай кезде де топ жарып шыққан ғой. Кейде біз соларды дер кезінде танытып, насихаттай алмай жүрміз. Оларды кейінгі толқынға үлгі етіп көрсетсек, кейінгілер, дана Абай айтқандай, «болмаса да ұқсап бағуға» тырысары сөзсіз ғой. Бұрын жүзден жүйрік, мың­нан тұлпарларды тәуелсіз Қа­зақ елінің болашағы деп таныстыратынбыз. Олар «Дарын» ор­талығының мақтанышы саналатын. Мен әр басқосулар ке­зінде сондай дүлдүлдері өнеге тұтып қатыстыруды үрдіске ай­налдырғаным бар. Айталық, төрткіл дүниенің оқымыстыларын таңғалдырып, олимпиадаларда топ жарған Қуат Есенов, Әділ Жү­гірәлин, Тимур Жиентаев, Дәу­лет Асқаров ел мақтанышына ай­налған. Қазір олар өз Отанының абырой-беделін асыру үшін білім-біліктерімен үлес қосып келеді. Жақында, қысқы каникул кезінде 2-10 сынып оқушылары арасында «Қазақ Артегі» деп атала бастаған Бу­рабайдағы «Балдәурен» ке­ше­нінде шеберлік сыныбын өткіз­дік. Сол шеберлік сыныбына қатысқан Болгария Ғылым академиясының Математика және информатика институтының профессоры Албена Василева қатысып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бі­лім саласына жасап отырған қам­қор­лығына ризалығын білдірді. «Дүниежүзінің бірде-бір елінде дәл сіздердей білімге көңіл бөліп отырған жоқ. Мұндай жағдайда үш бірлік жұмыс жасауы керек. Ол университет оқушысы өзінің болашақ студентін мектептен таңдап алуды жолға қоюы тиіс. Екінші, мектеп оқушысы өзінің болашақта игеретін мамандығын ұстаздарымен кеңесе отырып айқындауы керек. Бұл жұмыста мұғалімнің атқарар рөлі ерекше. Ондай мұғалім бүкіл саналы өмірін оқушыға арнауы тиіс. Үшіншісі, ата-ана баласының келешегіне бір сәт те немқұрайдылықпен қа­­рауға құқығы жоқ. Қолыңнан бір шыққан құсты қайта ұстай ал­майсың. Бала да сол секілді» деген ойын ортаға салды. – Елбасының елге адал қыз­мет ету жөніндегі айтқанын орын­дап, жас ұрпаққа жанашыр бо­лып келесіз. Сіз баулып жүлде алған оқушылардың жоғары оқу орындарына қабылдану жа­ғы қалай? – Біз шетелдегі олимпиадаларға оқушыларды апарумен қатар, өз еліміздегі жақсы істерге де атсалысып келе жатырмыз. Соның бір дәлелі, «Интеллектуал-2050» халықаралық қоры әр жыл сайын тұңғыш Президент күні ме­рекесі аясында «Болашақ әлем металлургтері» математика пә­нінен 11 сынып оқушылары арасында, бір кездері Д.Қонаев, өз­ге де қазақтың айтулылары білім алған Мәскеу болат жә­не балқыту ұлттық ғылыми-зерт­теу технология университеті ға­лымдары дайындаған есептер негізінде олимпиада өткізуді жолға қойдық. Ол Оңтүстік Қа­зақстан облысындағы М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды ба­лаларға арналған №12 мектеп-интернатында өтіп келеді. Бұл білім сайысының мақсаты – ең­бек жолын металлургтан бас­таған Мемлекет басшысының өмірін өнеге ете отырып, еңбек пен білімді ұштастырсаң арман биігіне көтерілесің деген ұғымды ұлт ұрпағының санасына сіңіру. Енді сұраққа берер жауабым, біздің жүлдегерлерге өз Отанымыздың жоғары оқу орындары емес, Ре­сейдің ір­гелі білім мекемелері, яғни уни­верситеттері, нақтылай түссем, жаңа айтқан Мәскеу болат және балқыту университеті жоғары білім беруде. Грант иегерлері қатарында Ағзам Құдайберген – металлург мамандығын, Баянсұлу Оразбай – техника мен технология, Нұрқожа Әдиқан – энергетика, Темірлан Төлеубек – физика, Тимур Нарзуллаев – тау-кен ісінде жоғары білім алып жатыр. Бұлардан өзгелер де баршылық. Ал өз еліміздегі заңның талабына қарай, арнайы тізбеден өтпеген олимпиада жүлдегерлері ұлттық бірыңғай тестке кірмесе, жоғары оқу орындарына қабылдана қой­майды. Әрине, заңның талабын орындауға тиістіміз. Де­ген­мен, нағыз таланттарды өзге мемлекеттердің оқу орындары бі­ліміне қарап қабылдап жатқанда, біздің білім ордаларының заңдық күші бар құжатты сылтау етуі кейде көңілге қонбайтын секілді. Бұл арада жетпей жатқан бір-ақ мәселе бар. Ол мемлекетіміздегі ректорлардың ұлттық кадрларды даярлау ісіне көп мән бере бермейтіні. Болмаса, қазіргі оқу орны басшыларының қолында біраз мүмкіндік бар. Өздерінің гранттарын да тағайындай алады. Егер сондай ерлікке барып жатса, елдің болашағы саналатын жастарға жол ашар еді. Бір мысал келтіре кетейін, Вен­грияда біздегідей бірінші, екінші, үшінші орын ғана емес, білім сайысында онға дейін орын ал­ғандарды арнайы мамандардың әң­гімелесе отырып сынақ алу тә­сілімен қабылдайтын үлгісі бар. Біз кейде мемлекеттік грант­ты, заңның тармақтарын алға тар­тып, дарынды жасты шет­те­тіп келе жатқанымызды баса айт­қым келеді. Қалай десек те, ішкі есеппен емес, нағыз та­лант­тар тағдырын ҰБТ-ға тели бер­мей, жеңілдік жасауды қарас­тыруымыз керек секілді. Отандық және әлемдік білім сайыстарына қатысып, ақ адал қазылар баға­лаған дарынды жасты беттен қақ­пай жоғары оқу орындарына қабылдасақ, Елбасының Ұлт Жос­пары, «5 институттық реформа», «100 нақ­­ты қадам» мүлтіксіз орындалады. Оны атқаратын кадр десек, мықты маман талантты ұрпақтан шығады. Мен Президенттің осы ұлы идеясын жүзеге асыру ниетімен осындай жұмыстар ат­қарып келе жатырмын. Алдағы уақытта еліміздің абырой-бе­делін көтеретін ЭКСПО-2017 көр­­месіне патриот оқушыларды ұйымдастырып, олардың олимпиа­далар мен ғылыми жобалардағы жетістіктерін, өздері ойлап тапқан жаңалықтарды бір павильонға жинақтап, өздерін волонтёр ретінде қатыстыру ниетіндемін. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жобасында «Жасампаз қазақстандық патриотизм», «Мәңгілік Ел Патриоттық Актісі» туралы ерекше атап өт­кен идеясы негізінде жастарға патриоттық рух беру мақсатында «Ел­­жандылар академиясын» ұйым­­дастыру ниетін қолға алдым. Бұл мемлекетіміздегі мектептермен бірлесе отырып, оқушыларды бастауыш сыныптан баулып пат­риоттық сезімді бойларына сі­ңіріп, елі­не адал қызмет етуді көңіл­деріне ұялату болып табылады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • Кеше