Қазақстанның Машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев пен «ҚазАгромаш Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Дин Ким Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу саяси науқанына қатысты өз ойларымен бөлісті.
«Қазақстанның Машина жасаушылар одағы Елбасының Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы халыққа үндеуін толықтай қолдайды. Еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарын және еңбек ресурстарын өз құрамына біріктіре отырып, біз 5 институттық реформаны жүзеге асыруға жол ашатын Ұлт Жоспарындағы кешенді мақсат-міндеттерді де қолдаймыз», – деді өз сөзінде М.Пішембаев.
Оның айтуынша, 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі дағдарысқа қарсы бағдарламаны енгізу үшін оны тиісті заңнамамен қамтамасыз ету, ауқымды реформаларды жүзеге асыру сынды міндеттерді орындай білді. «Ал Парламент Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлау – сол реформаларды одан әрі жүзеге асыруға, сол арқылы дағдарысқа қарсы іс-шараларды тиімді орындауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы өзінің халыққа үндеуінде Парламент Мәжілісі депутаттарының және түрлі деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын өткізудің қандай қажеттіліктен туындап отырғанын жан-жақты түсіндіріп берді. Президент жаңа жағдайда, мәселен, шикізат бағасының күрт төмендеген кезінде өмір сүруді үйрену қажеттігін, соған қарамастан, шағын және орта бизнесті, елді индустриялық-инновациялық жағынан дамытуды жалғастыра беру керектігін айтты. Бүгінде елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер Елбасының осы шешімін қазақстандықтардың 90 пайызының қолдайтынын көрсетіп берді. Яғни, біз кәсіподақ ұйымдары, еңбек ұжымдары, сарапшылар, жастар ұйымдары, этно-мәдени бірлестіктер, қоғам қайраткерлері мен қоғамның басқа да салаларында жүрген азаматтар пікірлерінің бұл шешіммен үндесетініне көз жеткіздік. Біз жаһандық дағдарыстың салдарынан айналамызда, жалпы экономикада қандай қиын жағдай орын алып отырғанын білеміз. Ал бұл өткір, стандартқа бағынбайтын шешімдерді қажет етеді. Демек, биылғы жылы Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау «Нұрлы Жол» бағдарламасын, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын, 5 институттық реформаны жүзеге асыруға жол ашады деп ойлаймын», – деді М. Пішембаев.
Осылай деген ол, Қазақстан Машина жасаушылар одағы басқармасының Мемлекет басшысы белгілеп берген саяси бағдармен жүруге әзір екендігін, себебі, қазақстандықтардың бір мүддеге топтасуы қиын жағдайда мемлекеттілікті нығайтуға күш береді, деген ойымен бөлісті. Сондай-ақ, ол: «Әлемдегі дағдарыс машина жасау өнеркәсібіне де әсер етіп отырғаны анық. Алайда, Үкімет бұл салаға қолдау жасап, тиісті шараларды жүзеге асыруда. Менің ойымша, біздің өндірісіміз былтырғыдан төмен көрсеткіш көрсетпейді. Биыл теңгенің ресейлік рубльге шаққандағы бағамы бәсекелестік сауда жүргізу деңгейіне келіп қалды, яғни бізде шығарылған автомобильдер бәсекелестік тұрғыда Ресейдің автоөнеркәсібінен кем түсіп отырған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, былтырғы жағдай басқаша болған еді», – деді.
М.Пішембаевтың сөзіне қарағанда, елімізде шығарылған көліктерді көрші мемлекеттерге шығарып, саудалауға жақсы мүмкіндіктер туындап отыр. «Ең бастысы – кәсіпкерлер жаңа технологияларды енгізуді жалғастыруы тиіс. Өнім бағасы да бәсекелестік деңгейінде белгіленуі қажет. Жалпы, отандық машина жасау өндірісінде мамандарды қысқарту болмайды. Барлық зауыттар өздерінің өндірісін сақтап, кәсіби мамандарды тұрақты жұмыс орындарында ұстап тұруы қажет. Өйткені, қазір оларды қысқартсақ, жағдай дұрысталғаннан кейін білікті мамандарды қайдан іздейміз? Ал, мамандарды даярлау – өте күрделі мәселе», – деді ол.
Ал «Агромаш Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Дин Ким дүниежүзін жайлаған қаржылық дағдарыстың, экономикалық қиындықтың күн өткен сайын белең ала түскенін айта келе, жаһандық және әлемдік экономиканың бір бөлшегі ретінде Қазақстанға да мұндай сыртқы факторлар ықпал ететінін жеткізді. «Доллар бағамының өсуі, энергия тасымалдаушы өнімдер бағасының төмендеуі секілді жәйттерді мысалға келтіруге болады. Бұлар, сөзсіз, біздің іс-қимылымызға, Қазақстанның нарығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Десек те, Президенттің ел тәуелсіздігін алған жылдардан бергі жүргізген саясаты негізінде біз өзіміздің өндірісімізді өркендетіп, дамытуға мүмкіндік алып, мойнымызға жүктелген барлық әлеуметтік жауапкершілікті толықтай сезініп отырмыз. Сондықтан, Елбасының 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін тарату жөніндегі Жарлыққа қол қоюы – салмақты ойдан және алысты болжағаннан туған шешім. Сайлау әр кезде де халықты жұмылдырушы сипатқа ие болған. Бұл Парламентке де жалпыұлттық сенімді қалыптастыруға, жаһандық сын сағаттардан сүрінбей өту жолында тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бүгінде әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде елді ілгерілеуге бастайтын біршама мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Демек, бізге өзіміздің ойымызға алған жұмыстарды жүзеге асыруға ештеңе кедергі келтірмеуі керек», – деді ол.
Сонымен қатар, Дин Ким мемлекет тарапынан қабылданған кез келген шешім Қазақстан экономикасына оң ықпал ету үшін жұмыс істейтінін жеткізді. «Әрине, дағдарыс кезінде халықтың бір мүдде жолында топтасуы – заңдылық. Мұндай кезеңде біздің көпэтносты мемлекетіміз ұлтжандылықтың жоғары үлгісін көрсетуі керек», – деді «ҚазАгромаш Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».